«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЙЛЕРІ САБАН ОТЫНЫМЕН ЖЫЛЫТЫЛАТЫН шаруашылығы шалқыған серіктестік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауына сәйкес елімізде нақтылы іс нәтижелерін бағалауға баса назар аударылып отырған шақта тұрғындардың тұрмыстық жағдайына ықпал ететін әлеуметтік мәселелердің маңызы зор. Осы өзекті мәселені шешуде Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Целинное ауылының “Целинное – 2004” ЖШС-нің қол жеткізген жетістіктері мен атқарып отырған істері айтарлықтай. Ауылдың қаймағы бұзылмай, өзгелердей үдере көшпей, бүтін отырған себебі де сондықтан. Кеңшар кезінде 300-дей отбасы түтін түтеткен ауылда аумалы-төкпелі кезеңдерден өткеніне қарамастан, қазірде 280-нің үстінде шаңырақ қалғаны қуанарлық жайт. Онда өзге кәсіптегілер мен зейнеткерлерді айтпағанның өзінде, ауыл шаруашылығы кәсіпорнында 212 адамның жұмысқа тартылғаны табыссыз отбасылардың жоқтығын білдіреді. Осындағы шешілген басты әлеуметтік мәселенің бірі – осы. Үлкен ауылға тұтқа болып отырған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің арқасында ондағы кеңес кезінен қалған әлеуметтік нысандардың барлығы толық жұмыс істейді. Жаңа өмір талабына сай жаңғыртылып, жаңаша өріс тауып жатқан оң істер де жетерлік. Солардың бірі – сабан отынымен жұмыс істейтін жаңа жылу орталығы қазандығының іске қосылуы.

Облыс орталығынан 400 шақырымдай шалғайда жатқан ауылға ең алдымен осы жаңалықпен танысу үшін барғанымыз рас. Десе де, шаруашылықта басқа да жетістіктер аз емес екен. Қайсыбір шаруашылықтар астық орағын қарашаға дейін созып отырғанда, бұлар оны қыркүйектен қалдырмай аяқтапты. 27500 гектардың дәнді дақылдарынан орта есеппен 12,6 центнерден өнім алған. Сол сияқты 2500 гектардағы зығыр дақылын да толық жинап алып, оның сабанынан қысқы отын қорын жасау қамына кірісіпті. Шаруашылықтың орақ науқанын қысқа мерзімде аяқтауына оның қуатты жаңа техникалармен жарақтануы септігін тигізгені анық. Оларда ұсақ топырақ өңдеу құралдарын айтпағанның өзінде, осызаманғы “НЮ Холланд”, “Челенжер” және “Вектор” маркалы 23 комбайн, “Макдональдс” маркалы екі өздігінен жүретін жатка, үш дәрі шашқыш, алты егіс кешені және он “Челенжер” тракторы бар.

Өндірістің негізгі саласымен осылайша қысқаша таныстырып өткен серіктестік директоры Серік Ыбыраев шаруашылықтың өзгелер сияқты бірнеше құрылымдаудан өтіп, осыдан он жыл бұрын қазіргі “Целинное – 2004” атауын алғанын, бірақ ешқашан ешқандай инвесторға қол жайып көрмегендерін айтты. Мүмкін, шаруашылықтың шашауын шығармай, бүтін қалуының бір себебі осы болар? Әйтеуір, оны қызғыштай қорып, талан-таражға түсірмеген директор енді оның игілігін бүкіл ауыл тұрғындарының көріп отырғанына қуанышты. Шаруашылық базасын нығайту мақсатында бос қалған астық қабылдау кәсіпорнын меншігіне алып, орақтың мол астығын сонда сақтайды. Онда 40 мың тонна астық сыйымдылығы болғандықтан, орталық қырмандағы жұмыс жүгі анағұрлым жеңілдеген. Мұндағы 4 механикалық қырман мен 8-10 мың тонналық астық қоймалары негізінен тұқымдық материалдармен жұмыс істейді.

Серіктестік басшысы шаруашылықтың өндірістік буындары мен әлеуметтік нысандарын таныстыруды кәсіпорынның басты мақтанышы – сабан отынымен жылытылатын орталық жылу қазандығынан бастады.

– Орталық жылыту жүйесі бізде бұрыннан сақталған. Бұрынғы көмір отыны пайдаланылатын қазандықты биыл сабан отыны жағылатын қондырғыларға ауыстырдық. Польшалық екі “RM 03-2” маркалы қазандық қойылды. Іште олардың суын ысытатын әрқайсысы 25 текше метрлік екі сыйымдылық орнатылған. Оларға жалғанған жылу жүйесінің құбырлары іргесінде қойылған екі жылу ауыстырғыш арқылы өтеді. Бұл екеуінің жиынтық жылу ауыстырғыш қуаты 22 текше метрді құрайды, ал оның өзі жылу желісіне қосылған өндірістік және әлеуметтік нысандарды, ауылдың төрт көшесінің үйлерін жылытуға толық жетеді. Ол желіге 65-75 градус ыстық су шығара алады. Өңірімізде қолданыла бастаған осындай жылу қазандықтарынан біздегінің айырмашылығы – өзгелер бір ғана қазандық қойып, нақтылы бір нысанды жылыту мақсатын көздеген болса, ал бізде ол орталық жылу жүйесі міндетін атқаруда. Оған өзіміз ойластырып, іске қосқан екі жылу ауыстырғыштың арқасында қол жеткізіп отырмыз, – дейді Серік Кенжетайұлы.

Қазандықтың мінсіз жұмысына өзіміз куә болдық. Желідегі ыстық суды бір сорғының өзі жүргізіп тұр, ол тәулігіне 300 текше метр су айдайды. Сондай-ақ резервте тағы бір сорғы бар, одан басқа екі сорғы желідегі азайған суды толтырады. Жылу қазандығы көмір жағатындай емес, таза, нығарланған сабан орамасын қазандыққа трактор түсіреді. Ал оның тиімділігі жайында серіктестік басшысы:

– Қарапайым мысалмен айтар болсам, бұрын осы кезде тәулігіне 15 тонна көмір жағатынбыз, ол орта есеппен 75 мың теңге тұрады. Қазір оның орнына 10 орам сабан жағамыз, әрқайсысының өзіндік құнын 2 мың теңгеден есептесек, ол 20 мың теңгені құрайды. Сонда бір тәуліктің өзінде 55 мың теңге үнем жасайды екенбіз. Сондай-ақ экологиялық тазалық жағынан да ұтарымыз бар, қалдық жоқтың қасы, тәулік бойы жағылған отыннан небары 2-3 шелек таза күл шығады. Оны тыңайтқыш ретінде қолдануға болады, – дейді.

Жылу қазандығының меңгерушісі Сергей Максиннің айтуынша, мұнда үш ауысымда 6 от жағушы және орамалар жеткізіп тұратын екі механизатор жұмыс істейді. Суық түскен соң тәулігіне 50 орамаға дейін сабан жағылатыны ескеріліп, оның жеткілікті қоры жасалуда. Әзірге 7,5 мыңға жуық орама дайындалып, жылу қазандығына жақын жерге жеткізілді, бұл жұмыс одан әрі жалғасын табуда. Тұрғындар жылыту алаңының шаршы метріне айына 81 теңгеден төлейді, ол стандартты әр үйге орта есеппен 5 мың теңгеден келеді екен. Оған қолы жеткен тұрғындар өте риза көрінеді. Өзіміз машина-трактор шеберханасында жолықтырған Виктор Москалу ауылдағы тұрмыстарының қаладағыдан еш кемдігі жоғын, үйлері орталықтан жылытылып, ванна мен дәретханаға қажетті судың үйде екенін айтады.

Көптеген аудан орталықтарының өзі орталық жылу жүйелерінен айырылып қалғанда, целинныйлықтардың оны сақтап қана қоймай, жаңартып, жетілдіріп отырғандарына сүйсінесің. Дәл сол сияқты бұл ауыл судан да тапшылық көрген емес. Қысымды су мұнарасы мен резервуары жұмыс істейді. Жерасты ұңғымасынан алынатын су сапасы жағынан атақты “Тассай” суынан бір де кем емес. Көшелердегі су колонкаларынан басқа үйлердің 60 пайызына су енгізілген. Пәтерлеріне су тартушылар жылдан-жылға көбейе түсуде. Сондай-ақ әрбір үйдің огородтарына дейін су құбырлары тартылған. Оған қажетті суды Есіл өзенінен екі станция алады. Биыл 32 метр тереңдіктен тағы бір ұңғыма құбыр қазылып, техникалық су қажеттілігін өтеуге жаратылды. Осы әлеуметтік нысандардың жұмысын тоқтатпау үшін шаруашылықтың дизель электр станциясы бар. Ол қажеттілік жағдайында ғана іске қосылады.

Серіктестіктің өндірістік буындары түгелдей сақталған қалпында мүлтіксіз жұмыс істеп тұр. Өзіміз болған машина жөндеу шеберханасының даладай дарбазаларының осызаманғы қақпаларға ауыстырылғанынан-ақ оған деген ықыласты аңғаруға болады. Ондағы жұмыс та соған тән болып шықты. Орталық алаңда екі “Кировец” тракторы жөнделу үстінде. Сабан нығарлаушы механизатор Дмитрий Маер қондырғының аз-мұз ақауын жөндетіп шыққанын айтты. Шеберхананың қапталдағы цехтарының барлығы қалыпты жұмыс жағдайында. Токарьлық цехта үш токарьлық және бір фрезерлік станок бар. Біріктірілген электрлік және аккумуляторлық цехтардың жұмысын білікті маман Николай Моркель атқарады. Ал ұста цехының маманы Виктор Лукин зейнеткерлік жаста екеніне қарамастан, қызған темірлерді қамырша илеп, тырмаларды жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Оның жасаған өткір тісті тырмаларына серіктестік басшысы өте риза. Жасалып жатқан қар айырғыштың да жұмысы аяқталып қалыпты. Бұл жайында бас инженер Вахид Бузуртанов: “Біз ашық далалы аймақтамыз, міндетті түрде қар тоқтатпай болмайды. Мына қолдан жасалған қар айырғыш өте жақсы құрал”, – дейді.

Шеберхананың іргесінде жаңа техникалар тұратын бокс бар. Оның шатыры жаңартылып, орталық жылу желісіне қосылыпты. Онда қазір ең жаңа 7 комбайн, өздігінен жүретін 3 дәрі шашқыш, 3 орта санатты “Челенжер” тракторлары және екі “Макдональдс” жаткалары тұр. Шаруашылық алдағы жылы тағы осындай екі жатка алуды жоспарлап отыр. Одан басқа екі “Дон-Мар” жаткасы бар.

Содан кейін шаруашылықтың жылы автомобиль гаражында да болдық. Оған, әрине, кәсіпорындағы барлық 40 автокөлік сыймайды, бірақ қыс айларында жұмысқа жегілер автомашиналарға жетерлік орын бар. Ал серіктестіктің “КамАЗ”-дары мен арнайы машиналары – жеке жылы бокста. Жанармай таситын 20 тонналық “МАН” да осында қойылады. Бір сөзбен айтқанда, шаруашылықта техникаларды ұқыпты, күтімді ұстаудың барлық жағдайы қарастырылған. Тіпті, көптеген шаруашылықтарда ізі де қалмаған машина ауласының тәртібі таңдай қақтырарлықтай. Кәсіпорындағы 24 “К-700” тракторларының көбісі доңғалақтары әктеліп, сапқа қойылған. Ескі “ЗИЛ” және “КамАЗ” машиналарының өзі бірқатар. Тағы бір қатарды 14 жылдан бері ораққа қатысып келе жатқан 16 “НЮ Холланд” комбайндары алады. Бұлардың бірін де ескі деуге ауыз бармайды, сырт қарағанда жаңа сияқты жұтынып тұр. Тегі, солай болса керек, бұл шаруашылықта машина ауласы жарамсыз техникалар сақталатын орын еместігіне ондағы 6 “Бурго” және “Марис” егіс кешендерінің тұрғаны куә болады.

Шаруашылықта әлеуметтік серіктестік бойынша жұмыс істеп тұрған нысандарды кәсіпорын басшысы өзі бастап жүріп аралатты. Олардың барлығына орталықтан жылу берілген. Біз болған “Қарлығаш” шағын орталығында 25 бала тәрбиеленеді екен. Ол отбасылық дәрігерлік амбулаторияның бұрынғы стационарлық емдеу бөлімшесінде ашылған. Мектеп жанындағы дайындық сыныбы да осында. Мұнда шаруашылық бүлдіршіндерге қажетті жағдайдың бәрін жасаған. Орталық асханасын азық-түлікпен қамтамасыз етуді өзі көтереді.

Сондай-ақ серіктестік отбасылық дәрігерлік амбулаторияға да әлеуметтік қамқорлық жасайды. Тегін жылу беріп, өзге де қамқорлық көмектерін жасап отырғанынан басқа, осындағы физиоем кабинетін ұстауды толық өз мойнына алып, ондағы маман Сария Швецоваға кәсіпорыннан еңбекақы тағайындаған. Амбулаториядан басқа, күндізгі станционар, акушерлік және балаларды байқау кабинеттері, зертхана, дәріхана жұмыс істейді.

Ауылда 1995 жылдан бері үзбей жұмыс істеп келе жатқан 20 орындық шаруашылық моншасының, шаштаразының және жеке кәсіпкерлер ашқан бес дүкеннің болуы көп жайды аңғартса керек. Тіпті, онда жеке құрылыс дүкеніне дейін бар, яғни ол тұрғындардың тұрмыс жағдайларының түзелгенін білдіреді. Сөз реті келгенде айта кетерлік жайт – өндіріс буындарының толық сақталуы себепті, тұрғындардың табыс табу мүмкіндігі де мол. Жалпы шаруашылықта жұмыссыздық жоқ деуге болады, орташа айлық жалақы 60 мың теңгенің үстінде. Ал орақ кезінде озат механизаторлар айына 500 мың теңгеден астам табыс тапқан. Мұндай озаттар қатарында Сергей Пруделюк, Юрий Капалин және Мансур Низамов сияқты комбайншыларды атауға болады. Тіпті, биыл аз дегендерінің өздері 310 мың теңгеден айлық еңбекақы алған.

Мектеп ұжымы да серіктестіктің әріптестік қамқорлығына ризашылығын білдіреді. Білім ұясы да жылуды шаруашылықтан тегін алуда, сол сияқты сумен де қамтамасыз етіледі. Оған қоса көмір тасымалына, шаруашылық мәселелеріне көмектеседі. Сарқынды суды шығарып отыру шаруашылық мойнында, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізеді, түрлі аудандық, облыстық шараларға оқушыларды жеткізуге көлік бөледі. Осы жолы мектеп басшылығы Серік Кенжетайұлына мультимедиялық кабинеттің Интернетке шығудағы қиындығын еңсеруге ықпал етуін сұрады, шаруашылық басшысы оны шешіп беруге уәде етті. Мектеп оқушылары жақын жердегі шаруашылық асханасында тамақтанады. Бастауыш сыныптағылардың тамағы тегін, ал одан басқалары түстік тамақтарына 80 теңге ғана төлейді.

Жалпы шаруашылықта қай жағынан алып қарасаң да еңбек адамдары мен ауыл тұрғындары үшін жасалып жатқан жақсылық істері жетерлік. Бұл шағын наубайхана жұмысынан да аңғарылады. Оның меңгерушісі Татьяна Сидорованың айтуынша, күніне 492 бөлке нан пісіріледі. Наубайханада үш ауысымда 6 адам еңбек етеді. Олардың пісірген 830 грамдық бөлке нандары 35 теңгеден ғана сатылады.

Шаруашылықтың 4 егістрактор бригадасының барлығында дала қосындары бар. Науқан кезінде диқандардың сол дала қосындарында қона жатып жұмыс істеулеріне жағдай жасалған. Әрқайсысында монша, асхана, жатақхана жұмыс істейді, барлық тұрмыстық қажеттіліктері толық шешілген. Электр желілері тартылғандықтан, спутниктік қабылдағыштар арқылы теледидар көре алады. Орталық қоныста қысқы үлкен хоккей корты салынуда, қысқы аудандық спартакиада осы ауылда өтеді деп жоспарланып отыр. Серіктестіктің өз үлескерлеріне берешегі жоқ. Биылғы орақтың 516 тонна астығын пай үлестері есебіне таратып берді. Мал ұстайтын тұрғындарының барлығы шөп, сабан және жемазықпен қамтамасыз етілген.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp