«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДЕПУТАТ ТӘРБИЕ МӘСЕЛЕСІНЕ ДЕН ҚОЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық С. Мұқанов атындағы кітапханада ҚР Парламенті Сенатының депутаты Анатолий Башмаков “Студенттер альянсы” жастар қоғамдық бірлестігі мен “Жас Отан” жастар қанатының өкілдерімен кездесті. Кездесуге сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, студенттер қатысты. Халық қалаулысымен болған кездесуде ХV съезде қабылданған “Нұр Отанның” жаңа Саяси доктринасы, оның құндылығы және жастар тәрбиесі жайында әңгіме өрбіді.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Егемен елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына қосу үшін бүгінде алдымызда асқақ та ұлы мақсат тұр. Оған қол жеткізу үшін жұмыла жұмыс істеу керек. Бұл ретте, әрине, жастардың алар орны ерекше. Парламент депутатының аталмыш кездесуге арнайы келіп отырғанының да басты сыры осында.

– Мен жұмыс сапарыммен Қызылжар өңірінде болған сайын жастармен кездесу өткізіп тұрамын. Себебі, жастар – ел болашағы. Бүгінгі таңда жастар үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Сондықтан да мүмкіндікті мүлт жібермей, оқып, еңбек етіп, еліміздің көркеюіне қолдан келгенше атсалысуларыңыз қажет. Елбасының сындарлы саясаты арқасында жақында тағы бір маңызды құжат – Саяси доктрина қабылданды. Елбасы болашаққа деген бағыт-бағдарды айқындай отыра, Отан отбасыдағы өнегелі тәрбиеден бастау алады деп атап көрсетті. Осыған сүйене келе, бүгінгі кездесуімізді тәрбие төңірегінде өрбіткенді жөн санап отырмын. Жастарымыз жамандықтан бойларын аулақ ұстап, әрдайым жақсылықтың жолында жүруі керек. Адал еңбек арқылы ғана бақытқа қол жеткізуге болады. Бүгінгі таңда елімізде отбасының тұрмысын жақсарту үшін ауқымды жұмыстар атқарылды. Жаңа кәсіпорындар, жолдар салынды, жаңа жұмыс орындары пайда болды, балабақшалар мен мектептер, ауруханалар жұмыс істеп тұр. Жаңа университеттер, кітапханалар, театрлар, концерт залдары ашылып, халқымыздың рухы қайта өрледі. Мұның барлығы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тың идеяларының арқасында жүзеге асып отыр. Әрдайым халқының жағдайын бірінші кезекке қоя білетін Елбасының еңбегін ел болып, елеусіз қалдырмадық. Осы ретте биыл екінші жыл қатарынан Қазақстан Республикасының Президенті күнін атап өттік. Бұл халқымыздың Елбасыға көрсетіп отырған қошеметі, алғысы деп түсінемін. Сіздер барлығыңыз Қасым Жүнісов, Самат Ескендіров, Василий Чепухин сияқты азаматтарды жақсы білесіздер. Міне, тәрбие төңірегінде сөз қозғар болсақ, осындай өнегелі отбасыларды атап айтуға болады. Аталмыш отбасыларда ата-аналары қажырлы еңбектері арқасында өздері ғана емес, балаларын да еңбекке баулып, облыстың дамуына сүбелі үлес қосып отыр. Міне, жас буын осындай өнегелі отбасылардан үлгі алулары керек, – деді Анатолий Башмаков.  

Халық қалаулысы өз сөзінде еліміздегі ұлттар достығы, салт-дәстүр құндылығы, мәдениеттің өркендеуі, экономикамыздың дамуы сияқты негізгі тақырыптарды әңгімесіне арқау ете отыра, мұның барлығы тәрбиемен ұштасып жатқандығын қадап айтты. Парламент депутаты шетелде белең алып бара жатқан бір жынысты неке жайында да сөз қозғады.

– “Естімеген елде көп” дегендей, қазір бір жынысты неке жайында да көп айтылып, жазылып жүр. Жақында Қарағанды қаласында осындай бір келеңсіз оқиға орын алғандығы да белгілі болды. Бұл – түбі жақсылыққа апармайтын жаман жол. Сондықтан да қоғам болып оның түбіне балта шабу керек. Жастарды жақсы тәрбиелеу үшін баршамыз бірлесіп, жұмыла жұмыс істегеніміз дұрыс болады. Сол кезде ғана жамандықтың алдын алып, отбасы, ата-ананың мәртебесін асырамыз, – деді ол.

Сұрақ-жауап түрінде өткен кездесу соңында жиналғандар өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді. Атап айтар болсақ, көпбалалы аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақы, мұғалімдер, дәрігерлердің еңбекақысын, қарттардың зейнетақысын көтеру, облысымызда жастарға арналған газет-журналдар санын көбейту, қолжетімді баспана мәселесі тілге тиек етілді. Барлық проблеманы мұқият тыңдаған халық қалаулысы өз кезегінде қолдан келгенше көмек көрсететіндігін айта отыра, әр мәселе өз кезегімен уақыты келгенде шешімін табатындығын жеткізді. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp