«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАТТЫҚҚА БӨЛЕГЕН МЕРЕКЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айгүл МҰСТАФИНА,

Соколовка жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат директоры.

Таяуда Соколовка балалар үйінде “Ризашылық” мерекесі өтті. Өздерінің жыл сайын асыға күтетін мерекесіне тәрбиеленушілер мұқият дайындалды. Көптен күткен мерекелік зал балалардың өз қолымен жасалған әдемі гүлдермен, түрлі түсті шарлармен безендірілді. Әдемі киінген балалар сүйікті қонақтарын көңілді әуенмен қуана қарсы алды.  

Салтанатты шараға Қызылжар ауданының әкімі Еркебұлан Кәменов қатысты. Ол жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат ұжымын мейірімділікке толы отбасылық мерекемен құттықтады. Аудан басшысы өзінің жылы лебізімен бірге балаларға саламатты өмір салтын қалыптастыруға арналған теннис үстелін және спорттық бұйымдар (жалпы құны 300 мың теңге) тарту етті.  

Шуақты мереке күнгі балалардың қуанышымен Білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпаш Қалғожина мен осы ұйымның басқа да мамандары, Қызылжар ауданының білім бөлімінің басшысы Берік Аюпов, іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері де бөлісті. Олар да әр балаға өздерінің сыйлықтарын ала келді.

Шара барысында Қызылжар ауданының “Мерей” өнер мектебінің “Шашу” домбырашылар ансамблі және “Қызылжар” би ансамблі өз өнерлерін көрсетті.

Тәрбиеленушілер де қонақтарына өздерінің алдын ала жасаған қолөнер бұйымдарын сыйға тартып, концерттік бағдарламалар ұсынды. Концерттен кейін барлық балалар флэшмоб биін биледі. Қолөнер шеберлері, бейнелеу өнері пәндері бойынша шеберлік сыныптары көрсетілді. Балалардың өз қолдарымен жасаған заттарынан, суреттерден көрме ұйымдастырылды. Бұл күні бұрынғы түлектеріміз де өздеріне тәлім-тәрбие беріп, қанаттарын қатайтып ұшырған отбасыларына келіп, қуанышқа ортақтасты. Ризашылық күнінің шарықтау шегі майшамдар жағылған мерекелік дастарқан басында жалғасты.

Бұл мереке “Бөбек” қайырымдылық қорының бастамасымен 2009 жылдан бері барлық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдарында ұйымдастырылып келеді. “Ризашылық” мерекесі аясында тәрбиеленушілерге қуаныш сыйлаған қонақтарымызға шын жүректен алғысымызды білдіреміз, жаны жомарт, қайырымды жандар көбейе берсе екен дейміз.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp