Астанадағы “Алау” мұз сарайында конькиден әлем кубогы басталады. Спорттық шараға әлемнің 30 елінен келген үздік спортшылар, соның ішінде Олимпиада мен әлем чемпионатының жүлдегерлері қатысып, күш сынасады деп күтілуде. Додада 10000 метрлік қашықтықта “Сочи – 2014” Олимпиадасына жолдама сарапқа салынады.
Үш күнге созылатын бәсекелі сайыста қазіргі әлем чемпионы Денис Кузин, еліміздің бірнеше дүркін жеңімпаздары мен рекордшылары Екатерина Айдова, Роман Креч, Александр Жигин, Федор Мезенцетер, Дмитрий Бабенко ел намысын қорғайды.
Жарыс бағдарламасы бойынша нәзік жандар 500, 1000, 1500, 5000 метрге жүгірсе, ерлер 500, 1000, 1500 және 10000 метр қашықтықтарды бағындырмақ.
Сочи Олимпиадасында 10000 метрге сырғанау үшін жерлестеріміз әлем кубогында үздік 16 спортшының қатарына енулері керек.
(Өз тілшімізден).