Жыл басынан бері облыста 617 өрт болып, одан 317 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 46 адам қайғылы қазаға ұшырады, оның 8-і – бала. 48 адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды.
Петропавл қаласындағы Индустриальный қысқа көшесінде түн ортасында жүк автомобильдеріне арналған гаражда өрт шықты. Иесінің рұқсат етуімен гараж белгілі тұрағы жоқ 66 жасар ер адамның уақытша тұрағына айналған көрінеді. Өрт салдарынан ол 1-2 дәрежелі күйікпен ауруханаға түсті. От гараждың 100 шаршы метр жабындысын жалмады, жалпы алаңы 160 шаршы метр аумақты шарпыды. Тергеушілердің болжамы бойынша ТЖ-ға абайламай темекі шегу себеп болған.
Облыс орталығындағы Н.Болатбаев көшесінде орналасқан 9 қабатты үйдің 53 жастағы тұрғыны төсекте жатып, темекі тартудан зардап шекті. Төтенше жағдай орын алған кезде оның әйелі үйде болмаған. Үй иесінің жататын төсегі өртеніп, 3-дәрежелі күйікпен ауруханаға жөнелтілді. Олар өртсөндірушілерді шақырмай, отты өз күштерімен бұғалықтапты.
Интернационал көшесіндегі петропавлдық та, көршілерінің айтуы бойынша, төсекте жатып, темекі шегуді әдетке айналдырған. Ол 88 жастағы кейуананың немересі бола тұра, еш жерде жұмыс істемеген. Оқиғадан бір күн бұрын өртенген матрас көршілердің көмегімен сөндірілген екен. Келесі күні тілсіз жау кәрі әйелдің үйіндегі мүліктерді, киім-кешектерді жойып жіберді. Төрт қабатты үйдің кіреберісіндегі түтіннің қою болғандығы соншалық – 2 адамды оттан құтқарып, 25 тұрғынды қауіпсіз жерге көшіруге тура келді.
1-ші Кірпіш көшесіндегі және Есіл ауданының Чириковка ауылындағы қора-қопсылардың өртенуіне де абайсыз тастай салған темекі “кінәлі” болып отыр.
Аққайың ауданындағы Қиялы ауылында, алдын ала жасалған болжам бойынша, отты абайламай пайдалану 20 тонна шөптің бір сәтте жанып кетуіне әкеліп соқтырды.
Смирново ауылында аулада тұрған “Audi-А6” таң ата отқа оранған. Белгісіз қаскөйлер үй иелері шыға алмас үшін есіктің тұтқасын сыммен байлап тастаған. Сөйтіп машинаның есігін бұзып ашып, ішіне от қойған.
Петропавлдағы Тоқсан би көшесінде түн ортасында “Toyota-Camry” автомобилі де оттан осындай дәрежеде зардап шекті. Өрттің шығу себебі анықталу үстінде.
23 қараша күні 19 сағат 57 минутта Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Чистополье ауылында “Атамекен-Агро-Целинный” ЖШС-нің “Кимбрия” астық кептіру кешенінен өрт шықты. От астық кептіру қондырғысын, 15 тонна күнбағыс тұқымын жойып жіберді. Астық кептіру-тазалау кешені мен 200 тонна күнбағыс тұқымы өртсөндірушілердің көмегімен аман қалды.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.