Құрметті баспасөз конференциясына қатысушылар!
Мен осы шараға дайындалу үстінде Сіздер ұсынатын регламенттегі “Қоғамды толғандыратын көкейкесті мәселелер” деген тақырып бәрінен де күрделі болар деген ойға келдім.
Өйткені, біздің Қызылжар өңірінің қазіргі көкейкесті мәселелеріне қарап, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының деңгейі қандай екендігін және мемлекеттік бағдарламалардың қалай орындалып жатқандығын аңғаруға болады. Сондықтан өз сөзімді Солтүстік Қазақстан облысының проблемалық мәселелерінен бастауды жөн көрдім.
Облысты аралаған кезімде мен ауылдықтардың қалай өмір сүріп жатқанын көріп-біліп жүрмін. Бүкіл отбасымен бірге еңбек етіп, шаруашылықпен айналысып жүргендердің тұрмыстары жақсы. Олар басқа жаққа демалысқа да бара алады. Ал жұмыс істегісі келмейтіндер ештеңе бітірмесе де, өздеріне барлық жағдайды жасап беруді талап етеді. Араларында өздерінше тырысып жатса да, өз тұрмысын дұрыстай алмай жүргендер де кездеседі. Мен ауылда туып-өстім, сондықтан ауыл өмірін бір кісідей білемін.
Шынымды айтсам, ауылда өмір сүріп, өз алтын ұясы – атамекенінің азып-тозып, құрып кетпеуі үшін еңбек етіп жүрген адамдарды айрықша құрмет тұтамын. Олар жермен жұмыс істейді. Ал Жер-Ана – біздің асыраушымыз. Міне, сондықтан да біз ауыл адамдары жақсы өмір сүруі үшін қолдан келгеннің бәрін де істеуіміз керек.
Атап айтқанда, қазір біз ауыл аумақтарының проблемаларына баса назар аударуымыз керек. Ең алдымен, облыстағы елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету және тозығы жеткен жолдарды жөндеуіміз қажет. Су мен жол – біздің басты проблемаларымыз.
Бүгінгі күні біз облыста орталықтандырылған сумен жабдықтауды 85%-ға дейін жеткіздік. Қала тұрғындары – 100%, ауылдықтар 73% қамтамасыз етілді.
Жалпы қаржыландыру көлемі 7,6 млрд. теңге “Ақ бұлақ” бағдарламасын 2013 жылы іске асыру ауызсуды тұрғындар саны 4,2 мың адамды құрайтын 6 ауылға беруге, 20 мың адам тұратын 7 ауылда сумен жабдықтауды жақсартуға, сондай-ақ ұзындығы 130 шақырымнан астам топтық су таратқыштарды қайта құруға мүмкіндік туғызады.
2014 жылы бұл жұмыс 42 ауылда жалғастырылатын болады, оларда 37 мың адам өмір сүруде.
Жұмысымыздағы басымдықтардың бірі – жолдардың жағдайын жақсарту. Бұл автомобиль жолдары экономиканың күретамыры болғандықтан ғана емес – олар, сондай-ақ, азаматтардың жайлы өмірінің басты құрамдас бөлігі болып табылады.
Жергілікті маңызы бар жолдарға үстіміздегі жылы алғаш рет 5,4 млрд. теңге қаржы бөлінді, ол былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Соның ішінде облыстық бюджеттен – 2,6 млрд. теңге бөлінді.
Жалпы республикалық және жерілікті маңызы бар жолдарды қайта жаңғырту, күтіп ұстау және жөндеу кезінде 2013 жылы12,4 млрд. теңге игерілді.
Соның ішінде “Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы” бағдарламасы бойынша сомасы 780 млн. теңге қаражат бөлінген болатын, соның есебінен аудандық маңызы бар автожолдарға орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Солтүстік Қазақстан облысының автомобиль жолдарының ұзындығы 9 мыңға жуық км. құрайды.
Бұл ретте, 1280 км. (17%) жол жақсы жағдайда, 2560 км. (34%) қанағаттанарлық жағдайда, 3690 км. (49%) қанағаттанғысыз жағдайда.
Атап өту керек, жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі 2003 жылмен салыстырғанда, 2013 жылы 12 есеге өсті.
Биылғы жылы автожолдарға жүргізілген жөндеу жұмыстары 162 мың тұрғыны бар 235 елді мекеннің көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік берді.
2014 жылы жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеуге қаржы қаражатын 6 млрд. 99 млн. теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда.
Облыстың автожолдарын жөндеу бойынша ағымдағы жұмыстардан басқа, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес облыста республикалық маңызы бар “Астана-Петропавл” автожолының ұзындығы 132 км. қайта жаңғырту жобасы іске асырылуда.
Солтүстік Қазақстан облысының көлік жүйесі инфрақұрылымын дамыту мен шоғырландырудың 2020 жылға дейінгі бағдарламалары шеңберінде Петропавл қаласының автовокзалы мен облыс аудандарындағы 11 автостанцияны жаңа стандарттарға сәйкес келтіру, 3 жаңа автостанция және жолаушыларға 7 қызмет көрсету пунктін салу жоспарлануда.
2016-2017 жылдарға жергілікті әуе желілерінің 3 аэродромын салу жоспарланған.
Бұл шаралардың барлығы жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, ол өз кезегінде біздің азаматтарымыздың тұрмысына оң әсерін тигізеді.
Құрметті баспасөз конференциясына қатысушылар!
Биылғы жыл біздің еліміздің дамуының жаңа кезеңінің басы болып табылады. Өйткені, бұл жыл – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев белгілеген “Қазақстан – 2050” Стратегиясын жүзеге асырудың бірінші жылы. Осы жаңа Стратегияны іске асыруда өңірлер айрықша орын алуға тиіс.
Президентіміз жариялаған мемлекеттік саясаттың жаңа бағытын іске асыру жағдайында Орталық коммуникациялар қызметінде облыстардың брифинг өткізуіне мүмкіндік жасалуы өте маңызды деп санаймын.
Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздің солтүстік қақпасы деп жайдан-жай айтылмаған. Қызылжар өңірі Ресейдің үш облысымен шектеседі. Сондықтан да біз Қазақстан мен Ресейді байланыстыратын маңызды буын болып табыламыз. Мұның өзі бізге ерекше жауапкершілік жүктейді.
Солтүстік Қазақстан өзінің агро-өнеркәсіп кешенімен танымал. Ел аумағының 4 пайызын ғана алып жатқан біздің облысымыз жыл сайын республикада өсірілетін жоғары сапалы бидайдың үштен бірін өндіреді.
Өңіріміздің ең басты ерекшелігі мен мақтанышы оның тұрғындары, көпэтносты халқы болып табылады. Облысымызда бейбітшілік пен келісімде 100-ден аса этнос өкілдері тұрып жатыр.
Облысымызда қабылданып жатқан іс-шаралар кешенінің негізіне, ең алдымен, өңір тұрғындарының мұқтаждықтары мен қажеттіліктері алынды.
Сондықтан да біздің алдағы жоспарымыз, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының бюджеті қайта түзетіліп, әрбір тұрғынның маңызды қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталды.
Жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар есебінен халыққа көрсетіліп жатқан қызмет сапасы артуда. Ең алдымен, олар маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған.
“Үй болмай, күй болмайды” деген халық даналығы бар. Тұрғын үймен қамтамасыз етілу жақсы өмірдің түп қазығы болып табылады.
Сондықтан да біз үстіміздегі жылғы бюджеттік тұрғын үй құрылысы көлемін екі есеге немесе былтырғы жылмен салыстырғанда 48%-ға арттырдық. Биылғы жылдың 10 айы ішінде құрылыс жұмысының көлемі 24,4 млрд. теңгені құрады, бұл 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105%.
Азаматтардың тұрғын үйге деген қажеттілігін қанағаттандыруға негіз болатын базалық құжат ел Президентінің бастамасымен қабылданған “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы болып табылатынын Сіздер жақсы білесіздер.
2013 жылы аталмыш бағдарлама аясында облысымызда 113 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 1252 пәтер пайдалануға беріледі. Бүгінгі таңда 594 отбасы жаңа қоныстойларын атап өтті. Келешекте біз осы қарқынды сақтауға тырысамыз.
Облыс орталығында құрылысы жүргізіліп жатқан жаңа да осы заманға сай “Береке” шағынауданын үлкен әрі болашағы зор жоба деп санаймыз. Ол адамдардың тұруы үшін жайлы да ыңғайлы болатынына сенімдімін.
Бұл, әсіресе, жас отбасыларға қатысты. Олар үшін тек облыс орталығының өзінде ғана көппәтерлі жалгерлік-коммуналдық 7 үй салынуда.
Жалпы алғанда, соңғы 10 жыл ішінде жыл сайын тұрғын үйді пайдалануға берудің орташа көлемі 122 мың шаршы метрді құрады, бұл 2003 жылмен салыстырғанда 2,8 есеге көп (43 мың шаршы метр), ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 272 мың шаршы метрді құрайды.
Бағдарламаны жүзеге асырудың қорытындысы бойынша 2020 жылға дейін 1,4 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, яғни 17,8 мың отбасы өздерінің қоныстойларын тойлайтын болады. Бұған Петропавл қаласында 2014 жылы іске қосылатын Үй құрылысы комбинатының бірінші кезеңі септігін тигізеді.
Азаматтардың әлеуметтік жағдайы тақырыбын жалғастыратын болсам, бүгінгі таңда жергілікті органдардың қызметінде халықты жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейін азайту маңызды болып табылатындығын атап өткім келеді.
Өңірді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру барысында біз соңғы 4 жыл ішінде 126,7 мың адамды, соның ішінде биылғы жылы 26 мың адамды жұмысқа орналастырдық. Бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейін 5,8 пайыздан 5,0 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік берді.
Облыс тұрғындарының негізгі бөлігі немесе 58,7 пайызы ауылдық жерлерде тұрып жатыр. Сондықтан да “Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы” бағдарламасы арқылы жұмысқа тұрғызу өте өзекті болып табылады. Осы бағдарлама аясында 3,8 мың адам жұмысқа тартылды, олардың 340-ы кәсіби оқытуға жіберілсе, 291 адам өз ісін ашу немесе кеңейту үшін шағын кредит алды.
Әлеуметтік жұмыс орындарына 947 адам жұмысқа орналастырылып, 1029-ы жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа жолданды.
Сондай-ақ әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым объектілерін жөндеу есебінен қосымша жаңа 1100 жұмыс орны ашылды.
Жұмыспен қамту мәселесін шешудегі қадамдардың бірі – тұғын үйді салу бойынша қанатқақты жобаны жүзеге асыруға қатысу.
Биылғы жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес біздің облысымыз басқа 3 облыспен қатар (Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар) жұмыс беруші тарапынан бірлесіп қаржыландырылатын тұрғын үйді салу бойынша қанатқақты жобаны жүзеге асыруға қатысады. Аталған жоба бойынша облысымыздың 7 ауданында 515 млн. теңге сомасына 82 пәтерлік 60 үйдің құрылысы жүргізілуде. Жұмыс берушілердің бірлесіп қаржыландыру көлемі 60 млн. теңгені құрайды.
Осы жөніндегі әрбір көрсеткіштің, әрбір цифрдың артында талай адамның жұмысқа орналасу мәселесінің шешілуі, әлеуметтік қорғалуы тұр.
Бүгінгі таңда адами капиталға инвестиция тарту өте қажет. Сондықтан да біз денсаулық сақтау және білім беру мәселелеріне зор көңіл бөлудеміз.
Денсаулық сақтауды тұрақты дамытуға қол жеткізу осы сала шығындарын жыл сайын, нақты арттыруды, оның ішінде сәйкесінше инфрақұрылым құруды қарастырады. Қазіргі уақытта облыста әрбіреуі күніне 250 қабылдау жасайтын 4 аудандық емхана құрылысы жүргізілу үстінде. Петропавл қаласында өткен жылы репродукция бөлімшесі ашылды.
“Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттары бойынша атқарылған жұмыс облыстың денсаулық сақтау ісінің негізгі көрсеткіштерін тұрақтандыруға мүмкіндік берді, биыл олар жақсара түсті: туу 2,2%-ға көбейді, жалпы қайтыс болу 3%-ға, бала өлімі 23,7%-ға, туберкулезбен науқастану 18,6%-ға кеміді. Балалар арасында туберкулезден қайтыс болудың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ.
Аталған көрсеткіштерді жақсартуға зор үлес қосу облыстық Кардиологиялық орталықтың өңірдегі медицина ұйымдарымен өзара байланыста жұмыс атқаруы арқасында екені күмәнсіз.
Биылғы жылы жоғары мамандандырылған көмек көрсету аясында жүрекке және тамырға 675 операция жасалды.
Республикалық Жол картасының іс-шаралар жоспарына сәйкес балаларға кардиохирургиялық көмек көрсету дамуда. Үстіміздегі жылы Астана қаласының Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығының кардиохирургтары облыстық балалар ауруханасының мамандарымен бірлесіп, 14 балаға операция жасады.
Қазіргі кезде жалпы сала бойынша біз аурудың алдын алуға және ерте анықтауға, сондай-ақ медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін, әсіресе, облыс аудандарында арттыруға бағытталған нақты міндеттер қойып отырмыз.
Сонымен бірге, адамдардың өз денсаулығына деген жауапкершілік, ең алдымен олардың өздерінің қолында екенін ескеріп, біз тұрғындарды саламатты өмір салтын ұстануға тарту үшін жағдай жасаудамыз.
Облыста спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігі артып келеді.
Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысында 143 мыңнан астам адам дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады (облыс халықының жалпы санының 25%-ы). Осы көрсеткіш бойынша облыс Қазақстан өңірлерінің арасында 4-орынды алады.
Бұқаралық спортпен айналысатын оқушылар мен жастарды қамту 40 %-ға артты.
Бұқаралық спортпен жүйелі қамту спорттық жоғары жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. 295 солтүстікқазақстандық ұлттық құрама командалардың құрамына алынды.
