Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Сорос-Қазақстан” қорының қолдауымен Қазақстанның ұлттық бюджет желісі және “Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты” ҮЕҰ “2012 жылы Қазақстандағы жергілікті бюджеттің жариялылық индексі” зерттеуін жүргізіп, бұрнағы күні соның қорытындысын жариялады.
“Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты” ҮЕҰ-ның төрағасы Сергей Худяковтың айтуынша, зерттеудің қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы 49,86 балл жинап, екінші орынға көтерілген. Бұл – өңіріміз үшін жоғары көрсеткіш. Себебі, өткен жылдары өткізілген зерттеулерде облысымыз 11-орыннан көрінген болатын. Екінші орынға көтерілдік дегенімізбен, өңіріміздегі бюджеттің жариялылығы индексі орташадан жоғары деңгейде. Бірінші орынға шыққан Шығыс Қазақстан облысында жергілікті бюджеттің жариялылығы 72,43 балды құрап отыр. Өңіріміздегі бюджеттің жариялылығы мынадай параметрлер бойынша анықталды: бюджет жобасын жоспарлау мен дайындау, бюджетті бекіту мен қарау, бюджеттің орындалу үдерістерінің және бюджеттің орындалуы жөніндегі жылдық есеп бойынша ақпараттың жариялылығы.
Шығарылған қорытындыға сүйенсек, облыс тұрғындары мемлекеттік органдардың бюджеттің қаржысын қалай пайдаланып жатқандығынан хабардар болуы үшін жағдай туғызылған. Десек те, бюджет бойынша ақпарат әлі де қолжетімді бола түсуі қажет. Бұл орайда “Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты” ҮЕҰ-ның сарапшылары аталмыш бағыттағы жұмысты тиімді ету үшін бірқатар ұсыныстарын айтты. Солардың бірі – әр мемлекеттік органның веб-сайтындағы “Қоғаммен жұмыс” қосымшасының атқарар қызметін кеңейту.