Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Тұрсынбек Қабатов бастаған “Базар жоқ” театрының әзілкештері Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өнер көрсетіп, әзіл-қалжың сүйетін жас-кәріні күлкіге кенелтті.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Көңілге қуаныш сыйлаған талантты жастар өңірімізге екінші рет келді. Олардың бұл жолғы әзіл-қалжыңдары да өмірдің әр қырына байланысты болды. Әзілқойлар қоғамдағы келеңсіздіктерді кейде сынмен, кейде қалжыңмен ойнақы жеткізуге тырысты. Кеште ерлі-зайыптылар, ене мен күйеу бала, билік басындағылар, қыздар және басқа да тақырыптар қозғалды. Мәселен, Қайрат Доңбаевтың әзіл күйінде әңгімелеген қазақтардың Жаңа жыл сияқты мерекеге дайындығына езу тартпаған жан болмады. Ал Тұрсынбек қазақтарды керемет халыққа теңеп, өзімізге ғана тән қасиеттерімізді айтып, баршамызды күлкіге батырды. Кешті театр актері Қанат Әлжаппаров жүргізді. Сонымен қатар, көпке танымал талантты жастар Аманғали Спабеков, Ерболат Төлегенов, Қайрат Әділгерей, Медет Досханаев пен Арман Жаналиев өнер көрсетті. Досымжан Таңатаров, Бауыржан Исаев пен Дос салған әндер көрермендер үшін тосын сый болды.
Кеш соңында еліміздегі әзіл театрлары арасында өз көрермендерін тауып, жоғары биіктерден көрініп келе жатқан жас ұжымға алғыс айтылды.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.