Жыл басынан бері облыста 635 өрт болып, одан 307 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 46 адам қайғылы қазаға ұшырады, оның 8-і – бала. 48 адам әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды.
Өткен аптада облыс бойынша 20-дан астам өрт оқиғасы тіркелді, одан зардап шеккендер де бар.
Петропавлдағы Михеев көшесіндегі жеке тұрғын үйден шыққан өрт төбені, дәлізді, үйдің мүлкі мен тұрмыстық техниканы жалмады. Өрт орнынан 30 жастағы ер адам 2-дәрежелі күйікпен ауруханаға жөнелтілді. Ол газ баллонын орнату кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамаған болып шықты. Өрттің жалпы аумағы 220 шаршы метрді құрады.
Айыртау ауданындағы Николо-Бұрлық ауылында тұратын 32 жастағы үй иесі түнгі жұмыстан таң ата келісімен пеш жағып, 4 және 6 жасар балаларымен бірге ұйықтап қалған. Әйелі бұл кезде жұмыста болған. Біраз уақыт өткеннен кейін: “Папа, тұр, демалу қиындап барады!” – деп оны балалары оятқан. Тұрса, үйдің ішін қою ащы түтін алып кетіпті. Асүйдің есігін ашса, ол, тіпті, түтінге толы екен. Асүй арқылы далаға шыға алмайтындықтарын білгеннен кейін залдың терезесін сындырып, сол арқылы балаларын алып шыққан. Алайда, үшеуі де ащы түтінге уланып қалыпты: екі бала облыстық балалар ауруханасына, ал олардың әкесі аудандық ауруханаға жөнелтілген. ТЖ-ға пештің ақауы мен оны пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамау себеп болған.
Уәлиханов ауданындағы Бидайық ауылының тұрғыны өзінің ұмытшақтығынан зардап шегіп отыр. 57 жастағы әйел ұялы телефонын зарядтауға қойып, екі тәуліктей ол туралы ұмытып кеткен. Ол қызып кетіп, тұйықталған да, розеткадан ұшқын шығып, өртке ұласқан. Егер электр қуатын есептегіште зауыттық қорғағыш тұрса, көп салмақ түскен кезде үйдегі электр қуаты автоматты түрде айырылатын еді, алайда оның орнына қалай болса да электр қуатын өткізе беретін қолдан жасалған “жучки” “орын тепкен” болып шықты. Соның салдарынан үйдің төбесі, қабырғалары зақымдалды. Бақытқа орай, үй иесі дін аман.
Петропавлдың М.Жұмабаев көшесіндегі 9 қабатты үйдің тұрғынына үштармақты ұзартқыштың ақауы қырсық болып тиді. Одан шыққан өрт қабырғаны, сәкіні бүлдіріп, теледидарды жарамсыз етті, үйдің ішін ыстады. 57 жастағы үй иесі құтқарылып, дәлізден 27 адам, оның 4-еуі бала, қауіпсіз жерге көшірілді.
Өткен аптада Петропавлда “ГАЗ-31105” автомобилі, Шал ақын ауданында “Ауди-100” автомобилін от құшты. Өрт қора-қопсыларды жалмады, 32 тонна шөпті жойып жіберді.
“Гудок” және “Мичуринец” саяжай қоғамдарында да электр сымдарының қысқа тұйықталуынан саяжай үйлері жанып кетті.
СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.