Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ СҚО ПҚБАИ филиалының ұйымдастыруымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға мемлекеттік білім беру органдарының өкілдері, біліктілікті арттыру жүйесінің қызметкерлері, білім беру мекемелерінің педагогтері мен басшылары, еліміз бен Ресейдің ЖОО-ның оқытушы-профессорлық құрамы қатысты.
“Адами капиталды дамытуға бағдарланған білім берудің заманауи үлгісі контексінде біліктілікті арттыру жүйесін жаңғыртудың өзекті бағыттары” тақырыбын қозғаған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция облыстық біліктілікті арттыру жүйесінің 65 жылдығына орайластырылды. Ол Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жағдайындағы біліктілікті арттыру жүйесінің болашақтағы дамуын анықтауды мақсат етті. Сонымен қатар педагогтердің кәсіби құзыреттілігін үздіксіз арттыруды дамытудың осызаманғы беталысын айқындауды, қазақстандық білім берудің сапасын көтерудің шарты ретінде біліктілікті арттыру жүйесіне халықаралық тәжірибені біріктіру міндетін көздеді.
Шара барысында “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ның әр облыстағы филиалдары мен Ресей Федерациясының Мәскеу, Қорған, Омбы облыстарынан келген өкілдер педагог қызметкерлердің біліктілікті арттыру институтының материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты. Жиналған қонақтарға “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ СҚО ПҚБАИ филиалының 65 жылғы тарихы бейнероликтен көрсетілді.
Конференцияға қатысушылар “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ СҚО ПҚБАИ филиалының ұжымын 65 жылдығымен құттықтап, өздерінің сыйлықтарын тапсырды. Ұжымның бірқатар қызметкерлеріне еліміздің білім беру және облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру жүйесіне қосқан сүбелі үлестері үшін облыс әкімі Самат Ескендіровтің, облыстық Білім басқармасының басшысы Шолпан Каринованың, облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Кемел Оспановтың, “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ басқарма төрайымы Гүлназ Ахметованың атынан Алғыс хаттар мен мақтау қағаздары берілді.
Пленарлық отырыста “Педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесін орнықтыру” (СҚО бойынша ПҚБАИ жұмыс тәжірибесінен) (А.Мырзалинова – “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ СҚО ПҚБАИ директоры, педагогика ғылымының докторы, профессор), “Біліктілікті арттыру жүйесінің жаңа форматы: беталысы мен болашақ дамуы” (Е.Есімбаев – “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ Ақмола облысы ПҚБАИ филиалының директоры), “Қорған облысындағы балалардың, үйренушілер мен жастардың ғылыми-техникалық шығармашылығын дамыту жүйесін ғылыми-әдістемелік қолдау” (Н.Криволапова – Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі Білім беру және әлеуметтік технологияларды дамыту институтының бірінші проректоры), “Дарынды балаларды әлеуметтендіру бойынша Қостанай облысының тәжірибесі” (Н.Рябинина – “Қостанай дарыны” РҒТО директорының орынбасары), “Бейіндік оқытуды жүзеге асыруда Мәскеу облысының Ленин ауданындағы мектептер мен жоғары кәсіби және орта кәсіби білім беру мекемелерінің ықпалдастығы” (А.Луканкин – Мәскеу өңірлік әлеуметтік-экономикалық институтының доценті, физика-математика ғылымының кандидаты) тақырыптары бойынша тәжірибе алмасылды.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияның жоспары бойынша келген меймандар 6 секцияға бөлініп, жұмыстарын жалғастырды. Сонымен қатар Алматы, Қостанай, Қорған, Омбы қалаларының өкілдері шеберлік сыныптарын және тренингтер өткізді.
Шара соңында конференцияның қорытындысы шығарылып, концерт берілді.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.