Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің 5 жылдығына орай және халық арасында жастар саясатын кеңінен насихаттау мен жас журналистердің кадрлық әлеуетін дамыту мақсатында Астана қаласында “Жас медиа” республикалық жастар медиа форумы болып өтті.
Айгүл ТӘШЕТОВА,
форум делегаты.
Шараға жас журналистер, блогерлер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтсақ, 12 өңірден келген тілшілер мемлекетіміздегі жастар саясатының жүзеге асу барысын талқылап, өзара пікір алмастық. Ал Қазақстанда тревел-журналистиканы жаңғырту бойынша дайындалған жобаны жүзеге асыру талқыға түскен мәселелердің ішіндегі ең қызықтысы әрі тартымдысы болды. Өйткені, жоба сәтті жүзеге асатын болса, алдағы уақытта еліміз туристер үшін сүйікті демалыс орнына айналуы әбден мүмкін.
Сондай-ақ бұл жиынға кәсіби мамандар да тартылды. Олар журналистика әлеміне енді ғана аяқ басқан қаламгерлерге жастар саясаты туралы дәріс оқып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Пленарлық отырыстан басталған алқалы жиын әртүрлі бағыттар бойынша ұйымдастырылған шеберлік-сыныптармен жалғасты. Атап айтсақ, “Жастарға арналған блогерлік”, “PR және әлеуметтік желілер”, “Мемлекеттік жастар саясаты саласында ақпарат алмасу” тақырыбындағы шеберлік-сыныптар тәжірибелі мамандардың қатысуымен ауқымды отырысқа айналды. Сонымен қатар, еліміздегі жастар саясатының жүзеге асырылуын белсенді жариялап жүрген жас журналистерді, блогерлерді және азаматтық сектор өкілдерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған журналистика саласындағы республикалық “Рахмет” сыйақысы мен “Сенің көзқарасың” байқауының жеңімпаздары анықталды. Кейін “Қазмедиа” орталығына шағын экскурсия ұйымдастырылып, сүйікті бағдарламаларымыз бен жаңалықтар жасалатын студияларда болу мүмкіндігіне ие болдық.
Тайынша қаласы.