«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС КЕУДЕГЕ ЖЫР КИЕСІ ҚОНЫПТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алматының “Тұран” баспасынан шыққан жаңа жыр жинағы қолыма тигенде елең ете қалғаным рас. “Қызырлы Қызылжар” деп аталған жинақта өңірімізде өлеңдер жазып жүрген бірнеше жас ақындар көзіме түсті. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жерлесіміз Жарасбай Сүлейменов жырларды қолжазба күйінде оқып, ақжолтай тілегін арнағанын “Жас жүректер лүпілі” деген алғысөзінен аңғардым.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Бұлардың ішінде Аманжол Зағыпарұлының, Жарқын Жұпарханның, Фархат Тастамбековтің, Нұргүл Оқашеваның және Қалижан Тәшкеновтің көптеген өлеңдерімен бұрында танысып, әділ бағамды бергенім есімде. “Бұлақ көрсең – көзін аш” демекші, кәусар суын көкке атқан қайнардай болып осы жастар жүрек түкпірлеріндегі сырларын алдыңа жайып салады.

Төселіп қалғандары сезіледі сол жырларынан. Тегі, көп оқып, көп ізденеді. Әйтпесе, тапқыр ой, тиянақты ұйқас тұсауға түсе қоймайды.  

Мысалы, Аманжол Зағыпарұлы “Желді желтоқсандағы отты жүректер” деген ұзақтау жырының бір шумағында:

Темір торға ұялаған текті үндер.

Жасықтардың жанарынан өттіңдер.

Баба арманы, бала үміті ақталып,

Тәуелсіздік тұғырына жеттіңдер, –

деп өлеңнің бүкіл үйлесімін шымыр аяқтайды.

Жастарда селкеусіз серпін болуы заңды. Сол серпін қанаттарын қияға серметкендей әсер қалдырады. Ол үшін Жарқын Жұпарханның “Өмір” деген өлеңінен мына бір шумаққа зер салуға болады:

Күн нұрына шомылсыншы қабағың,

Сұлулығын сезінерсің даланың.

Көзің тоймас, өзің тойып жүрсең де,

Дүние деп ашылмасын араның!

Томағасын алып, топқа салған жас қырандай осы Жарқын мен Фархат өткен жылы Көкшетауда болған аймақтық мүшайрада өлеңдерін алматылық, астаналық ақындардың алдында оқып қайтқан. Егіз қозыдай екеуі де еңселерін түсірместен, сыннан қорытынды жасап, жыр көштерін түзеп қалыпты.

Фархаттың “Менің Қазақстаным”, “Ауылым”, “Мағжанға” “Ақын өткен қаратып талай мыңды” сияқты өлеңдерінде Отанға, туған жерге перзент махаббаты жақсы өріліп жырланса, соңғы өлеңінде Абайдың ұлылығын, басынан кешкен ауыртпалықтары мен қиындықтарын айта келіп:

Заманында ақынды елепті кім?

Ұрпағыңа орының бөлек бүгін.

Ақыл-оймен айтқанға айып па екен

Ғылым, білім үйрену керектігін, –

деген түйінді ойын жеткізеді.

Қалижан Тәшкенов – ересек ақын. Сондықтан ойлары да кесек, күрделі. Шымыр өлеңдері көп. “Ауыл қайда бара жатыр, ағайын?”, “Әкімнің есебінен кейін туған ой”, “Ауылға жатыр келіп кім?” – бұлар бүгінде әр ақынның жанын алаңдатар көріністерді көз алдыңа елестетеді. Әрине, көздің жасын көлдетіп, “Жоқ!”, “Қирап жатыр!”, “Құрып барады!” дегендей ойлар салтқа айналып кетпесінші. Алайда, “Айтып өткен ақында арман бар ма?!” демекші, ауылға ат басын бұрмайтын әкімдерді көптің көзі шалмай тұрмайды ғой.

Қызылорда облысында туған Нұргүл Оқашева “Мұқағали оқуында” облысымызда оза шауып,бәйге алған еді. Сондағы өнерін айғақтап, республикалық сынақта да бас жүлде еншілеген. Шымыр, шыншыл сезімдерімен жаныңды баурайды.

Ойларымды күндерім жүр ойқастай,

Мысықтілеу неге бәрі қас маған?

Менің жаным жақпар-жақпар жартастай,

Толқын ұрып тастаған.

Мұндай өлеңнен “Бұл не қылған тосылу?” деп кінә іздеудің қажеті жоқ. Өйткені, ол көңіл күйінің бір алабұртқан кезін суреттегені түсінікті.

Осы ақындардың ең жасы Мамлют ауданындағы Бостандық орта мектебінің тоғызыншы сыныбында оқитын Санжар Тастамбековтің балауса жырларында тапқыр ойлар, ұтымды, келісім тауып тұрған ұйқастар баршылық.

Бұл жинақты құрастырып, Алматыдағы “Тұран” баспасынан шығарған белгілі қаламгер Қазыбек Исамен телефон арқылы тілдесіп, біздің жас ақындарымызға жасаған жақсылығы үшін алғыс арнауды артық көрмедім. Ол ризалығын сездіре отырып, жинақты “Дала дарыны” жобасымен шығарып, кітаптарға демеушілік жасап жүрген кәсіпкерлер, “Батсу” корпорациясының президенті Гүлмира Әбішева мен “Ақсу” АҚ президенті Сансызбай Айтбаевты атап өтуімді өтінді.

* * *

Алдыңгүні Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде осы кітаптың тұсаукесері өткізілді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp