«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛ ЖЕМІСІ ҚУАНТАДЫ: 5 миллион тоннадан астам астық алынды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында ауыл шаруашылығы жылын қорытындылауға арналған салтанатты жиналыс болып өтті. Оған Қызылжар өңірінде жұмыс бабымен жүрген ҚР Парламентінің және жергілікті мәслихаттың депутаттары, барлық деңгейдегі әкімдер, олардың орынбасарлары, ведомстволар мен ұйымдардың басшылары, ауыл шаруашылығы қызметкерлері, еңбек озаттары мен қала жұртшылығы қатысты.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

– Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы маңызды нәтижелерге қол жеткізді: ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру өсуде, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

Елбасы жылдағы дәстүр бойынша биылғы орақ науқаны кезінде де өңірімізде болып: “Сіздер – әлемдегі ең үздік диқандарсыздар!” – деп ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің толайым еңбегіне жоғары баға берді. Бұл сөз өңірдің дамуына Сіздердің қосып отырған үлестеріңіздің зор екендігін тағы да дәлелдей түседі. Бүгін осы шыққан биігімізді нығайта түсіп, мемлекет пен бизнестің күш-жігерін агроөнеркәсіп кешенін сапалық жағынан жаңғыртуға, оны ұлттық экономиканың жоғары технологиялық, бәсекеге қабілетті саласына айналдыруға бағыттауға тиіспіз, – дей келіп, Самат Сапарбекұлы қол жеткізген табыстардың кездейсоқ еместігіне тоқталды. Биылғы жыл, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, дәнді-бұршақты және майлы дақылдар алқабын толық жинаумен аяқталып отыр. Дәнді дақылдардың әр гектарынан 14,6 центнерден өнім алынып, 5 млн. тоннадан астам сапалы астық жиналды, бұл республика бойынша өндірілген өнімнің 25 пайызын құрайды. Осынау мол өнімге Ғ.Мүсірепов атындағы аудан – 1 млн., Тайынша ауданы – 732 мың, М.Жұмабаев ауданы 658 мың тоннадан астам сапалы астықпен үлес қосты. Агроқұрылымдар арасында Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның “Тұқым” ЖШС (басшысы Талғат Ақаев) гектар берекелілігін – 28, М.Жұмабаев ауданындағы “Ноғайбай” ЖШС (басшысы Алтынбек Сапаров) – 27,6, “ЖНВ” ЖШС (басқарушысы Максим Жигалов) – 26,1, Аққайың ауданындағы “Дайындық” ЖШС (басшысы Біржан Шаймерденов) – 25, “Иван Зенченко” ЖШС (басқарушысы Геннадий Зенченко) – 24, Қызылжар ауданындағы “Зенченко және К” КС (басқарушысы Геннадий Зенченко) – 22, Есіл ауданындағы “Агрохимснаб” ЖШС (басқарушысы Василий Шкодин) – 21,5, Тайынша ауданындағы “Астық СТЕМ” ЖШС (басқарушысы Сергей Звольский) – 21,3 центнерге жеткізіп, мол астық алған диқандардың көшін бастады.

Жыл қорытындысы ірі және орта агроқұрылымдардың басымдыққа ие екендігін тағы да дәлелдеп берді. Агроөнеркәсіп кешендері мен ауылдардағы әлеуметтік салалардың қазіргі жағдайын “Қазэкспортастық”, “Әліби”, “Атамекен Агро”, “Тұқым” ЖШС-лері сияқты астық компанияларының жауапкершілігі анықтайды. Биылғы жылдың нәтижесі ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуде ең аз және нөлдік технологиялардың, топырақ қорғау әдістерінің артықшылығын көрсетті. Қар тоқтату дер кезінде және сапалы жүргізілген, жаңа технологиялар қолданылған жерлерден мол өнім алынды. Облыс бойынша тұтастай алғанда топырақтың құнарлылығын көтеру үшін 38 мың тонна минералдық тыңайтқыш сіңірілді. Осының бәріне мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткізілді.

Жыл басынан бері жалпы сомасы 15,9 млрд. теңгеге 985 техника сатып алынды. Соның арқасында егістік алқаптың 70 пайыздан астамы заманауи техникалармен егіліп, жиналып алынды.

Ауыл шаруашылығы малдарының басы да, олардан алынатын өнім де өсіп келеді. “Зенченко және К” КС мен “Тайынша-Астық” ЖШС облыс тарихында бірінші рет әр сиырдан сауылатын сүтті 8 мың килограмға дейін жеткізді. “Артари” ЖШС-нің шошқа кешені әр мегежіннен 12 торайдан алып, тәуліктік салмақ қосуын 800 грамнан айналдырды. Жаңадан құрылған “НұрСенАгро”, “Петерфельд-Агро”, “СБИ-Агро-Ташкентка” ЖШС-леріндегі мал фермалары сүт өндіру қарқынын еселей түсуде. “Якорь СК” ЖШС мен “Леонов” ШҚ-ның мал фермаларында қайта жаңғырту жүргізілгеннен кейін еңбек өнімділігі екі есе артты. “Алекри”, “Бескөл құс фабрикасы”, “Атай СК” ЖШС-лерінің құс фабрикаларын жаңғырту арқасында жұмыртқа өндіру едәуір өсті.

Мал шаруашылығын дамытуда етті мал шаруашылығын дамыту ерекше орын алады. “Мәмбетов және К” КС-індегі ангус тұқымды импорттық ірі қара мал төлдері бір жарым килоға дейін тәуліктік салмақ қосуда.

Диқандар, малшылар, механизаторлар мен аграрлық саланың басқа мамандарының қажырлы еңбегі ертеңгі күнге деген сенімді арттыра түседі, біздің облысымыздың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Самат Ескендіров салтанатты жиында аграрлық сала ардагерлерінің есімдерін ерекше атап, олардың бір тобына ақшалай сыйлық табыс етті.

Орақ науқаны қарсаңында жас механизаторлар арасында “Жылдың үздік механизаторы” байқауы ұйымдастырылған болатын. Жыл қорытындысы бойынша Уәлиханов ауданындағы “Қызылту-Нан” агро-фирмасының механизаторы Жақсылық Мұсайбеков жеңімпаз деп танылды, ал Аққайың ауданындағы “Алпысов-Агро” ЖШС-нің механизаторы Евгений Пак – екінші, Жамбыл ауданындағы “Шатило және К” ЖШС-нің механизаторы Вячеслав Дудин үшінші орынды еншіледі. Жеңімпаздарға облыс әкімі тиісті дәрежелі дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Бұл күні бір топ озаттар облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.

Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен еңбек озаттары “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.

Салтанатты жиынға қатысушыларды ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сергей Кулагин, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның “Ақселеу” ЖШС-нің директоры Серік Малаев, Есіл ауданындағы “Агрохимснаб” ЖШС-нің директоры Василий Шкодин құттықтады.

Жыл қорытындысына арналған салтанат өнер шеберлерінің концертімен түйінделді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp