«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛОРДАДА ОБЛЫС ӘКІМІ ЕСЕП БЕРДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше Астанада өткен Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіров есеп берді. 

Ол жолдардың жағдайы туралы әңгімеледі. “Үстіміздегі жылы жергілікті маңыздағы жолдарға алғаш рет 5,4 млрд. теңге қаржы бөлінді, бұл былтырғыдан 2 есеге көп. Оның ішінде, облыстық бюджеттен 2,6 млрд. теңге қарастырылды. Жалпы алғанда, республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарды жаңарту және жөндеу жұмыстары барысында 2013 жылы 12,4 млрд. теңге қаржы игерілді”, – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Солтүстік Қазақстан облысындағы автожолдардың 50 пайызға жуығы қанағаттанарлықсыз жағдайда.

“Солтүстік Қазақстан облысындағы автожолдардың ұзындығы 9 мың шақырымға жуық. Оның ішінде 1280 шақырымы (17 пайыз) жақсы жағдайда, 2560 шақырымы (34 пайызы) қанағаттанарлық, сондай-ақ 3690 шақырымы (49 пайызы) қанағаттанарлықсыз жағдайда”, – деді әкім.

Үстіміздегі жылы жүргізілген жөндеу жұмыстары 235 елді мекендегі көліктік байланысты жақсартты.

“2014 жылы жергілікті маңыздағы автожолдардың жөндеуіне бағытталған қаржыны 6 млрд. 99 млн. теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр”, – деді С.Ескендіров.

Қазіргі кезде өңірде 132 шақырымға созылған “Астана-Петропавл” республикалық маңыздағы автожолды қайта жаңарту бойынша жоба жүзеге асырылуда.

“Жұмыспен қамтудың Жол картасы” бағдарламасы бойынша 780 млн. теңге қаржы бөлініп, ол қаржыға аудандық маңыздағы жолдарға орта және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді”, – деп түйіндеді өз сөзін облыс әкімі.

“Қазір ауыл аумақтарының проблемаларына баса назар аударуымыз керек. Ең алдымен облыстағы елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету және тозығы жеткен жолдарды жөндеуіміз қажет. Су мен жол – біздің басты проблемаларымыз”, – деді С. Ескендіров.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде облыста орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 85 пайызға жеткізілді. Атап айтқанда, өңірде тұрып жатқан халыққа шаққанда қалаларда сумен – 100 пайызға, ауылдық жерлерде 73 пайызға қамтамасыз етілді.

Айта кетейік, облыста “Ақ бұлақ” бағдарламасын жүзеге асыруда 2013 жылғы 7,6 млрд. теңге көлемінде қаржыландыру 4,2 мың халқы бар 6 ауылға су беруге, сондай-ақ 20 мың тұрғыны бар 7 ауылдың сумен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуға және 130 шақырымнан астам топтық су тарту жүйесін қайта жаңартуға мүмкіндік береді.

“2014 жылы бұл жұмыс 42 ауылда жалғасатын болады. Ал бұл ауылдарда 37 мың адам тұрады”, – деді әкім.

Облыс әкімі тұрғын үй құрылысы бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға да жан-жақты тоқталып өтті.

“Біз биылғы жылғы тұрғын үй құрылысы көлемін былтырғыға қарағанда 48% арттырдық. Соңғы 10 ай ішінде ғана құрылыс көлемі 24,4 млрд. теңгені құрады, ал бұл 2012 жылғы осы мерзімге қарағанда 105% көп”, – деді С.Ескендіров.“Бағдарлама аясында (“Қолжетімді тұрғын үй – 2020”) 2013 жылы облыс бойынша барлығы 113 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 1252 пәтер беріледі. Бүгінде 600 отбасы қоныстойын тойлап та үлгерді”, – деді облыс әкімі.

С.Ескендіровтің сөзіне қарағанда, соңғы 10 жыл ішінде жыл сайынғы тұрғын үй құрылысы 122 мың шаршы метрді құраған, бұл 2003 жылмен салыстырғанда 2,8 есе көп (43 мың шаршы метр), ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 272 мың шаршы метрді құрайтын болады. “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасын жүзеге асырудың қорытындылары бойынша 2020 жылға дейін 1,4 млн. шаршы метр тұрғын үй іске қосылатын болады, ал бұл – 18 мың отбасы қоныс-тойын тойлайды деген сөз.

Солтүстік Қазақстан облысында жұмыспен қамту проблемаларын шешу үшін 7 ауданда 82 пәтер болатын 60 үйдің құрылысы бойынша пилоттық жоба іске қосылды.

Айта кету керек, Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының 60%-ға дерлігі ауылдық жерлерде тұрады. Осыған орай “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасы солтүстікқазақстандықтарды жұмысқа тұрғызудың пәрменді тетігі болып отыр.

“Жұмыспен қамтудың Жол картасы” бағдарлама бойынша 3,8 мың адам қамтылып, оның 340-ы кәсіби оқытуға жіберілді, 291 адам өз ісін ашуға немесе кеңейтуге шағын несиелер алды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 947 адам жұмысқа тұрғызылып, 1029-ы жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа жолданды”, – деді әкім өз сөзінде.

“Жұмыссыздық проблемасын шешу үшін тағы бір қадам жасалды – үстіміздегі жылы пилоттық режімде облысымыздың 7 ауданында 515 млн. теңге сомаға 82 пәтер болатын 60 үйдің құрылысы басталды, бұл жоба бойынша жұмыс беруші тарапынан 10% қоса қаржыландырылу тетігі қарастырылған”, – деді С.Ескендіров.

Өңірдің қайта өңдеу саласы агроөнеркәсіптік кешен құрылымындағы ең маңызды буын болып табылады.

“Биылғы 10 айда азық-түлік өнімі өндірісінің ақшаға шаққандағы көлемі 55,5 млрд. теңгені құрады, бұл былтырғыға қарағанда 27%-ға көп. Азық-түлік өндіретін кәсіпорындар биылғы қаңтар-қазан айларында облыстағы өнеркәсіптік өндіріс көлемінің 46%-ын және өңдеу өнеркәсібінің 61%-ын өндірді”, – деді С.Ескендіров.

Сондай-ақ өңір басшысы облыс өз халқын сиыр етімен (1,5 есе – 146%), шошқа етімен (4 есе), сүтпен (3,7 есе), жұмыртқамен (2 есе), ұнмен (6 есе), картоппен (4 есе), көкөніспен (2 есе), макарон өнімдерімен (5 есе) толығымен қамтамасыз етеді, деді.

Облыста биылғы 10 айда орта және шағын бизнес субъектілері 238,9 млрд. теңгенің өнімін өндірді.

Бизнес-қауымдастықтың өңірдегі өкімет органдарымен диалогын қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлердің 30-дан астам қоғамдық бірлестіктері жұмыс істейді, әрі олар әр ауданда бар.

Өңірдегі кәсіпкерлікті дамытудың басты ұйытқысы, сөз жоқ, “Бизнестің жол картасы – 2020” болып табылады, оның аясында 2013 жылы 1 млрд. теңгеден астам сома бөлінген. Бұдан басқа, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының 2-бағыты аясында үстіміздегі жылы жалпы сомасы 600 млн. теңге болатын 291 шағын несие беріліп, 126 адам жұмысқа орналастырылды. Облысымызда жұмыспен қамтылғандардың әрбір үшіншісі шағын және орта бизнеспен айналысады. Салықтың 60%-ы бюджетке кәсіпкерлерден түседі.

ortcom.kz

inform.kz 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp