Гүлмира ЖАҚЫПОВА,
“Даму” қоры облыстық филиалының менеджері.
Облыстың он екі кәсіпкері биыл “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының 4-ші бағыты аясындағы “Іскерлік байланыстар” жобасы бойынша Астана қаласында оқудан өтті. Солардың бірі – мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру қызметімен айналысатын “Баларман” ЖШС-нің директоры Балдырған Ілиясов.
Бүгінде Балдырған Қамбарұлы өз бизнесінің қол жеткен табыстары жайында мақтанышпен айта алады. Оны өзінің отбасылық табыс көзі санауына толық құқы бар. Ұзақ жыл ұстаздық етіп, жас ұрпақ тәрбиесінде мол тәжірибе жинақтаған ерлі-зайыпты Ілиясовтардың өз балабақшаларын ашуы оңайға соққан жоқ. Олардың осы ісіне мемлекеттік қолдаудың да зор себі тигенін атап өткен жөн. Бәрі зайыбы Раушан Ілиясованың ұлы Арманмен бірге 2011 жылы “Бизнес-Кеңесші” жобасы бойынша “Кәсіпкерліктің экспресс-курсына” қатысуынан басталды. Онда бұл отбасының өз істерін ашу жоспары ғана бар болатын.
Қазір “Баларман” балабақшасында Петропавл қаласының 75 бүлдіршіні тәрбиеленуде. Балабақша ғимараты “Даму” қорының 50 пайыздық кепілдігімен “Темірбанк” ЖШС-нің кредиттік қаржысына сатып алынды, ал “Баларман” ЖШС-нің кредит бойынша пайыздық ставкасының бір бөлігін мемлекеттің демеуқаржылық көмегі жабады. Осының бәрі “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының аясында жүзеге асырылған. Аталмыш бизнеске мемлекеттің қатысуы мұнымен аяқталып отырған жоқ, сондай-ақ “Баларман” ЖШС-і “Балапан” мемлекеттік бағдарламасының да қатысушысы болып табылады.
– Мемлекеттің бізге жан-жақты, қаржылай қолдауымен және кәсіпкерлік білімімізді көтеруімен көмек жасап отырғаны өте тамаша. Мысалы, мен үшін “Тұран профи” академиясында бизнестренингтен өту бизнес жүргізудің біраз қыр-сырына үйретті. Әлі де оқып, білім алудың ешқашан да кештік етпейтініне көзім жетті, іс тәжірибесін осындай оқыту жүйелерінде байытып отыру қажет екен, – дейді “Іскер байланыстар” жобасы 1-ші кезеңінің қатысушысы Балдырған Ілиясов.