«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСОТАНДЫҚТАРДЫҢ ҚАРТТАРҒА ҚОЛҒАБЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылы “Ардагерлерді ардақтайық!” атты жастар акциясы аясында облыс орталығының жастары көмекке мұқтаж жалғызілікті қарттарға көмек қолын созып, қарттардың алғысын алуда. Игі бастамаға М.Қозыбаев атындағы СҚМУ мен қала колледждерінің студент жастары бір кісідей атсалысты. 

Ілияс БАЙЖАНОВ,

“Жас Отан” жастар қанатының атқарушы хатшысы.

Ең алдымен әлеуметтік қамсыздандыру органы мен ардагерлер ұйымдары арқылы кімге көмек қажет екенін анықтаған соң, қарттардың үйлеріне барып, көмек беруді қолға алдық. Сондай-ақ БАҚ арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттар біз туралы хабардар болған соң телефон арқылы хабарласып, өтініш білдіруде. Акция барысында жекеменшік үйлердің аулаларын тазалап, көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын жандарға азық-түлігін жеткізіп беруді қолға алдық.

Ежелден қарттарын сыйлаған елдің өскелең ұрпағы болғандықтан, бұл ретте ата салтынан жаңылған жоқпыз. Жастар Петропавл қаласының тұрғыны, жалғызбасты қарт Зоя Семонинаның үйіне барып, амандығын, хал-жағдайын білген соң жұмысқа кірісіп кетті. Даша есімді белсенді бойжеткен қарияның үйін тазалап, терезелерін сүртсе, ер балалар есік алдындағы отынды жарып, ауладағы қоқыстарын сыртқа шығарып берді. Өздерінің тәрбиелі екенін көрсете білген жастар қарттардың шексіз алғыстарына ие болды.

Ең бастысы, бұл іс-шарамыз тек бірреттік бастама емес. Акция мақсатты, тұрақты, болашақта да жалғасын таппақ. Жастардың басты міндеттерінің бірі – осындай нақты жұмыстармен қоғамға, мемлекетімізге, жеке адамдарға көмек көрсету. Бұл – біздің міндетіміз, парызымыз деп ойлаймын.

Ал қариялар болса жастардың еңбегіне дән риза болып, мұндай шара дәстүрлі түрде ұйымдастырылса деген тілегін білдірді.

Бұған дейін жасотандықтар облыс орталығының Котовский көшесіндегі №15 үйде тұратын 86 жастағы Александра Бахмацкаяға, екінші топ Маяковский көшесі, №47 мекенжайы бойынша тұрып жатқан ҰОС-ның ардагері Федор Брахицинге үй шаруасында көмек қолын созған еді.

Міне, осылайша өскелең ұрпақ өкілдері ардақты ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың ақ алғысы мен батасын алып, игі іске бастамашы болып отыр.

Петропавл қаласы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp