«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТТАРЫ азаматтарды қабылдады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар өңірінде жұмыс бабындағы сапармен жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Анатолий Маковский мен Ромин Мадинов “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында жеке мәселелері бойынша азаматтарды қабылдап, облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттарымен кездесті.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Саңырау және нашар еститін балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Жангелді Тәжин, депутат Владимир Витченко, аталмыш оқу орнындағы ауди кабинеттің меңгерушісі Светлана Кондратова 2007 жылдан бері кемтар балаларға кохлярлық имплантация жасалатындығын, ол ата-аналар тарапынан мол қаржыны қажет ететіндігін, есту құралдарын жөндеу және оның тетіктерін қосалқы бөлшектермен ауыстыру бүгінгі күні қиындық туғызып отырғанын айта келіп, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің осы мәселелерді бірлесіп шешуіне халық қалаулыларының мұрындық болуын сұрады. Анатолий Маковский Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісовпен көтерілген мәселе жайында ұялы телефон арқылы хабарласып, істің мән-жайын анықтады. Депутаттар жерлестерінің сауалын өз бақылауларына алатын болды.

Мамлют санаторий мектеп-интернатының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Күлбаршын Әбдірахманова, Білім саласын бақылау жөніндегі департаменттің басшысы Ерлан Әбілдинов Тайынша қаласы мен Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығындағы үш ауысымда оқитын қазақ мектептерінің құрылысын республикалық бюджеттің инвестициялық жобаларына енгізу мәселесін көтерді. Анатолий Павлович пен Ромин Ризовичтің айтуына қарағанда, аталмыш құрылыстардың жобалық-сметалық құжаттары кеш әзірленген, сондықтан олар 2014 жылдың бюджеттік жоспарына енбейді. Бұл өзекті мәселе – жерлес депутаттардың қатаң бақылауында.

Зейнеткер Фаиль Шайғатаров жастарды жұмыспен қамту мәселесі өзін толғандыратындығын, соған орай мақсатты мемлекеттік бағдарлама қабылдаса деген ойын жеткізе келіпті. Мәжіліс депутаттары бұл мәселені көтеретіндіктерін мәлімдеді.

Облыс орталығындағы №26 мектеп-балабақша директоры Сәуле Тұрсынова Петропавлда мектепке дейінгі мекемелерге орналасу кезегі 9 мыңға жеткендігін айта келіп, 2014-2016 жылдары республика бюджеті есебінен екі балабақша салуға депутаттардың көмек көрсетуін сұрады. Анатолий Маковскийдің айтуынша, келер жылдың бюджет жобасы жоспарланып қойды, онда облыс орталығында балабақша салу қарастырылмаған. Халық қалаулылары осы мәселені 2015 жылдың бюджетіне енгізу жайына күш салмақ.

Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы “Парасат” мектебінің шағын орталығында тәрбиеші болып еңбек ететін Ғалия Айдабасынова оралмандар қалың қоныстанған Бәйтерек ауылына салынатын мектеп құрылысы 2014 жылдың жоспарына енгізілсе, дейді.

Анатолий Павлович пен Ромин Ризович Елбасы тапсырмасына орай бірінші кезекте апатты мектептер мен үшауысымда оқитын оқу орындарының мәселесін шешуге баса назар аударылып отырғандығын айта келіп, мүлдем білім ошағы жоқ ауылдың мәселесін назарларында ұстайтындықтарын мәлімдеді.

 Түс әлетінде Анатолий Маковский мен Ромин Мадинов облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттарымен кездесіп, Парламентте қаралған және талқыланып жатқан заңдар жайлы әңгіме қозғады. Кездесуге облыстық мәслихаттың хатшысы Қайырлы Едіресов пен “Нұр Отан” партиясы ОФ төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов қатысты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp