«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕМ ТАНЫҒАН ҮШ ТЕНОР қызылжарлықтарды да тамсандырды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Опера әншісі Давид Гвинианидзенің жетекшілігіндегі “Әлем таланттары” қорының және облыстық филармонияның ұйымдастыруымен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында “Үш тенор” атты гала-концерт болып өтті. Әйгілі опера әншісі Энрико Карузоға арналған кеште әлем таланттары Антон Иванов, Георг Эннарис пен Алехандро Олмедо өнер көрсетті. 

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Тенор ең нәзік, романтикалық бағыттағы ерлер даусы екендігі белгілі. Осыдан болар, халық арасында “Сахнадағы тенор – әрдайым король” деген ұғым кеңінен тарап кеткен. Атақты Паваротти-Каррерас-Доминго концерттері классикалық музыканың дамуына жол ашып, іле әлем бойынша үш тенордың қосылып, ән айтуы өріс алған. Ал Давид Гвинианидзенің “Әлем таланттары” атты авторлық жобасы опера жұлдыздарының басын біріктіріп отыр.

Облыс орталығында өткен кештің Энрико Карузоға да арналуы тегін емес. Карузоның даусы туралы оның көзі тірі кезінде-ақ түрлі аңыздар айтылған. Көптеген композиторлар өнер дүлдүлімен бірге жұмыс істеуді арман еткен. Жиырмасыншы ғасырдың белгілі әншісі драмалық және лирикалық әндерді орындап, мыңдаған адамның жүрегін жаулаған. “Новая Опера” театрының әншісі Антон Иванов, Ресейдің мемлекеттік академиялық Үлкен театрында өнер көрсеткен Георг Эннарис және Мехико опера театрының премьері Алехандро Олмедо Э.Карузоның репертуарынан бірнеше шығарманы орындады. Кеште орыс және шетелдің танымал опера ариялары әуеледі. Олардың эмоциялық сырға толы дауыстары, расында да, жүректі бірден баурап әкетеді екен. Үлкен де, кіші де ден қоя отырып, тыңдады. Бұл үшеуі Еуропа мен Американың сахналарында да өнер көрсеткен. Олардың жоба аясындағы тұңғыш концерттері Мәскеудегі халықаралық музыка үйінде берілді. Ресей өңірлерін аралап болған соң Қазақстанға келген үш тенор бәрімізді тамсандырды.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp