«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАЙҒАЗЫНЫҢ НЕМЕРЕЛЕРІНЕ” Талдықорған алаңы үлкен сынақ болды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Республикалық “Спорт” газетінің бастама көтеруінің арқасында осыдан он жылдай бұрын шағын футболдан “Бір атаның балалары” деп аталатын отбасылық жарыс жалау көтеріп еді.
Осы орайда мен өзімнің әріптесім, республикалық “Алаш айнасы” газетінің Петропавлдағы меншікті тілшісі Ербақыт Амантайдың өзі және інілері “Байғазының немерелері” атты команда құрып, өткен жылы Астанада аталған жарысқа қатысып қайтқанын білетінмін. Ал биыл олар Талдықорған қаласындағы турнирге аттанып еді.

– “Спорт” газетінің осы бастамасы маған ой салды. Бала кезімнен футбол десе, ішкен асымды жерге қоятын әдетім бар. Мектепте жақсы ойнап, мұғалімдерім және достарым риза болатын. Футболға інілерімді де тартып, аула, көше болып доп қуатынбыз. Осы ықыласыма “Спорт” газетінің бастамасы қанат бере түсті, – деді ол. – Және де футбол ойыны менің, сондай-ақ бауырларымның саламатты өмір салтын ұстануымызға септігін тигізуде. Үнемі спортпен шұғылданудың арқасында қимылымыз ширақ, бойымыз сергек.

– Ербақыт Амантайұлы, футбол жер-жаһанда ең кең тараған, жанкүйерлері көп ойын ғой. Соған орай онымен кәрі де, жас та шұғылданады. Осы жарыс соған жол ашатын шығар?

– Нақ солай. Бұқара-көпшіліктің арасында футболды шебер ойнайтын адамдар баршылық. Бірақ олар кәсіпқой емес, футбол командаларында ойнамайды. Десе де, шағын алаңда доп тебе алады. Мысалы, өткен жылы Астанадағы жарыстың жеңімпазы болған команданың капитаны алпыс үш жастағы ардагер екен. Қақпашы. Қимылына қарасаң, жас жігітке бергісіз. Сол ақсақалдың шебер ойынының арқасында бұл отбасы бас жүлдені еншіледі деп ойлаймын.

– Соған қарағанда, жарысқа қатысушылардың жасына шек қойылмайды екен-ау?

– Шек қойылмайды. Жарыстың шартында солай жазылған. Тек отбасы құрамындағы адамдардың тектерінде ауытқу болмауға тиіс. Бұл жағы әркімнің төлқұжатына сәйкес тексеріледі. Атасы, баласы, немересі, шөбересі қатыса алады. Жиендер енгізілмейді. Өйткені, олар басқа атаның балалары саналады. Құрамға қыз баланы да қосуға рұқсат етіледі.

Команда құрамында міндетті түрде бес адам алаңға шыға алады. Біреуі қақпада тұруы керек. Қалғандары қорғаныста және шабуылда ойнай алады.

– Жарысқа қатысу үшін қандай шарт қойылады?

– Ол үшін “Спорт” газетінің бес данасын бір жылға жаздырып алу керек. Жарысқа қатысарда осы туралы түбіртекті көрсетіп, рұқсат алуға болады.

– Былтырғы ойынның нәтижесі қалай болды?

– Біраз отбасылар жиналды. Ойындар тартымды өтті. Біз төртінші-алтыншы орындарды бөлістік.

– Төрешілерге ризасыздар ма? Бұра тарту болған жоқ па?

– Ондайды байқамадық. “Спорт” газетінің редакциясы оны мұқият қадағалайтыны көңілден шықты. Жалпы, ұйымдастыру комитеті мұны жақсы ескерген екен.

– Биыл Талдықорғанға аттанғанда командаңызда кімдер болды?

– Байғазы әулетінен тараған туыстар осы команданың құрамына кірді. Үлкені – менмін. Айбақыт және Есенбол деген екі інім – Көкшетаудан. Екеуі де инженер мамандығы бойынша еңбек етеді. Дәурен деген інім – мемлекеттік қызметші, Павлодар қаласында тұрады. Нұрбақыт – Астанадан. Ол – құрылысшы. Қарағандыдан Еркебұлан деген студент інім қатысты. Ең кенжеміз – Тайынша қаласында мектепте оқитын он екі жасар Самат.

– Жеті адам екенсіздер. Бәріңіз бір мезетте ойнай алмайтындарыңыз түсінікті. Алмасып ойнаған шығарсыздар?

– Әрине, бұл жайын күні бұрын ақылдасып, келісіп алғанбыз. Егер алаңға міндетті түрде жеткіншек шығуға тиіс деген шарт қойылса, Саматты ойынға қосатын болғанбыз.

– Алға қандай мақсат қойып едіңіздер?

– Күні бұрын болжамайды ғой. Бірақ жеңіске деген жігермен аттандық. Ең шалғайы біздің қала ғой. Басымыз қосыла сала, ойнау амалдарын пысықтадық. Бірақ салған жерден тіл табысып кету оңай болған жоқ.

– Сонымен, жарыс қай күні жалау көтерді?

– Қарашаның жиырма екісі күні басталып, жиырма төртінде тамамдалды.

– Ойындарға көңілдеріңіз толды ма? Жеңіске жете алдыңыздар ма?

– Ақталып, сылтау іздеп жатпаймын. Қарсыластардың осалы жоқ. Оның үстіне бізбен кәсіпқой командаларда ойнайтын футболшылар да жарысқа қатысты. Мысалы, ел құрамасында да ойнаған Жамбыл Көкеев пен Жігер және басқа бауырлары бар.

– Сіздер айтарлықтай нәтиже көрсете алдыңыздар ма?

– Топтан екінші орынмен шықтық. Алайда, жолымызды осы Көкеевтер бөгеп, олар жартылай финалға да шықты, турнирдің жеңімпазы да болды.

– Қазақ “Жығылсаң, нардан жығыл!” деуші еді ғой.

– Көңілде кірбің жоқ. Үйреніп, машықтанып оралдық деуіме болады. Бір “әттегенайы” даярлығымыз аздау болды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ, “Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: Е. Амантай.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp