«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛЫМЫЗДЫҢ АРДАҚТЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әрбір елді мекеннің беделді де тәжірибелі, жастарға үлгі-өнеге көрсететін, жүрегі таза адамдары болатыны сөзсіз. Осындай құрметке ие болған ел ағасы біздің ауылымызда да бар екенін мақтаныш етеміз. Бұл азамат – қадірменді ардагер ұстаз Көкенай Рамазанов. 

Көкенай Рамазанов – Ақжар ауданындағы Ұялы ауылдық округіне қарасты Жарқын ауылында атақты жерлесіміз, қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың кіндік қаны тамған жерде дүниеге келді. Еңбек жолын тракторшы, көлік жүргізуші, машина жөндеуші болып бастады.

1962 жылы Саға ауылындағы бастауыш мектепте орыс тілінен сабақ бере жүріп, Көкшетау қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы педагогикалық институттың физика және математика факультетіне сырттай оқуға түседі. 1966 жылы қазіргі С.Сәдуақасов атындағы Ұялы орта мектебіне математика пәнінің мұғалімі болып орналасады. Содан бергі уақытта туған ауылы үшін қызмет етуді азаматтық борышы деп білген Көкенай Рамазанұлының алдынан қаншама шәкірт өтті. Өз ісіне тиянақты, талапты да еңбекқор, білікті де адал ұстаз жас ұрпаққа үлгі болып, олардың білімін жетілдірді. Өскелең ұрпақтың физика және математика пәндерінің таңғажайып әлеміне жолын аша білген ұстаздың шәкірттері бүгіндері тәуелсіз Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Олардың ішінде дәрігер, құрылысшы, егінші, заңгер, оқытушылар да баршылық. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ұшқан ұяларына қайта оралып, жергілікті мектепте еңбек етіп жүрген шәкірттері де аз емес.  

Білім саласының ардагері қажымас қайрат танытып, ұстаздыққа өмірінің 40 жылын арнады. Жемісті еңбегі бағаланып, 1985 жылы “Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері” белгісін тақты.

Көкенай Рамазанұлы құрметті демалысқа шыққаннан кейін де алты жыл бойы туған мектебінде сабақ беріп, оқушыларды білім нәрімен сусындатты.

Ардақты ұстаз 29 жылын мектеп кітапханашысы ісіне арнаған зайыбы Бақытжан Омарқызымен бірге жеті бала тәрбиелеп, оларды отансүйгіш азаматтар етіп өсіріп, еліне адал қызмет етуге баули білді.

Қызығы мен қиындығы қатар жүретін шәкірт тәрбиесінде Көкенай Рамазанов тәрізді ұстаздар қатары көп болса, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеп, дамыған елдердің қатарынан орын алатынымызға күмән жоқ.

Қуанышбек АУҒАНОВ,

Ләззат ЖҰМАЖАНОВА,

С. Сәдуақасов атындағы Ұялы орта мектебінің мұғалімдері. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp