«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық мәслихат ғимаратында облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың бастамасымен өңірде жастар саясатын насихаттауға арналған “Жастар бастамаларын дамыту орталығының” ашылуына орай баспасөз конференциясы өтті. 

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Шара барысында сөз алған облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Виктор Молодовский орталықтың маңыздылығы мен атқарар міндетіне тоқталып өтті.

– Елбасымыз жастар саясатын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде облыста 61 жастар ұйымы бар. Оның 10-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Үстіміздегі жылы жастар саясатын іске асыруға бюджеттен 30 миллионнан астам қаражат бөлінген. Сондықтан жастар бастамаларын дамыту орталығының ашылуы орынды. Себебі, соңғы уақытта мұндай орталық облысымыздың белсенді жастары үшін ауадай қажет болатын. Ендігі міндетіміз – жанымызды салып жұмыс істеу, – деген Виктор Молодовский қыркүйек айында Бескөл ауылында өткен мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі кеңестің көшпелі отырысында облыс әкімі Самат Ескендіров әр ауданда осындай орталықтар құру керектiгiн қадап айтқандығын еске салды.

Басқарма басшысының айтуынша, өңір басшысының тапсырмасын Тайынша ауданы өзгелерден бұрын орындап, онда екі айдан бері орталық жұмысы бір жүйеге қойылған. Ал қалған аудандарда жыл соңына дейін орталықтар өз жұмыстарын бастамақ. Виктор Викторович өз сөзінде орталықтың кеңсесі Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының жанында құрылысы жүріп жатқан “Жастар үйінде” орналасатынын тілге тиек етті. “Әр өңірде “Жастар үйін” құру – бұл Елбасының тікелей тапсырмасы. Нысанның жобалық-сметалық құжаты әзір. 2014 жылдың соңына дейін құрылысын аяқтау жоспарланған”, – деген ол жалпы аумағы 2400 шаршы метрді құрайтын бұл нысанда барлық балалар мен жастар ұйымдарына орын табылатындығын айтты.

Шара барысында “Жастар бастамаларын дамыту орталығының” директоры Данияр Әбутәліп орталықтың алға қойған жоспарымен таныстырды.

– Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын жас ұрпақтың белсенділігін арттыру, олардың жаңа бастамаларына қолдау көрсету мақсатында құрылған. Сонымен бірге жаңа ұйымға жергілікті билікпен бірлесіп, жастарға байланысты әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру міндеті жүктеліп отыр, – деген ол қаңтар айынан бастап жұмысын бастағалы отырған орталық 4 бөлімнен құралып, онда 16 маманның жұмыс істейтіндігін хабарлады.

Орталық қызметкерлері ақпарат және сараптамалық жұмыстармен айналысып, жастарға консультациялық көмек көрсетпек. Аталмыш орталық аудандардағы филиалдармен бірлесіп, қала мен аудандардағы жастарға байланысты әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыратын болады. Сондай-ақ жаңадан ашылған орталық жастар ұйымдарының басын біріктіріп, жастар саясатын жетілдіру ісіне сүбелі үлестерін қоспақ. Сонымен бірге бос жүрген жастарды кәсіп пен еңбекке баулуға білек сыбана кіріспек.

Суретті түсірген автор.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp