«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛА МАҢЫНДАҒЫ АУДАНДА ауызсу мен дәрігерлер тапшы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен жұма күні облыстық телеарнадағы брифингте Қызылжар ауданының экономикалық-әлеуметтік дамуы сөз болды. Аудан әкімі Еркебұлан Кәменов журналистердің шешімін таппай отырған мәселелер жөніндегі сауалдарына жауап берді.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әдеттегідей алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі жұмыс нәтижесі баяндалды. Қызылжарлықтар биылғы жылды табыспен аяқтағалы отыр. Бұған мыналар дәлел: ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары 7,3 млрд. теңгенің өнімдерін шығарған. Бұл саладағы көрсеткіштің артуы 8 нысанның ашылуымен байланысты. Жыл аяғына дейін олардың қатары 3 кәсіпорынға толығып, 37 маман жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бизнестің дамығандығын шағын кредиттік ұйымдар берген несие көлемінен аңғаруға болады. Биыл ауданда 58 жоба бойынша 0,8 млрд. теңге несие беріліп, бұл көрсеткіш былтырғы жылдағыдан екі есе өскен. Индустрияландыру картасына 5 жоба енгізілген, солардың үшеуі 100 пайыз қуаттылықта жұмыс істеп тұр, қалған екеуі бойынша жүктеме 90 пайызды құрайды. 2014 жылы “Evrasia Group Қазақстан” ЖШС Бескөл ауылында “Джон Дир” техникасын жөндеу жөніндегі қызмет көрсету орталығын (жоба құны – 0,4 млрд. теңге, 30 жұмыс орны) және “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігі аудан орталығында орман және ауыл шаруашылығы қалдықтарынан жанар-жағармай брикеттерін өндіру цехын (жоба құны – 75 млн. теңге, 10 жұмыс орны) салу көзделген.

“Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша “Уралводпроект” ЖШС Соколов топтық су таратқышын қайта қалпына келтіру жөнінде жоба әзірлеп, ол 2011 жылы мемлекеттік сараптамадан өткен. Жобаның сметалық құны – 4 млрд. 586 млн. теңге. Жоба 4 лотқа бөлініп, құрылыс басталғаннан бері су таратқыштың 97,2 километр құрылысы аяқталған. Бұл қашықтық 14 елді мекенді қамтиды. “Аталмыш жобаны іске асыру Гончаровка, Гайдуково, Плоское, Толмачевка, Дубровное, Николаевка және Лебедки ауылдарын таза ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді”, – деді Еркебұлан Кәменов.  

Дегенмен, облыс орталығынан шалғай жатқан аудандардан жөні бөлек Қызылжар ауданында да проблемалар баршылық. Қала маңындағы ауданда жарық мәселесі түгелдей шешімін таппаған. Мәселен, облыстық телеарна журналисі Әйгерім Құсайынованың айтуынша, Якорь ауылының көшелері күн батса, тастай қараңғы. Трасса бойында жатқан ауылда 20 шам жанып тұр деген аудан әкімі журналистің бұл сөзінен кейін елді мекенге барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтатындығын айтты. Тағы бір әріптесім Бескөлдегі Новая көшесінің бойында тұратын отбасылардың да осындай мәселеге тап болып отырғандығын алға тартты. Бірақ Еркебұлан Кәменовтің айтуынша, техникалық себептерге байланысты әзірге аталмыш көшеге жарық тарту мүмкін болмай тұр. “Бұл мәселе шешілгенше, тұрғындардың әрқайсысының өз үйлерінің алдына жарық қоюға мүмкіндігі жеткілікті. Бірақ олар бұған келіспей отыр”, – деді әкім.

Бүгінгі күні ауданға 11 дәрігер қажет. Жоғары оқу орындарында медициналық білім алған аудан жастары ауылға қайтып оралуға құлықсыз көрінеді. Бұдан басқа, мектептердегі оқулықтар мен қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі, жол жөндеу – бұл ауданға да тән проблемалар. Еркебұлан Кәменов барлық қойылған сұрақтар бойынша жағдайды дұрыстауға шама-шарқынша атсалысатынына уәде берді.

Жиын аяқталған соң ұлты қазақ болғанымен, мемлекеттік тілге шорқақтау әкімнің қазақ тілін үйреніп, білгені де жақсы болар еді деген оймен тарқастық.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp