Солтүстікқазақстандық гір көтерушілер Түмен қаласында өткен әлем біріншілігінен олжалы оралды. Әлемнің 22 елінен келген 250 спортшымен сайысқан жерлес құраманың қоржынында түрлі дәрежедегі 13 медаль бар.
Өңір құрамасы Ресей мен Украинаның құрамаларынан сәл артта қалып, жалпыкомандалық үшінші орынға табан тіреді.
Жекелей есепке келер болсақ, 85 кг. салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Александр Марчук алтын медальға қол жеткізіп, чемпиондық тұғырға көтерілді. Ал Александр Лузан, Павел Керекеша, Елена Костенко, Радик Арсланов, Виталий Диденко және Владислав Третьяков күміс медаль еншіледі. Бәсі биік сайыста қолаға қол жеткізгендердің қатарынан Ерлан Жантасов, Михаил Вологодский, Мария Наумова, Михаил Косинов, Сергей Басов және Сергей Гутевич көріне білді.
Жекелей және командалық нәтижелерден бөлек, разрядтар мен дәрежелер де сарапқа салынған додада солтүстікқазақстандық Елена Костенко халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындаса, ал гір тасын 174 рет көтерген Владислав Третьяков әлем рекордын жаңартты.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.