Өткен аптада облыс орталығындағы “Нептун” фитнес-клубында “Hip-hop battle” үлгісіндегі “Стильдер шайқасы” атты би сайысы өтті. “Ардис” азаматтық бастаманы дамыту институты” қоғамдық бірлестігінің және облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының мұрындық болуымен қолға алынған шара “Break-dance”, “Hip-hop”, “Waacking”, “Kramp” және тағы басқа “хип-хоп” үлгісіндегі бидің шеберлері мен жаңадан үйреніп жүрген жастардың басын біріктірді.
Заманауи би сүйер қауымға саламатты өмір салтын насихаттаған шара қорытындысы бойынша шеберлер арасында Диана Ыбыраева үздік атанса, Әмір Зәкіров екінші болды. “Хип-хоп” үлгісіндегі биді жаңадан үйреніп жүргендер ішінен Ескендір Әлішер топ жарды. Ал Абылайхан Рахымжанов, Мәдина Балағұлова, Екатерина Батаева, Екатерина Коновалова мен Наталья Ковалева өзгелерге ұқсамайтын жаңашыл стилімен даралана білді.
Жастар арасында кеңінен танылған би байқауының соңында жеңімпаздар мен үздіктерге ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар мен “Нептун” фитнесклубының абонементі табысталды.
(Өз тілшімізден).