Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
– 1984 жылы Қарағанды политехникалық институтын автомобиль және автомобиль шаруашылығы мамандығы бойынша тамамдап, жолдамамен облыс орталығындағы автопаркке жұмысқа қабылдандым. Біздің заманымызда жас жігіттер жүргізуші болуды армандайтын еді, ал қазіргі жастар бұл салаға көз қырын да салмайды. Мен әскер қатарына іліккенге дейін осы саланың жоғары оқу орнына талаптанып көрдім, бірақ жолым болмады. Алайда, Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін бәрібір дегеніме жеттім. Бүгінде бұл мамандыққа деген қоғамдық көзқарасты байқап, кейде сондағы таңдауым дұрыс болды ма екен деген күмәнді ойға қаламын. Бірақ өзімді басқа саланың маманы ретінде көруге көңілім дауаламайды. Жеме-жемге келгенде, осы кәсіп қиын болса да, менікі шығар, – деген Болат Рақымовтың әңгімесі бұдан әрі жолаушылар тасымалы қызметін көрсететін кәсіпорнының дамуы мен осы кәсібінің төңірегінде өрбіген мәселелер жайында жалғасты.
Ол басқаратын “Петропавл-Норд” ЖШС-і жолаушылар тасымалымен 1993 жылдан бері айналысып келеді. Еліміз егемендік алып, әлеуметтік-экономикалық ахуалды қалыптастырудың алғашқы қадамдары жасалып, халық даму жолындағы талай ауыртпалықты еңсеруге бел буған кезде жолаушылар тасымалы қызметін көрсетуді алғашқылардың қатарында қолға алғандардың бірі – осы Болат Рақымов. Бұл мемлекеттік кәсіпорындардың таратылып, жеке кәсіпкерлікке жол берілген жылдар еді. Содан бері 30 жыл өтті.
– Ең алғашқы көлігімді Тайынша қаласында таратылған аудандық автобус паркінен сатып алған едім. Кейін еңсемізді көтере бастаған соң көліктерді шетелдерден әкеле бастадық. Жылдан-жылға техниканың саны көбейіп, ескілер ысырылып, кәсіпкерлігіміз кеңейе түсті. Бүгінде облыс орталғында – 5 бағыт, облыс аумағында – 8 бағыт, қала маңындағы елді мекендерге – 5 бағыт және саяжайларға, сондай-ақ Қарағанды, Астана, Щучье, Қостанай қалаларына жолаушылар тасымалдаймыз, – дейді кәсіпорын басшысы.
Әңгімеміздің басынан-ақ Болат Кеңесұлының болмысынан өжет, мінезі жайдары, ақ көңіл, іскер жан екендігі аңғарылды. Ол өз саласына қатысты туындаған өзекті мәселелерді ашық ортаға салып, оларды бізге жүрекжарды сыры мен мұңы ретінде баяндаған кезде оның БАҚ қызметкерлеріне деген сенімді көзқарасын көріп, қуандық. Мәселен, аталмыш кәсіпорынның қырық шақты көлігі сырт аймақтарға, 70-тен аса көлігі қала ішінде тасымал жасайды деп ауыз толтырғанымызбен, бұл көрсеткіш кәсіпорынның табыстылығын айғақтамайды екен. Өйткені, қай заманда болсын жолаушылар тасымалы қызметі кірісінен гөрі шығысы басым кәсіп болып табылады.
– Жолаушылар тасымалы – шығынға жақын кәсіпкерлік. Мәселен, шетелдерде бұл саланы жеке кәсіпкерлер қолдамайды. Оларда муниципалды көліктер пайдаланылады. Бізде бұл саланы мемлекеттің еншісінде ұстауға мүмкіндік болмағандықтан, ол жеке кәсіпкерлік ретінде дамуда. Алайда, бұл кәсіпкерлікке шығынды басқалар әкеледі. Қалалық көліктердің жол төлемінің ақысын қалалық әкімдік белгілейді, ал қалааралық төлемдерді ҚР Көлік министрлігі бекітеді. Ал жанармайдың аз-көп болуын тағы бізден сұрамайды. Сондықтан қызмет көрсетуден түсетін пайда әр кезеңнен өткен сайын азая түседі. Дегенмен, қоғамдық көлік қызметі ауыр десек те, я болмаса табыстылығы төмен болса да, бұл – халық игілігі үшін ұйымдастырылатын жұмыс. Ендеше біз өзіміздің қажетті екенімізді сезінеміз, – дейді Болат Кеңесұлы.
Кәсіпорынның қызмет көрсету құрылымында бірқатар өзгерістер болғандығын айтқан басшы жолаушыларға қызмет көрсету нарығындағы бәсекелестіктің жылдан-жылға нығайып келе жатқандығын сөз етті. Соңғы жылдары аталмыш кәсіпорыннан көлікті жалға алып, өз кәсіпкерлігін дамытып отырған жүргізушілердің қатары қалыңдай түскенін айтты. Петропавл қаласы ішіндегі бағыттар бойынша 70-ке жуық адам өз кәсіпкерлігін жасауда. Сондай-ақ “Петропавл-Норд” облыс орталығындағы іргелі кәсіпорындармен келісімшарт жасап, олардың еңбеккерлерін тасымалдауды жиілеткен. Бұл – нарықтық жағдайда өз беделіңді көтерудің жолдары. Серіктестік екінші кәсіпорын ашып, онда такси қызметін ұйымдастырғанымен, соңғы жылдары бұл істің тасы кері домалай бастаған.
– Таксопарктың жұмысын ақырындап шектеп жатырмыз. Бұл бағытта жолаушылар тасуды қолға алған жеке адамдармен бәсекеге төтеп беру қиындап кетті. Олардың көбейгендігі соншалықты – бұл бағыттан аз да болса табыс көруден қағылдық. Біздің мекеме заңды түрде қызмет көрсетеді, салық төлейді, жұмысымызда кеткен қателіктерге, әр жолаушының қауіпсіздігіне жауаптымыз. Ал жол-жөнекей қызмет көрсететіндер тендерді таныстықпен алып кеткен кезде біз сияқты кәсіпорындарға кеселдерін тигізеді. Алайда, мұндай заңсыз әрекеттерді тоқтатуға, олармен күресуге шамамыз жетпей келеді, – дейді басшы.
Іргелі өндіріс орындарына тасымал қызметін көрсету шаралары сөз болған кезде басшы өнеркәсіп аймаққа қатысты өзінің көкейінде жүрген мәселені қозғады. Облыс орталығындағы Я.Гашек көшесінің бойында бірқатар ірі кәсіпорындар бар екенін білеміз. Сол жаққа қала ішінен ешқандай қоғамдық көлік қатынамайды. Өзім сол аумаққа жұмыс бабымен барғанымда көлік болмай, 1-2 шақырым қашықтықты жаяу жүргенім бар. Ал сондағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін адамдардың өтінішін ескеріп, аталмыш серіктестік қоғамдық көлік бағытын қосайын десе, қалалық әкімдік бұл шараға аса көңіл аудармай отыр екен. Биліктің бұл әрекетін ауыр еңбектің ортасында жүрген адамдардың әлеуетіне немқұрайлы қарау деп түсінуге болатын шығар. Мәселен, өмірде түрлі жағдай болатын кездерде еңбеккер кәсіпорынның уақытпен ғана жүргізілетін автобусын күтуге мүмкіндігі болмай, үйіне қайтуға тура келсе, ол қашық жатқан аялдамаға қалай жетпек?! Бұл аумақтың қамы әзірге ешкімді толғандырмайтын сыңайлы. Сондай-ақ қаланың кейбір аудандарына жолаушылардың талабымен қатынай бастаған көліктердің жөнсіз тоқтатылуы да кәсіпорын басшысының ашуын тудырады екен. Жақында №8 бағыттың қашықтығы ұзартылып, олардың көліктері Боркиге дейін тасымал жасай бастапты. Жолаушылар да оған қуанып қалған. Бірақ қала әкімдігі бұл бағытты қайтадан жауып тастаса керек. Боркиліктер бұған өздерінің наразылықтары бар екенін айтады.
Кәсіпорында шешімі күрделі болып кеткен мәселелер жетерлік. Ал сондағы ең басты мәселе – кадр тапшылығы. Өндірістер мен кәсіпорындарда мамандардың жетіспеушілігі айтылудан жауыр болған мәселе десек те, соның салдарынан жұмыстың сапасы ойсырап жатса, бұл да қиын.
– Алкогольге жақындық – қоғам дерті. Ал біздің кәсіпте ішімдікке мүлдем жол жоқ. Жұмысқа қабылдау талабы қатты болған соң еңбектің жеңіл еместігін білгендіктен, бұл кәсіпке мойын бұратындар аз. Әкімдікке барған жиындарда маған: “кадрларың дөрекі” деген кінә тағады. Өзіңіз ойлап қараңыз, қалтасында жоғары білімі туралы дипломы бар адам маған жұмыс істеуге келе ме?! Олай болса, мәдениеттілік пен әдептіліктің қазанында қайнамаған адамдардан қандай этика талап етесің?! Екіншіден, қоғамдық көліктерге мінетін адамдардың да мінездері әртүрлі. Арасында жүргізушінің ашуына тиетіндер де бар. Ендеше неге менің кадрларым қашанда кінәлі болулары керек?! Көп жағдайда жүргізушіні “дөрекі” ететін – жолаушылардың өздері. Үстінен шағым түскен жүргізушіні жұмыстан босата берсем, ертең оның орнына кім еңбек етеді? – дейді Болат Рақымов.
Қоғамдық көлікте жұмыс істеу қиын екенін жұрт жақсы түсінеді. Олар ондай еңбектің құрметтелмейтінінен де құлағдар. Сондықтан бұл салаға аяқтарын баса қоятындар көп емес. Болат Кеңесұлының тағы бір ойына жүгінсек, отбасысын асырау үшін жалақысы жоғары еңбек етуге бүгінгі ер-азаматтардың жалқаулықтары жар бермейтін көрінеді. Жұмыссыз үйде отырып, балашағасының нан мен май жеп, қара шай ішкеніне тәубе айтатындар, одан қалды ішімдіктің соңына түсіп, табыс табуды ойламайтындар қатары содан да көбейе түседі. Ал “Петропавл-Норд” ЖШС-де жүргізушінің орташа еңбекақысы 80 мың теңгеден асады.
Жүргізуші мамандығын таңдағандардың бұл еңбекке деген құлшынысын кемітетін тағы бірнеше өзекті мәселелер бар. Солардың бірі – жеке кәсіпкерлердің жұмысын қадағалайтын органдар мен мекемелердің көптігі. Көлік кәсіпорнына қала әкімдігі мен прокуратура, мемлекеттік автоинспекция қызметкерлері мен экологтар, сондай-ақ өртсөндірушілер бірінің ізін екіншісі суытпай, жиі келіп тұрады екен. Тас жолдардың тозығы жетіп тұрғандығы, қала көшелерінде көліктердің кептелісі – айта-айта жауыр болған мәселелер. Олар жанармайға баға жыл сайын көтеріліп, ал жолақы төрт жылдан бері тұрақты қалғанына да шырпыр болмайды. Тек кәсіпорынға тексерістер мен қадағалаудың азаймай тұрғандығы көңілдеріне көлеңке түсіреді. Елімізде кәсіпкерлерді заңды түрде тексере алатын 57 мекеме бар екен. Соның ішінде бір ғана қоршаған ортаны қорғаумен айналысатын мекеме кәсіпкерлерге 34 кодекс пен заңнама, 48 қаулы, 33 ведомстволық бұйрық бойынша кінә таға алады. Ал оның барлығын жатқа білу жай адамның қолынан келмесі анық. Сондықтан олар кейде “бүйректен сирақ” шығарса да, кәсіпкер үндемейді. Айыппұл төлейді, я болмаса тексерушілердің көңіліне қарай “бармақ басты, көз қысты” қылудың ебін жасайды. Осыдан кәсіпорынның жұмысына елеулі көлеңке түседі.
– Тексерістер мен қадағалаулардан шаршадым. Олар 20 жыл бойы маңдай терімізді төгіп, қалыптастырған кәсіпорнымызды тоздырып жіберуге дайын. Елбасының орта және шағын кәсіпкерлікті тексеруді азайтыңдар деген тапсырмасының толық орындалып жатқанын көрмеймін. Біздің салық және басқа да төлемдеріміз қаламыздың әлеуетін жақсартуға үлкен көмек жасайды. Соның өзінде жақпаймыз, тексерушілер бізден қосымша шығын шығаруға дайын тұрады, – дейді Болат Кеңесұлы.
