«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАЛАРДЫ ШАТТЫҚҚА БӨЛЕГЕН МЕРЕКЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Бөбек” қорының президенті Сара Назарбаеваның бастамасымен 2009 жылдан бері жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға білім беру ұйымдарында “Ризашылық” – “Мейірімділік балалар игілігі үшін!” атты қайырымдылық мерекесін өткізу дәстүрге айналған. Қарашаның 28-і күні дәстүрлі мереке облысымыздағы осы санаттағы 13 мекемеде өтті.

Жас ерекшеліктері әртүрлі топтардағы жәудір көз балғындардың қоршаған ортамен үйлесімді дамуына, рухани-адамгершілік тұрғыдан толығуына, шығармашылықтарын дамытуға және денсаулықтарын нығайтуға жан-жақты жағдай туғызу – шараның басты міндеті. Осы мақсатты көздеген шараларға мемлекеттік органдардың өкілдері мен демеушілер, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған мекемелердің педагогтері мен бұрынғы тәрбиеленушілері де қатысты. Бұл шаралар таңертеңнен кешке дейін созылды.

Петропавл қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушілері ойын бөлмесін, асхананы, мереке өтетін залды алдын ала түрлі түсті шарлармен безендіріп, тілектер жазылған қабырға газеттерін шығарыпты.

Орталық директоры Орман Басыбаев балаларды қайырымдылық мерекесімен құттықтады және қиын жағдайда қалған балаларға көмек қолын созған демеушілерге алғысын жеткізді. Ол, әсіресе, орталық құрылғаннан бері демеушілік көрсетіп келе жатқан “Левин” ЖК, “Қазмұнайгаз өнімдері”, “Теле-2”, “Улыбка” балалардың қайырымдылық қоры сияқты қамқоршыларына ризашылығын білдірді. Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің студенттері мен №21 орта мектептің еріктілері мерекелік концерт қойып, кішкентай бүлдіршіндерден бастап, ересек балаларға дейін қызыға қатысқан түрлі ойындар ұйымдастырды. Мерекелік шарада бейжай қалған жан болған жоқ. Келген қонақтар да балалармен бірге ән салып, би биледі.

Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатта да бұл күн ерекше атап өтілді. Бұл мекемеде де әдеттегідей қонақтар мен демеушілер көп болды. Балалар мекемесіне демеушілер тарапынан жасалған сыйлықтар да қомақты. Олардың ішінде “Тапаш-мебель” ЖК, “Зенченко және К” КС, “ПЛВЗ” ЖШС, “Дария” базары, “Диқаншы” ЖШС, “NK CARGO” ЖШС, тағы басқа да кәсіпорындардың ақшалай-заттай жасаған сыйлықтары – балалардың күнделікті қолданысына қажетті таптырмайтын заттар.

Мекеме басшысы Ризабек Кәкпенов облыстық және республикалық конкурстар мен жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген тәрбиеленушілерге мақтау қағаздары мен дипломдар табыстады.

Дәстүр бойынша Балалар үйлері мен мектеп-интернаттар тәрбиеленушілеріне еліміздің бірінші ханымының атынан салтанатты түрде сыйлықтар таратылды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp