«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕМДЕЛУШІЛЕРДІҢ ДЕ ҮЗДІГІ БОЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы №3 емханада Тұңғыш Президент күніне орай республикалық “Үздік пациент” конкурсының қорытындысы жария етіліп, жеңімпаз пациенттер мен олардың дәрігерлері марапатталды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Шараға жиналған пациенттерді, емхана қызметкерлерін мекеменің бас дәрігері Әлия Ташетова құттықтады.

– 2010 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің өңірге жұмыс сапарымен келген кезде біздің емханаға да ат басын бұрып, тұрғындардың денсаулығын сақтау үшін бар біліміміз бен тәжірибемізді жұмсауымызды тапсырған еді және қызметке қажетті үш автокөліктің кілтін табыстаған болатын. Бүгінде 65 мың тұрғынға (соның ішінде 15 мыңы – балалар) қызмет көрсететін емхана жаңа үлгідегі технологиялармен жабдықталған және республика бойынша 50 үздік емхананың қатарындамыз, – деді Әлия Жақсылыққызы.

Үш жыл ішінде емхана 23 жас маманмен толыққан. Мекемеге уролог, травматолог, окулист дәрігерлер келген, алдағы уақытта да окулист, эндокринолог, лор және балалар кардиологі келеді деп күтілуде. Емхана дәрігерлерінің әрқайсысының жұмыс істейтін жеке компьютерлері бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының арқасында медициналық қызметкерлердің науқастарға сапалы, қолжетімді қызмет көрсетуіне барлық жағдай жасалған. Науқастардан емхана дәрігерлерінің атына алғыс хаттар да түсіп тұрады. Владимир Пащенко деген емделуші  терапевт-дәрігер Самал Жиенбаеваға алғыс хат жолдаған. Нәтижесінде терапевт-дәрігерге алғыс жарияланып, еңбекақысының жартысы көлемінде сыйақы берілген.

Республикалық “Үздік пациент” конкурсы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” бағдарламалық мақаласында айқындаған міндеттерін жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған. Конкурстың мақсаты пациенттерді өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дәрігермен ынтымақтаса отырып, ауру белгілерінің алдын алуға және дәрігерлік препараттарды қабылдау кезіндегі сауаттылықтарын арттыруға бағытталған.

Конкурс 3 кезеңнен тұрған. Бірінші кезеңде учаскелік дәрігер №30/у формасындағы “Науқастың диспансерлік картасы” және №025/у “Науқастың амбулаторлық картасы” арқылы дәрігердің нұсқауын уақтылы орындағандар арасынан үздік пациентті таңдаған. Онда науқастың тексеріске үзбей келуі, препараттарды қабылдауы, зертханалық тексерістерден өтуі, диета мен тамақтану режимін сақтауы, қан құрамындағы қанттың төмендеуі сияқты бірнеше өлшемдер бойынша іріктелген. Ол үшін арнайы комиссия құрылған.

Шара барысында дәрігерлердің нұсқауларын дұрыс орындап, денсаулықтарында оң нәтижеге жеткен 3 пациент: Николай Белозеров, Елена Разова, Мария Зубкова мен олардың емдеуші дәрігерлері: эндокринолог Рауза Дүйсенова мен невропатолог Михаил Алексеенко марапатталды. Емделушілерге – бағалы сыйлықтар, дәрігерлерге сыйақы тапсырылды.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp