Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
2009 жылы Петропавл қаласының орыс мектептерінде білім алып жүрген оқушылардың арасында “Тіл – халық жанын танудың кілті” деген тақырыпта сайыс өтіп, оның жүлдесін №10 орта мектептен сынға түскен Екатерина Смирнова деген шәкірт жеңіп алған еді.
Сол жылы ол облыстық олимпиаданың да жүлдесін иеленіп, жеңімпаз ретінде Астанада республикалық сайыста да жұлдызы жанып, бас жүлдені еншілеп қайтқан еді. Аталған мектепте мемлекеттік тілге өзге ұлт өкілдерін ерінбей-жалықпай бейімдеп жүрген ұстаз Қайыржамал Даниярованың еңбегі жанғанын жас шәкірті осылай айғақтағанды.
Нақ сол уақытта кездесіп, әңгіме өрбітудің сәті түсе қоймаса да, есімі елеулі болып үлгерген тіл жанашырын назардан тыс қалдырмауға бекінген едім. Кейін сұрастыра келсем, Екатерина Смирнова Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Тіл және әдебиет институты журналистика мамандығына орыс бөлімшесіне түсіп, оқып жүр екен. Әуелгіде қазақ бөлімшесінде білім алып жүрген болар деген ойым іркіліп қалса да, телефон шалып, өзімді таныстыра отырғанда, әдейі қазақша сөйледім. Өйткені, ол жайында сұрастырғанымда Тіл және әдебиет институтының директоры Жанар Таласбаева оның осындай қабілеті барын, ауызекі тілде сөйлеуден мүдірмейтінін, үшінші курста оқитынын айтқан еді.
Осы мағлұмат жаныма жағып, еркін тілдесе отырып, кездесуге келіскенбіз. Уағдаласқан уақытта редакцияға келген жайдары жүзді бойжеткен еркін сөйлесіп, өзін таныстырды. Ол 1993 жылы Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Мақаншы ауылында туғанын айтты.
– Әкем – әскери қызметші. Осында орналасқан әскери бөлімде қызмет атқарды. Мұнда ол қызметіне орай орыс тілінде сөйлессе де, мен қазақ балаларымен араластым. Кейін Семейге көшіп келгенде қазақша үйренуге кеңірек жол ашылды, – деді ол.
Әңгіме арнасы кеңейе түскенде Екатерина бүкіл қазақ ұлтының мақтанышына айналған ұлы Абай туып-өскен өңірді жақын біле түсуге ықылас қойғанын жасырмады. Оған Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясы да бастау болып, ұлы ақынның да, жазушының да шығармалары мен өмірбаяндары қызықтырғанын жеткізді. Бұл орайда Абайдың А. Пушкин мен М. Лермонтов жырларын, әсіресе, алғашқысының “Евгений Онегин” романын, кейінгісінің “Вадим” поэмасын қазақшаға аударғанын ұлы ақындардың рухани бауырластығына балайтынын әңгімеге арқау ете отырды.
– Ол кезде жасырақпын ғой. Бұл үш ақынның рухани байланысына 2006 жылы Петропавлға отбасымызбен қоныс аударып, №10 мектепке келгенімде ерекше ден қойдым. Ұстазым Қайыржамал Сағындыққызына ризамын. Расын айту керек, өзге ұлт өкілдерінің балаларын қазақшаға үйрету оңай емес қой. Бірақ ол мені баули білді.
Е.Смирнова орта мектепті тамамдағанда әуелі қазақ тілінде жоғары білім алуға ниеттенген екен. Алайда, үнемі оқиғалар ортасында жүретін, қоғамдық ой-пікір қалыптастыра алатын, адамдардың сана-сезіміне ықпал ету қабілетін иеленетін журналист мамандығы бір жағынан ойын бөле берген екен. Ақыры, осы ыңғайға беріліп, бүгінде журналистика мамандығы бойынша білім алып жүргенін тілге тиек етті.
– Мен Семейде қазақша ауызекі тілде сөйлесуге машықтансам, Петропавлда оқығанымда тілдің грамматикасын меңгеруге тырыстым. Ұстаздың арқасында оған да төселдім, – деді ол.
Оның айтқан сөздерін ұйып тыңдай отырып, әңгіме арқауын қазақ ақындарының жырларын оқуға бейімделуіне қарай аудардым. Ол осы орайда Абайды, әсіресе, Мағжанды құрмет тұтып, өлеңдерін сүйсіне оқитынын айтты. Мағжанның “Жан сөзі”, “Мен жастарға сенемін” өлеңдерін жатқа айта жөнелгенде еріксіз сүйсіндім.
– “Жан сөзін” қалай түсініп, жырдың мәнін ұғындыңыз? – деген сауалыма ол қиналмастан жауап берді. Сонда айтқаны – бұл ұзақ өлең ақынның жан сыры екендігі. Мағжанның адасқан кезі. Артынан осы ағаттығын өзі аңдағанын еліне ашық айтуы.
Дариға, сол күндерде күнім қараң,
Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған.
Болғайсың сыншы болсаң,
әділ сыншы,
Кінәні жүрекке қой, қойма маған!
Бұл ретте мектепте ұлы ақын жырларын жай жаттатып қана қоймай, астарын ұқтырған ұстазына және университетте өзінің қазақ тілінде біліктілігін арттыра түскен Тоғжан Сауытоваға ризашылығын атап айтты.
– Әрине, үнемі оқып, жаттығып отырмаса, адам білгенін ұмытып қалуы қиын емес, – дей келіп, ол қазақша басылымдарды, кітаптарды мүмкіндігінше оқуы қажеттігін ескертті. – Журналистикада екі тілді еркін меңгеру керек деп ойлаймын.
Оның бұл сөзінің жаны бар. Айтуынша, қазір облыстық “Қазақстан-Петропавл” телеарнасында эфирге шығатын университет жанындағы “Парасат” хабарына қатыса жүріп, тәжірибе жинақтау кезінде екі тілге жетік болуды меңгермек. Аудармаға жетіктік қашанда қажет. Әсіресе, қазақтілді журналистерге орысшаға аудару қиындық тудырады. Ал орысшадан қазақшаға аудару жеңілірек.
– Бұл тілдің лексикасын меңгеруге байланысты ғой. Мен орыс тілін жетік білемін. Қазақшаны да солай біліп алсам, түбінде екі тілді журналист болу қиындық тудырмайды ғой. Сондықтан жас уақытта ерінбей-талмай үйреніп, білгенімді жетілдіре бергім келеді.
Еліміздің тәуелсіздігінен тамыр тартып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыздың ең ұлығы – мемлекеттік тілдің мәртебесі. Оның жүзеге асырылатынына Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ел тұрғындарының көзі жетерлік үрдістердің республика өмірінен орын алып отырғанын Қазақстан халқына Жолдауларында үнемі айтып келеді. “Барлығымыз қолымызға қонған алтын құс – бақытымызды сақтай білейік. Бұл – ана тіліміз бен ата дәстүріміздің, ұлттық мәдениетіміздің Мәңгі Жаңғыру Дәуірі. “Нұр Отан” мемлекеттік тілді нығайтуға, қазақтың дәстүрі мен мәдениетін жаңғыртуға байланысты қоғамдық-саяси жұмыстардың тиімді жүйесін жасауы тиіс”, – деді Елбасымыз “Нұр Отан” партиясының ХV съезінде сөйлеген сөзінде. Партияның жаңа Саяси доктринасының арқауына айналған бұл нұсқауларды жүзеге асыруда Нұрсұлтан Әбішұлы жастарға айрықша сенім артып, міндеттер жүктеп отырғаны да заңды. Ұлтқа жіктелмей, Қазақстан халқы болып ұйысып отырған берекелі, бірлікті елімізде осы нұрлы болашаққа қолдары жететін Екатерина Смирнова сияқты жастардың қатары қалыңдай берсінші.
СУРЕТТЕ: Е. Смирнова.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.