Тек соңғы жылда ғана облыс жаттықтырушылары Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шеберін, 8 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 35 Қазақстан Республикасының спорт шеберін даярлады. Барлығы шеберлігі жоғары 528 спортшымыз бар.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында бірінші рет Лондонда өткен Олимпиада ойындарының велосипед спорты бойынша алтын медальді солтүстікқазақстандық велошабандоз Александр Винокуров жеңіп алды. Бұл медаль біздің еліміздің олимпиадалық жеңіс салтанатына жол ашты.
Соңғы жылы велошабандоз Алексей Луценко Әлем чемпионы атанды.
Қазанда өткен Дүниежүзілік Универсиадада жеңіл атлетші Маргарита Мукашева ұлттық рекордпен жеңіске жетті.
Паралимпиялық жүзгіш Владимир Эрман мүмкіндіктері шектеулі жандар арасындағы Дүниежүзілік ойындардың екінші рет алтын жүлдегері атанды.
Адам капиталы туралы сөз қозғағанда, білімге ерекше рөл береміз.
ХХІ ғасыр зияткерлік бәсекелестіктің уақытына айналды, ал білім – азаматтар өмірі сапасының негізі.
Облыста жалпы білім беретін мектептерде сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Бүгінгі күні олардың басым бөлігі осызаманғы құралдармен жабдықталған, “Интерактивтік мектеп” бағдарламасына қосылып, онлайн-режимде конференциялар мен бейнесабақтарға қатысу мүмкіндігіне ие болды.
7 тірек мектеп-ресурстық орталық шағын жинақты мектептердің (облыста олар 87 пайызды құрайды) де сапалы білімге бірдей қол жеткізуін қамтамасыз етеді. 2015 жылға қарай тағы осынша ресурстық орталық құрмақшымыз.
Соңғы 3 жылда 4 мектеп салынды, оның біреуі – республикалық бюджет, 3-і – жергілікті бюджет есебінен (Жамбыл, Есіл, Ғ. Мүсірепов атындағы аудандарда). Қазіргі уақытта Петропавл қаласында Тұңғыш Президентіміздің Зияткерлік мектебі және Мамлют ауданында орта мектеп салынуда.
Бүгінгі таңда мұғалімдердің кәсіби деңгейі, білім саласында жасалған жағдай біздің балалардың жетістіктері жайлы айтуға мүмкіндік беріп отыр. Облыс ҰБТ нәтижесі бойынша республика көлемінде тұрақты түрде 3-4-орынға ие. Өткен оқу жылында 4-ші көрсеткішке ие, ал екі жыл қатарынан солтүстікқазақстандық шәкірттер математика, биология және ағылшын тілі пәндерінен республикалық көрсеткіштен жоғары нәтижеге жетті. 29 түлек “Алтын белгіге”, 20 түлек ерекше аттестатқа ие болды. Облыстағы түлектердің 30 пайызы мемлекеттік грант бойынша жоғары оқу орындарына түсті. Оқушылардың үздік білімі халықаралық және республикалық конкурстар мен олимпиадаларда дәлелденуде.
2013 жылы облыстың құрама командасы халықаралық зияткерлік турнирлерде – 48, сондай-ақ республикалық олимпиадада 60 жүлделі орынды жеңіп алды. 2 жыл қатарынан “ЛОРД” дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-лицейдің командасы республикада үздік олимпиада командасы атанды.
“Балапан” бағдарламасы бойынша соңғы 3 жылда балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 52-ден 89 пайызға дейін өсті (14205 баладан 22154-ке дейін ).
Бұл мәселе өте маңызды және біздің үнемі бақылауымызда. 2015 жылы облыстың барлық ауданында 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды қамту жоспарлануда, облыс орталығында бұл жұмыс одан әрі жалғасатын болады.
Облыстағы 30 колледжде техникалық және кәсіптік білім экономика саласындағы кадрлар қажеттілігін толықтай қамтып отыр, яғни 15 мың студент білім алуда немесе жыл сайын бес мыңнан астам маман даярлануда.
Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың басты векторы – дуальдық жүйемен оқыту, бұл жүйе 2012 жылдан 6 колледжде енгізілді.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқығандардың 78 пайызы оқуды аяқтаған соң жұмысқа бірден орналасады.
Құрметті баспасөз конференциясына қатысушылар!
Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлді. Елбасы ауыл шаруашылығын, әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажеттігін атап көрсетті.
Үстіміздегі жылы Мемлекет басшысы облысымызға жұмыс сапары барысында солтүстікқазақстандық диқандардың еңбегіне оң баға берді. Сіздер астық жинау қорытындысы бойынша жақсы өнімге қол жеткізіп, ең үздік диқандар екендеріңізді дәлелдедіңіздер, деді.
Солтүстікқазақстандық диқандар биыл да Елбасы сенімін ақтады деуге болады. Егіншілеріміз ауа райының қолайсыздығына қарамастан, дәнді дақылдардың әр гектарынан 14,6 (он төрт бүтін алты ондық) центнерден өнім алып, барлығы 5 миллион тоннадан астам астық жинады. Бұл республика бойынша алынған өнімнің 25 пайызын құрайды.
Өңірімізде үлкен әлеует негізі және облысымызды дамытудың ең бастысы – агроөнеркәсіп кешені болып табылады.
Ауыл шаруашылығын дамытуға ең бастысы – егістік пен жайылымдарды қоса алғанда, ауыл шаруашылығы алқаптарының мол жер қоры мүмкіндік туғызады.
Бұл салада 146 мыңнан астам адам жұмыс істейді, жұмыс істейтіндердің жалпы көрсеткішінде олардың үлесі 44%-ды құрайды.
Облыс экономикасының құрылымында жалпы өңірлік өнімнің 30 пайызы аграрлық сектордың үлесіне тиеді.
Халықтың жан басына шаққандағы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі де өсуде, мысалы, үстіміздегі жылдың 10 айында ол 403,9 мың теңгені құрады, бұл 2010 жылға қарағанда 1,4 есе көп.
Биыл егіннен жоғары өнім алынып, 5,2 млн. тонна астық жиналды. Бұл сектордағы табыстарды біз, біріншіден, мемлекеттің қуатты қолдауымен, сондай-ақ өсімдік шаруашылығында қазіргі заманға сай ылғал ресурстарын сақтайтын технологияларды қолданумен байланыстырамыз.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді қаржыландыру 2003 жылдан басталды, бұл кезең ішінде 300 млн. теңгеден 2013 жылы 9,4 млрд. теңгеге дейін, яғни 31 есе өсті.
Облыс экспортқа жыл сайын орташа есеппен 1,5-2,0 млн. тонна бидай өткізеді. Негізінен, ТМД, Еуропа Одағы, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдеріне. Біздің бидайымыз сапасы жоғары болуына байланысты тұрақты сұранысқа ие.
Биылғы жылдың басынан бері экспортқа 1,5 млн. тонна бидай, соның ішінде 235 мың тонна ұн жіберілді.
Мемлекет басшысының егін алқаптарын әртараптандыру және майлы дақылдар алқабын кеңейту жөніндегі тапсырмасына орай биыл бидай егістігін қысқарту есебінен майлы дақылдар алқабы 55,5 мың. гектарға ұлғайып, 439,1 мың га. құрады, малазықтық дақылдар алқабы 68,5 мың. гектарға ұлғайып, 319,7 мың га. құрады.
Өндіріс көлемі және астықты сақтау арасындағы айырмашылықты жою міндеті де маңызды болып табылады. Осыған орай облыста астық қоймаларын және элеватор салу бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Негізінен, бұл – жаңа технологиялар бойынша жұмыс істейтін және әдеттегі дәнді дақылдарды ғана емес, сонымен қатар ұсақ тұқымды дақылдарды да қабылдау, кептіру, өңдеу, сақтауға мүмкіндік беретін танымал батыс фирмаларының қазіргі заманға сай өндіріс модульдері.
Үстіміздегі жылдың басынан бері біз жалпы 123,4 мың тонна сыйымдылығы бар 7 астық қабылдайтын кәсіпорын салып, пайдалануға бердік және бұл жұмыс жалғасын таппақ.
Мал шаруашылығында да табыстар мол. Бұл сала да серпінді дамып, қазіргі заманға сай қарқынды технологияларды игерумен, мал өнімділігін өсірумен сипатталады, яғни өнімді тұрақты өндіруді қамтамасыз етеді.
Жалпы 2013 жылы мал шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлерін 3%-дан 13%-ға дейін өсіру қамтамасыз етілді, ірі қара басы – 6,6 %-ға, құс 10%-ға дейін өсті. Сонымен бірге, әрине, мал шаруашылығы саласы жұмысының негізгі бағыты – ірі және орташа тауарлы өндірісті дамыту болып табылады.
Елбасының ірі қара етінің экспорттық әлеуетін іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында облысымызда 6 мың 700 бас мал үшін 21 асылтұқымды репродуктор, 6 мың 900 бас мал үшін 5 бордақылау алаңы құрылды. Облыс шаруашылықтары 62 мыңға жуық ірі қара төлін сатып алды, соның ішінде 11,7 мыңы – “Сыбаға” бағдарламасы аясында.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, өңірдің аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін өсіруге және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлді.
Өңірдің қайта өңдеу саласы агроөнеркәсіп кешені құрылымында негізгі буындардың бірі болып табылады. Ол облыс тұрғындарын қажетті азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етеді.
Биылғы жылдың 10 айы ішінде азық-түлік тағамдары көлемі ақшалай көріністе 55,5 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылға қарағанда 27% артық.
Азық-түлік тағамдарын өндіру кәсіпорындары 2013 жылдың қаңтар-қазан айлары ішінде облыстың өнеркәсіп өндірісі көлемінің – 46%-ын және қайта өңдеу өнеркәсібі көлемінің 61%-ын өндірді.
Облыс тұрғындардың сиыр еті (1,5 есе – 146%), шошқа еті (4 есе), сүт (3,7 есе), жұмыртқа (2 есе), ұн (6 есе), картоп (4 есе), көкөніс (2 есе), макарон өнімдері (5 есе) бойынша қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді.
Өңірдің ауыл шаруашылық саласының даму келешегін біз көп ретте “Агробизнес – 2020” бағдарламасымен байланыстырамыз. Әрине, облыс тұрғындары тұрмысының жайлылығына экономика саласында болып жатқан жақсы өзгерістер де оң әсер етеді.
Соңғы 3 жыл ішінде облыс экономикасының өсу қарқыны 111% құрады.
Өңірлік жалпы өнім үстіміздегі жылдың 6 айы ішінде 262,9 млрд. теңгені құрады.
Облыс экономикасына жыл басынан бері 77,1 млрд. теңге инвестиция салынды, оның жартысынан астамы (79,2%) жекеменшік қаражатты құрайды. Соңғы 3 жыл бойы жеке инвестиция салымының өсімі сақталып келеді.
Бүгінгі күні біздің облыс барлық инвесторлар үшін ашық. Бұл үшін біз Инвесторларға қызмет көрсету орталығын аштық, мұнда оларға кең кешенді қызмет көрсетіледі. Біз кез келген инвестор үшін жобаларды дамыту мен сүйемелдеу және оларды жүзеге асыру бойынша барлық жағдайды жасадық.
Облыста өнеркәсіп өндірісі көлемі өсуінің оң серпіні байқалуда.
Облыстың жалпы өңірлік өнімінде өндірістің үлесі 10,6% құрайды.
Бүгінгі күні бізде өңдеу өнеркәсібі бойынша республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл өңіріміздегі өнеркәсіп өндірісінде негізгі орын алады, яғни 76 пайыз (республика бойынша бұл көрсеткіш 32% құрайды). Жер қойнауын пайдалану облыс өнеркәсібінің бір пайызын құрайтынын айтып өткен жөн. Яғни, бізде саланы дамыту бірінші кезекте өңдеу өнеркәсібі есебінен болып отыр.
Үстіміздегі жылдың басынан бері облысымыздың өнеркәсіп кәсіпорындары 121 млрд. теңге сомасына өнімдер шығарып, өткен жылғы осы кезеңге қарағанда өсім 4,6% құрады. Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 5,2% артты. Саланы дамытудың басты бағыттары – тамақ өнімдерінің өндірісі және машина жасау.
Бүгінде машина жасау саласының үлесіне өңдеу өнеркәсібі көлемінің үштен бір бөлігі келеді.
Кәсіпорындар қайта жаңғырту үдерісіне белсенді қосылып, мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануда. Тек соңғы 2 жылда өндірісті жаңғырту мен қайта құруға 3 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалды. Бұл шаралар өз кезегінде шығарылатын өнім көлемінің ұлғаюына әсер етуде.
Елбасының тапсырмаларын орындай отыра, біз үдемелі Индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға белсене қатысудамыз.
Индустрияландыру картасы аясында өңірімізде жалпы сомасы 41,5 млрд. теңгені құрайтын 31 жоба іске асырылуда. Бұл нысандар 2 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді.
Бүгінгі күні сомасы 26 млрд. теңгені құрайтын 26 жоба іске асырылып, 800 жаңа жұмыс орыны ашылды. Карта аясында іске қосылған барлық нысандар тұрақты жұмыс істеуде.
Өте маңызды индустриялық-инновациялық жобаларға тоқталайын:
“ЗИКСТО” акционерлік қоғамы республикада бірінші болып жүк вагондарын шығаруды бастады. Қазір кәсіпорын жүк вагондарының төрт түрін шығарады, соның ішінде біздің астық өндірушілерге ең қажетті дәнді дақылдар таситын вагондар бар. Алдағы уақытта олардың түрлерін көбейту жоспарланған.
“Мұнаймаш” акционерлік қоғамы мұнай өнеркәсібіне арналған бұйымдарды шығару өндірісін жаңартты. Өнім номенклатурасын арттыру бойынша мүмкіншілік ұлғайып, ол 100 еседен артты. Бұл жаңа нарыққа шығуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні зауыт үш ауысымда жұмыс істейді және кәсіпорын өз қызметкерлерінің жалақысын көбейтуге жағдай жасады. Ондағы жалақы мөлшері облыстық орташа көрсеткіштен екі есе артық.
