Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің іс-тәжірибесін облыс мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдеріне тарату мақсатында семинар өтті. Ол “Заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – тілдік құзыреттілікті көтеру факторы” тақырыбына арналды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Семинардың жұмысына Петропавл қаласы мен облыс мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері, облыстық Білім басқармасының, қалалық Білім бөлімінің, “Өрлеу БАҰО” АҚ СҚО ПҚБАИ филиалы мен еліміздің басқа облыстарынан келген “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталықтарының басшылары мен оқытушылары қатысты.
– Қазақ мектеп-гимназиясының мұғалімдері Назарбаев Зияткерлік мектептерінде үйренген әдіс-тәсілдерін облыс мұғалімдеріне көрсете отырып, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру бағытында білімді, ой-өрісі кең, сыни тұрғыдан өзінің көзқарасын айта білетін оқушыны қалыптастыру жолдарын іздестіру үстінде. Қазіргі білім беру жүйесі әр мұғалімнен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан білім ошақтарының мұғалімдері отандық және шетелдік озық тәжірибе үлгілерін тиімді пайдалану әдіс-тәсілдерін өз сабақтарында қолданып, тәжірибелеріне енгізуде. Бұл семинар “Өрлеу” БАҰО” АҚ СҚО ПҚБАИ-ның 65 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның тәжірибелік бөлімі ретінде мұғалімдер мен қатысушылардың назарына ұсынылып, жалғасын табуда, – деді облыстық Білім басқармасының бас маманы Ырысжан Нұрғалиева.
Жиын барысында білім ордасының басшысы Гүлжан Жақанова еліміздің өзге облыстарынан келген қонақтарға Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесінің өзектілігі негізіндегі қазақ мектеп-гимназиясының инновациялық білім беру ортасын бейнефильм арқылы таныстырды.
Қатысушылар 4 секцияға бөлініп, жұмыстарын жалғастырды. Оқушыларды оқытуда үштілділік оқыту әдістерінің тиімділігі А.Есенғалиеваның 9 “ә” сыныбындағы “Үмбетей жыраудың Бөгенбай өлімін Абылай ханға естіртуі” сабағында, Г.Байтенова мен Б.Бекматованың шеберлік-сыныптарында оқушының оқу-танымдық құзырлығын қалыптастыруда бағалау жүйесінің тиімді жақтары көрсетілді.
С.Тоқпанованың қатысушылармен өткізген “Коучинг: топтық жұмысы арқылы оқушылардың сыни ойлауын дамытуы” тақырыбындағы шеберлік сыныбының оқушыларға білімді сапалы меңгеруге көмегі дәлелденсе, Г.Байтенова “Коучинг: диалогтік оқыту оқушылардың коммуникативтік, зияткерлік құзыреттіліктерін дамытудағы тиімді әдіс” екендігін айтты. Н.Мусина “Қаратпа сөздің тыныс белгілері”, Р.Даниярова “Есімдіктің сөйлемдегі қызметі” тақырыптарында сабақтар өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті. Көптілді білім беру зертханасының отырысында: “Көптілді білім беру бағдарламасын жүзеге асырудағы нәтижелер мен қиындықтар” тақырыбын С.Тоқпанова, А.Жақыпова, К.Әбішева талдады.
Семинар жұмысы барысында “Саламатты өмір салтын қалыптастыру” бағыты бойынша мектеп-гимназияның жүргізіп жатқан түрлі жұмыстары көрсетіліп, концерт тамашаланды.