Ал жүргізушінің “жақын досы” – мемлекеттік автоинспекция қызметкерлерінің “жыры” өз алдына. Соңғы жылдары жол ережесіне қатаң тәртіп қойылған сайын жүргізушілер де қыспаққа көп алына бастаған. Сондықтан олардың кінәсі болса да, жолаушылардың кесірі тисе де, жүргізушілер жауапқа тартылып, әлекке түсіп жатады. Жолаушылар тасымалы қызметінде адамдардың қауіпсіздігі басты мәселе екендігін ескерсек, сала маманына қойылатын талаптар мен шарттардың орындалмауына жол беруге тағы болмайды. Сондай-ақ басшы өз сөзінде кәсіпорынға жүктелетін үлкен жауапкершілікті де алға тартты:
– Еңбеккерді қорғау заңын алып қарасаңыз, біздің кәсіпорынға көп нәрсеге мойынсынуға тура келеді. Мәселен, бізде еңбек етіп жүрген жүргізуші жол ережесін бұзып, астындағы көлікті жарамсыз етіп, ештеңеге жауапкершілік танытпай, жұмыстан шығып кетсе, дауа жоқ. Өйткені, оның бізбен жасаған еңбек келісімшарты жеме-жемге келгенде түкке тұрғысыз. Біз жауапсыз жүргізушінің үстінен сотқа шағымданып, одан материалдық шығынның орнын толтырмақ болып әрекет жасасақ, онымыздан түк те өнбейді. Осындай жағдайда сот еңбеккердің мүддесін қорғап шыға келеді. Ал қоғам алдында еңбеккер үшін кәсіпорын жауап береді. Тіпті, бізден көлікті жалға алып, жеке кәсіпкерлігін ұйымдастырғандардың өзіне біз жауаптымыз. Олар техникалық жағынан ғана өздеріне міндеттеме алады, – дейді кәсіпорын басшысы.
Осыншама ауыртпалықты арқалап келе жатқан “Петропавл-Норд” ЖШС-нің қоғамға тигізіп отырған пайдасы зор. “Шығынға батсақ та, біз тұрғындарымыздың жағдайын бірінші кезекте ойлауымыз керек. Тасымал бойынша ұйымдар мен қоғамдарға, жекелеген шараларға көмек қолын созуды өзіміздің азаматтық міндетіміз санаймыз”, – деген басшының қайырымдылығы мына жайдан аңғарылды. Ол 1998 жылы “Солнечный” балалар сауықтыру орталығы мен бүгінгі “Росинка” балабақшасының ғимараттарын аукцион арқылы сатып алады да, кейін жергілікті билік ғимараттар мемлекеттің қарамағына қайтарылуы керек деген кезде өзінің азаматтық келбетін танытқан. “Мен мемлекетке бұрынғы балалар орталығы болған екі ғимаратты тегін бердім. Бұл, әрине, балаларға, ұрпағымызға жасалған қамқорлық еді. Бірақ оның біреуі жекеменшік ретінде құжатталып кеткенін кейін естідім”, – дейді ол. Сондай-ақ ол – жетім балалар үйіне, ауған соғысының ардагерлер қоғамына, түрлі ұйымдар мен мекемелерге азды-көпті қолдауын көрсетіп, олардың алғысына бөленіп жүрген адам.
Қазақстанның “Құрметті жүргізуші”, “Үздік салық төлеуші” сияқты бірқатар құрметті атақтардың иегері, “Парыз” байқауының жеңімпазы, өңіріміздегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын жан. Сондай-ақ биыл Болат Рақымов мемлекеттік емес “Қазақстан даңқы” орденімен марапатталды. Бұл марапат 2006 жылдан бері Ресей, Қазақстан, Беларусь, Украина елдерінің халықаралық рейтинг одағының тағайындауымен беріліп келеді. Төрт елдің сапаршыларынан құрылған қазылар алқасы көлік тасымалы қызметінде біздің республикадан 30 кәсіпорынның жұмысын жоғары бағалап, оларға “Сала үздігі” деген атақ берген. Біздің өңірде осы атаққа лайық болып “Петропавл Норд” ЖШС-і танылды, ал кәсіпорын басшысына орден берілді.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.