Көріп отырғанымыздай, жаңарту өнеркәсіп өнімі өндірісі жағдайын жақсартып қана қоймай, мультипликативті нәтиже берді, бұл өз кезегінде жұмыспен қамтуда үдемелі өсімге жетуге айтарлықтай ықпал жасады және кәсіпорын ұжымы табысының молаюына септігін тигізді.
Облысымызда сүт өнімдері мен шырынды сусындар шығару бойынша ең заманауи жүйелермен жабдықталған Орталық Азиядағы ірі “Молпродукт” зауыты құрылды (қуаттылығы – жылына 85 мың тонна дайын өнім). Өнімнің 70%-ы – экспортқа шығарылады. Өнімдер Ресей Федерациясына жеткізілуде.
Кәсіпорынның қызметі маңызды сервис саналатын тұрғындардан сүт сатып алуға жол ашты. Алайда, зауыттың басты жетістігі – осында шығарылатын сүт өнімдерінің табиғи тазалығында.
Баламалы энергетиканы дамыту жөніндегі жұмыс шеңберінде өткен жылы аграрлық кәсіпорындар қуаттылығы 1,5 Мегаватт құрайтын екі жел-энергетикалық қондырғыны іске қосты. Жаңғыртылатын энергетикаға жұмсалатын инвестициялар өсуде. Алдағы уақытта тағы да бірнеше жел-энергетикалық қондырғыларды орнату жоспарлануда.
Индустрияландыру картасы шеңберінде тағы бір перспективті жоба жүзеге асырылуда – үстіміздегі жылдың соңына дейін “Зенченко және Компания” коммандиттік серіктестігі осызаманғы жаңа технологияларға негізделген жаңа сүт зауытын пайдалануға береді (қуаттылығы жылына 10 мың тонна дайын өнім шығарады). Кәсіпорынның өнімі Астанаға және Қазақстанның басқа да қалаларына жеткізілетін болады.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың айтарлықтай әлеуетіне ие бола отырып, біз, сонымен бірге, минералды-шикізат кешенін дамыту саласында қосымша резервтік экономикалық өсуге жету бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Бүгінгі күні бізде пайдалы қазбалардың үлкен қорлары бар, бұл – республика балансындағы – 65% қалайы, 37% цирконий, 19% уран. Қазіргі таңда титан-цирконий концентраттарының экспортқа бағытталған өндірісі іске қосылды.
Жалпы бұл салада 49 кәсіпорын жұмыс істейді және олардан облыс бюджетіне үстіміздегі жылы 217 млн. теңге салықтық төлемдер түсті.
Қалайы, мысалтын кендері және басқа металдар қорларының кен шығару мен расталуы жүргізілуде. Келешекте қорлар расталғаннан кейін инвесторлар іздестірілетін болады. Нәтижесінде біз жер қойнауларын пайдаланудың жаңа деңгейіне шығудамыз. Бұл жалпы облыс экономикасына оң әсерін тигізеді.
Шағын және орта бизнестің дамуы үшін мемлекет қолайлы жағдай жасап келеді. Облыста барлық салықтың 60% -ы шағын және орта бизнестің түсімінен құралады.
Біз бизнесті жүргізу үшін жайлы шарттармен қамтамасыз ету және рұқсат рәсімдерін жеңілдетуде әкімшілік тосқауылдарды жою үшін жүйелі жұмыс істеудеміз. Бұл жұмыс қоғамдық бірлестіктер және үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүргізілуде.
Кәсіпкерлерге несиелер арзандатылатын, өнеркәсіптік инфрақұрылымдар өткізілетін, басқа да жәрдем түрлері көрсетілетін “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы өңірлік деңгейде өзін жақсы жағынан танытты. 4 жыл ішінде аталмыш бағдарламаны іске асыру үшін облысқа 4 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді, оның ішінде 1,1 млрд. теңге – үстіміздегі жылда.
Мемлекеттік көмек көрсету шаралары шағын және орта бизнеспен айналысатындардың саны 2005 жылмен салыстырғанда 30%-ға (77 мың адамнан 100 мың адамға) дейін артуына мүмкіндік берді. Осы кезеңдегі өнім шығарылымының көлемі, атап айтқанда, төрт есеге артты.
Бұл бағытта үлкен қорлар бар. Кәсіпкерлік – біздің экономикалық және әлеуметтік саламыздың маңызды бөлігі. Біз оны одан әрі қолдап, дамытамыз.
Өңіріміздің ыңғайлы орналасуы бізге Ресей Федерациясының Омбы, Түмен және Қорған облыстарымен ынтымақтастыққа жақсы мүмкіндік береді. Облыстың Кеден одағы елдерімен ішкі тауар айналымы жалпы тауар айналымының 70% – ын құрайды.
Экспортқа жүретін негізгі өнім мен азық-түлік тауарлары – бидай және ұн (облыстың жалпы экспортының 60% шамасын құрайды) және де метал және металдан жасалған бұйымдар, электрооқшаулар және құрылыс материалдары. Негізгі импортталатындарға машиналар және жабдықтар, көлік және оның жинақтаушылары жатады.
Облыс шамамен әлемнің жетпіс елімен ынтымақтастықта. Экспорттың негізгі легі – Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Латвия, Әзірбайжан, Бельгия елдері. Импорт бойынша негізгі серіктестіктер – Ресей, Украина және Қытай.
Құрметті баспасөз конференциясына қатысушылар!
Біздің туризм саласында үлкен жоспарымыз бар. Өйткені, “Ақ қайыңдар өлкесі” атанған Қызылжар өңірінің табиғаты сұлу, тарихы бай, көз тартатын көрікті орындары көп. Облысымыз туристерді ғана емес, тұратын жер таңдаған адамдарды да қызықтыруға тиісті.
Туризмнің экологиялық, спорттық және ауылдық түрлерін дамытудың арқасында кейінгі 3 жылда осы саладағы қызмет көрсету 1,7 есеге көбейтілді.
Атап айтқанда, ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың әжесі – Айғанымның қонысы, Петропавл қаласындағы бір кезде аңызға айналған “Абылайдың ақ үйі” – Абылай ханның резиденциясы қайтадан қалпына келтірілді. Сондай-ақ дүниежүзі ғалымдарының назарын аударған атақты Ботай және Ақ ирек тарихи қоныстарына баратын маршруттар жаңартылды.
Қызылжар өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуында қол жеткен жетістіктердің барлығы да облыстық бюджеттің айтарлықтай өсімімен байланысты. Соңғы 10 жылдың ішінде облыс бюджетінің шығыс бөлігі 6,3 есеге ұлғайтылғандығы – соның айғағы.
Нақты айтсақ, 2003 жылы облыс бюджеті он бес миллиард тоғыз жүз миллион теңгені құраған болса, биылғы жылы жүз он миллиард екі жүз миллион теңгені құрады. Осыншама қаржының елу тоғыз пайызы әлеуметтік маңызы бар салаларға – білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салаларына жұмсалды.
Осыған дейін бірталай көкейкесті мәселелер бюджет қаржысының жетіспеушілігіне байланысты шешілмей келгендігін ескерсек, біз алдағы уақытта бюджеттік менеджменттің деңгейін көтеріп, әрбір теңгенің тиімді жұмсалуына қол жеткізуіміз қажет. Өйткені, Мемлекет басшысы нақ осы бюджетті игеру жөнінде Үкіметтің биылғы жылғы қазан айының он бірінде болған кеңейтілген отырысында өткір сын айтқан болатын.
Міне, сондықтан да біз бұл мәселеге айрықша көңіл бөлудеміз.
Сондай-ақ Президент атап көрсеткен экономикалық салалардағы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған жұмыстар айрықша бақылауымызда тұр. Олар – өңіраралық кооперацияны және еліміздің өңірлерімен ынтымақтастықты күшейту, өнімді жұмыспен қамтамасыз ету, жұмыс істеп тұрған балабақшалар мен шағын орталықтарды кеңейту және жаңаларын ашу есебінен балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды ұлғайту, медицина кадрларының тапшылығын болдырмау, типтік жобаларды пайдалану арқылы салынып жатқан нысандардың қымбаттауына жол бермеу сияқты көкейкесті мәселелер. Мемлекет басшысы атап көрсеткен барлық кемшіліктер бойынша біз нақтылы жоспар жасап, оны бұлжытпай іске асыруға күш салу үстіндеміз. Берілген тапсырмаларды сапалы орындау облыстың барлық мемлекеттік органдарының басшыларының жеке жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан да бұл мәселелерді өзімнің тұрақты бақылауымда ұстаймын.
Суреттерді түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.
Қызылжар өңірінің атқарылған және алдағы істерін жалпақ елімізге жайып салған өңіріміздің басшысы Самат Ескендіровтің Орталық коммуникациялар қызметінде өткізілген баспасөз конференциясында сөйлеген сөзі облыс тұрғындары тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Солардың бір тобының лебіздерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
ҰЙЫМДАСТЫРА БІЛГЕН ҰТАДЫ
Геннадий ЗЕНЧЕНКО,
“Зенченко және К” коммандиттік
серіктестігінің Бас директоры.
2012 жылдың желтоқсанында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында “Қазақстан – 2050” Стратегиясын баяндап, егістік алқаптарын ұлғайту, жаңа технологияларды енгізу есебінен өнімділікті арттыру, әлемдік деңгейде мал өсірудің жемазық қорын жасау жолымен ауыл шаруашылығын ауқымды жаңарту қажеттігін атап көрсетті.
Осы ретте бастамаларды жүзеге асыру үшін бірінші кезектегі мақсатты назарда ұстай отырып, мақсаткерлікпен және ынтамен жұмыс істеуге тиіспіз.
“Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі – Солтүстік Қазақстан облысының ірі де серпінді дамып отырған құрылымдарының бірі.
2013 жылы 14 мың гектардан аса алқапқа дәнді дақылдар себілді. Бүгінгі таңда шаруашылығымызда облыстағы ең көп мал шоғырланған. Жалпы сауылған сүт 87 мың центнерді, ет өндіру 155 тоннаны құрайды.
Мемлекет аграршыларға өте жақсы қолдау көрсетіп келеді. Сүт, ет өндіруге, жанар-жағармай бағасын арзандатуға 233 миллион теңге демеуқаржы аламыз, мұның өзі өндірісті дамытуға қосымша ынталандыру ғой.
Жақсы жұмыс істеудеміз. Бірақ бұдан да асып түсуге тырысамыз. Сондықтан сүт өнеркәсібіндегі соңғы озық жетістіктерді ескере отырып, тәулігіне 50 тонна сүт өңдейтін жаңа зауыт салу жөнінде шешімге келдік. Жаңа зауытты өзіміздің сүт шикізатымызбен қамтамасыз ету үшін симменталь тұқымды 600 бас мал сатып алдық және 2012 жылы тағы бір мал шаруашылығы кешенін салдық.
Жемазық қорын тұрақты қамтамасыз ету үшін шаруашылықта жайылымдарды суару жұмыстары жүргізіледі. Бұл үшін жылжымалы, айналмалы Rainfine Towable center Pivot ирригация жүйесі (екі позициялық, 415 метрлік) және бір мезетте 397 гектар алқапқа су шашуды қамтамасыз ететін Valley FP – 850 стационарлық айналмалы қондырғысы сатып алынды.
Біз озық бастамалардың куәсіміз. Осылардың бәрі де шаруашылықтарды, ауылдарымызды ойдағыдай дамыту, ауылдастарымыздың тұрмыс деңгейін жақсарту үшін жасалады.
Осы мақсатпен 2012 жылы Елбасымыз Н. Назарбаев қатысқан Индустрияландыру картасы жобаларын таныстыру бойынша Жалпыұлттық телекөпір жүргізудің барысында “Екі жел қуаты қондырғысын салу” үлкен жобасы іске қосылды. Германиядан әрқайсысының биіктігі 54 метр, ал салмағы 74 тонна екі қондырғы әкелінді. Жел қуаты қондырғылары жылына 8 миллион киловатт-сағат электр қуатын өндіріп, шаруашылықтың бүкіл мұқтаждарын қамтамасыз етеді. Артылған қуат жалпы электр желісіне беріледі.
Бүкіл саланы дамыту үшін ұдайы техника сатып алынады. Бүгіндері біздің шаруашылығымызда озық әлемдік өндірушілердің өнімдерін: “Джон Дир” және “Ягуар” фирмаларының астық жинайтын комбайндарын көруге болады.
Шаруашылық ауылды дамытудың әлеуметтік саласына үлкен көңіл бөледі. Жыл сайын ауылды көгалдандырамыз, жолдарды, жылу жолдарын жөндейміз, құрылыстар салып, жұмысшыларымыздың тұрғын үйлерін жөндейміз. Спортшыларға, Петропавлдағы жетім балалар мектеп-интернатына, мектептерге, “Ажар” бөбекжайбалабақшасына, Новоникольскідегі ауылдық дәрігерлік амбулаторияға үнемі көмек көрсетіп тұрамыз. 2013 жылы 984 мың теңгенің медициналық жабдықтары алынды.
Шаруашылықтың бөлімшелерінен балаларды тасымалдау үшін 4,8 миллион теңгеге автобус сатып алдық. 25 миллион теңге жұмсап, жабық спорт кешенін салдық.
АГРАРЛЫҚ САЯСАТТАҒЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒЫТЫМЫЗ АЙҚЫН
Серікбай ТҰРАЛИНОВ,
облыстық Ауыл шаруашылығы
басқармасының басшысы.
Ауыл шаруашылығы – Солтүстік Қазақстан облысы экономикасының негізгі салаларының бірі. Аграрлық секторды дамыту деңгейі қоғамның экономикалық тұрақтылығын айқындайтын фактор болып табылады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығымен ауыл шаруашылығын дамытуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлді, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында саланы ауқымды жаңғырту қажет екенін атап өтті.
Ел басшылығы белгілеген экономиканы жаңғырту жолдары оң өзгерістер әкелді. Облыс экономикасының құрылымында өңірлік жалпы өнімнің 24%-ын алып отырған ауыл шаруашылығында елеулі нәтижелерге қол жеткіздік.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет екендігін өмір дәлелдеді. Осыған байланысты биыл “Агробизнес – 2020” мемлекеттік бағдарламасы әзірленді, оның негізгі мақсаты – агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдай жасау. Бағдарламада инвестициялық субсидиялар түрінде мемлекеттік қолдаудың, қарыздарды сақтандыру және кепілдендірудің, кредиттер мен лизинг бойынша сыйақы ставкасын субсидиялаудың, ЕДБ қорландырудың жаңа тәсілдері қарастырылған.
2013 жылы осы бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялауға 9,4 млрд. теңге, оның ішінде егіншілікке 7 млрд. теңге және мал шаруашылығына 2,4 млрд. теңге бөлінді, демек, 2012 жылғы деңгейден 27%-ға артып, мемлекеттік қолдау алатын кәсіпорындардың тізімін көбейтуге және ауыл шаруашылығы жұмыстарының барлық кезеңін қамтуға мүмкіндік берді.
Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығында елеулі нәтижелерге қол жеткіздік, ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру өсіп, ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда.
Жыл сайын ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынатын инвестиция ұлғаюда. Биылғы 10 айдың өзінде инвестициялар салымы шамамен 40 млрд. теңгеге жетті және бұл Қазақстан өңірлері арасындағы агроөнеркәсіптік кешенге арналған ең үлкен инвестиция сомасы, осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары бойынша жұмыспен қамтылған бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 152,2 мың теңгеге жетіп, өткен жылғы сәйкес кезеңнің 110%-ын құрады.
Бүгінгі күні осындай оң үрдісті нығайтуымыз және мемлекет пен бизнестің күш-жігерін агроөнеркәсіптік кешенді сапалы жаңғыртуға, оны ұлттық экономиканың жоғары технологиялы, бәсекеге қабілетті саласына айналдыруға бағыттауымыз керек.
Елбасының тапсырмаларын іске асыру мақсатында өсімдік шаруашылығы саласында құрылымдық және технологиялық әртараптандыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін басым ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын ұлғайту жұмыстары жалғасуда.
Биыл облыс бойынша дәнді және дәнді бұршақ алқаптары – 3573,6 мың гектар құрады, бұл 2012 жылғы деңгейден 267,9 мың гектар немесе 7% кем, майлы дақылдар алқабы өткен жылғымен салыстырғанда 55,5 мың гектарға немесе 15%-ға артып, 439,1 мың гектарды құрады, жемшөп дақылдарының алқабы – 319,7 мың гектар, былтырғыдан 68,5 мың гектарға немесе 27% -ға артық.
Тұтастай ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық егістік алқабы үстіміздегі жылғы егістік алқаптарын әртараптандыру бойынша меморандумның индикативтік көрсеткіштеріне сәйкес келеді.
Бірнеше жылдар бойы болмаған жауын-шашыны мол биылғы қатал климаттық жағдайдың өзінде облыс диқандары қол жеткізген нәтижелердің кездейсоқ емес екенін тағы да дәлелдеді.
Барлық ауыл шаруашылығы дақылдары агротехникалық деңгейде ойдағыдай орылып бітті.
Биылғы жылы дәнді дақылдар алқабының әр гектарынан 14,6 центнер өнім алынды. 5 млн. тоннадан астам сапалы астық өндірілді, бұл республикалық түсімнің 25%-ын құрайды.
Осындай өсім қарқыны өсімдік шаруашылығының басқа салаларында да байқалады. Майлы дақылдардың жалпы түсімі өткен жылғыдан 2,5 есеге артып, 536 мың тоннаға жетті.
Өсірілген өнімнің сақталуын қамтамасыз ету үшін соңғы үш жыл ішінде сыйымдылығы 315 мың тонна 21 элеватор және астық қоймасы пайдалануға берілді.
Картоп пен көкөністер жиналып бітті. Картоптың жалпы түсімі – 500 мың тонна, көкөністердің жалпы түсімі – 126 мың тонна.
Облыс өзі өндірген өнімі есебінен картоп пен көкөніске деген ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етеді.
Көкөніс қоймаларын салуда да белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді, облыста соңғы үш жылда жалпы сақтау көлемі 5300 тонналық 3 көкөніс қоймасы салынды.
Мал шаруашылығында да айтарлықтай табысқа жеттік. Облыстың мал шаруашылығы саласы серпінді даму үстінде, заманауи қарқынды технологиялар енгізіліп, жануарлардың өнімділігі артуда.
Мал басы көбейіп, мал шаруашылығы өнімінің өндірісі ұлғаюда.
Мал шаруашылығында жалпы өнімнің одан әрі өсуіне жағдай жасайтын оң үрдістерді атап өткен жөн. Соңғы үш жылда агроқұрылымдардағы ірі қара үлесі 13%-дан 30%-ға дейін өсті, тиісінше жеке қосалқы шаруашылықтарда 86,9%-дан 70%-ға дейін қысқарды.
Бұл – іске асырылып жатқан “2011-2015 жылдарға арналған ІҚМ етінің экспорттық әлеуетін дамыту” жобасының нәтижесі. Жоба іске асырылғаннан бастап облысқа шетел селекциясының абердин-ангус, герефорд, симменталь тұқымдары әкелініп, 6,7 мың басқа арналған 21 асылтұқымды репродуктор, 6,9 мың басқа арналған 5 бордақылау алаңы құрылды, облыс шаруашылықтары 60,7 мың бас, оның ішінде “Сыбаға” бағдарламасы арқылы 11,7 мың бас ірі қара төлін сатып алды.
Тұтастай агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы туралы сөз қозғағанда барлық реформаның кешенділігі Мемлекет басшысының бірқатар шешімімен қамтамасыз етілгенін айта кеткен жөн.
2004-2010 жылдарға арналған ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, 2010-2014 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы іске асырылды.
Ауылдық жерлерге кадрлар әлеуетінің қосылуын ынталандыруға бағытталған Қазақстан Республикасының Заңы іске асырылуда, онда ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ветеринария мамандарын әлеуметтік қолдау шаралары көзделген.
Жоба іске асырылғаннан бастап 2308 маманға әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылды.
Осының барлығы тәуелсіз Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісінде жеткен жетістіктерін айқын көрсетіп, ауылды және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі аграрлық саясаттағы стратегиялық бағыттың дұрыстығын дәлелдейді.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРГЕ ҚОЛДАУ ҚОМАҚТЫ
Александр ИВАНИЩЕВ,
облыстық Кәсіпкерлік және туризм
басқармасы басшысының м.а.
Солтүстік Қазақстан облысында 2010 жылдан бастап “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама шеңберінде 1,1 мың кәсіпкерлер өтінімі мақұлданды, олардың 95-сі 2013 жылы мақұлданды.
– 201 несие бойынша субсидияланды, олардың 55-сі – 2013 жылы;
– 24 несие бойынша кәсіпкерлер кепілдеме алды, олардың 13-і – 2013 жылы;
– өз ісін жаңа бастаған 7 кәсіпкерге грант берілді, олардың 2-еуі – 2013 жылы;
– 94 кәсіпкер үшін өндірістік инфрақұрылым нысандарының 35-і өткізілді, олардан 7 нысан – 13 кәсіпкер үшін 2013 жылы;
– бизнесті жүргізу жөнінде 748 кәсіпкерге сервистік қолдау көрсетілді, олардың 178-і – 2013 жылы;
– “Іскерлік байланыс” жобасы және топменеджмент бойынша 67 кәсіпорынның басшылары оқыды, олардың 21-і – 2013 жылы.
Сонымен бірге облыста “Ауылда кәсіпкерлерді дамытуға жәрдем көрсету”, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде жеке ісін ашу мен кеңейту үшін 2011 жылдан бастап 663 шағын несие берілді, олардың 291-і – 2013 жылы берілген шағын несие.
Басты дамыту бағдарламалары шеңберінде мемлекеттік қолдау саласында кәсіпкерлер субъектілерін ең көп қамту мақсатымен тұрақты негізде мемқұрылымдар қызметкерлерінен Жұмыс тобы құрылып, 1000 адамды қамтыған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды:
– “Ашық есік күні” акциясы жүзеге асырылуда (4 іс-шараға 120 адам келді);
– “Даму” өңірлік қорында кәсіпкерлікті қолдау орталығы жұмыс істейді (880 кәсіпкер қамтылған);
– облыс аудандарына кәсіпкерлерді қолдауға Жедел орталықтың шығуы жүзеге асырылуда (ай сайын 5-6 аудан қамтылады, 460 адамға ақыл-кеңес беріледі);
– Петропавл қаласы мен аудандарда тұратын бастауыш кәсіпорындар үшін екі күндік оқыту курсы өткізіледі (700 оқытылушы);
– қоғамдық қабылдау басқармасы жанындағы жұмыс аясында кәсіпкерлерге жеке ақыл-кеңес беріледі (200 консультация);
– “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында қолдау алу тәртібі мен жағдайы жөнінде кітапшалар басылады және таратылады (2 кітапша 1000 данамен);
– бизнесті дамыту жөніндегі қызмет көрсету мен қолдау құралдарының жұмыс істеуі туралы тоқсан сайын сұхбат беріледі, мақалалар орналастырылады;
-
кәсіпкерлер өтінімін қарау жөнінде оның жұмысын баяндау үшін Өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысына БАҚ өкілдері шақырылады (14 отырыс).
ЭКСПОРТТЫҚ ҚУАТЫМЫЗ АРТАДЫ
Қуаныш БИШІМОВ,
“ПАМЖ зауыты” АҚ-ның бас директоры.
Облысымызда Қазақстанның машина жасау саласының ірі кәсіпорындарының бірі – “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ы орналасқан. Зауыт бұрынғы әскери-өнеркәсіп кешені кәсіпорны бола тұра, шығарылатын өнімдердің сапасына барынша көңіл бөлуі бәз қалпында, кадрлық әлеуетін сақтап қалды. Еңбеккерлер саны 1200 адамды құрайды. Кәсіпорын ырғақты дамуда және жоғары өсім қарқынын танытуда.
Мемлекеттің қолдауының арқасында “ПАМЖ зауыты” АҚ-ы отандық күрделі мұнай-газ техникасын, соның ішінде жоғары жүк көтергіш бұрғылау кешендерін бірден-бір өндіруші болып табылады. Мұнай өңдеу және мұнай-химия салаларының өнімдері сериялап өндірілуде, барлық қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары үшін құрал- жабдықтар жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Мұның бәрі кәсіпорынды жаңғыртудың және технологиялық құрал-жабдықтарды жаңартудың арқасында мүмкін болды, осы мақсаттарға 2007 жылдан бастап 2013 жылға дейін 1 млрд. теңгеден астам инвестиция салынды.
Кәсіпорын бір орында тұрып қалған жоқ, үнемі негізгі құрал-жабдықтарын жаңғырту және жаңарту жұмыстарын жүргізеді. Биылғы жылы “ПАМЖ зауыты” АҚ-ы “Энергетикалық жылу қазандығы құрал-жабдығының өндірісін құру” жобасын жүзеге асырады. Бұл жобаның жүзеге асырылуы кәсіпорынға Қазақстанның энергетикалық саласын бәсекеге қабілетті отандық өндірістің құрал-жабдықтарымен (бу қазандықтарын жылытудың тығыз газды мембраналық панельдері) қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаның құны 600 млн. теңгеден асады. Аталмыш өнім экспортқа бағдарланған, ол бірінші кезекте Қазақстанның Ресеймен шекаралас өңірлері – Түмен, Омбы және Қорған облыстарының кәсіпорындарына арналған өнімдер болып табылады.
Болашақта кәсіпорын темір жол саласына арналған осызаманғы модульдық компрессорлық станциялар мен мұнай өндіру саласы үшін жүк көтерімділігі 160 тоннадан асатын бұрғылау қондырғыларын құрудың жаңа жобаларымен жұмыс істейді. Бұл да кәсіпорынның экспорттық қуатын арттыруға мүмкіндік береді.
МӘДЕНИ МҰРА – ХАЛЫҚ БАЙЛЫҒЫ
Жоламан ТҰРСЫНБАЕВ,
композитор, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері,
Жамбыл атындағы
Халықаралық
сыйлықтың лауреаты.
Мен аққайыңдар өлкесі, еліміздің теріскей бетінде орналасқан Имантау, Шалқар, Меңкесер, Тораңғылдай аққу-қазы айдынға ұшып қонған көлдерге бай Солтүстік Қазақстанда өңірінде өмірге келгенімді мақтан тұтамын. Біздің өңір сары алтынымен табиғаттың сұлулығына ғана бай емес, дарындарға да толы. Бұл жерде Қожаберген жырау, Шал ақын, Сегіз Сері (Мұхаммед Қанапия), Біржан сал, Шоқан Уәлиханов, Үкілі Ыбырай, қазақ әдебиетінің классиктері – Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов, сондай-ақ Иван Шухов, қаһарман, ұшқыш-космонавт Владимир Шаталов туып-өскен. Олардың есімдері Мәңгі Ел – қазақ мемлекетінің шежіресіне алтын әріптермен жазылған және әр қазақстандыққа таныс.
Еліміздің солтүстік облыстарының арасында Солтүстік Қазақстан облысы мәдени мұраны сақтау және рухани саланы дамыту жағынан үздік болып келетінін мақтаныш етемін. Бұл өз ісіне берілген және риясыз қызмет ететін адамдардың арқасы. Сол үшін оларға шексіз алғысымды білдіремін!
Облыс аумағында 600-ден астам мәдениет және тарих ескерткіші орналасқан. Олардың 22-сі Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары салынды. Ол – Петропавл қаласының вокзал алаңында орналасқан ұлы Мағжанның ескерткіші, Қарасай және Ағынтай батырларының мемориалдық кешені.
Облыста кітапханалар сақталып жұмыс жасауда. Олардың саны 300-ден артық және олар мемлекет бюджетінен қаржыландырылады. Кітапханалардың сақталуы өте маңызды, әсіресе, қаладан алыс ауылды жерлер үшін. Кітапханалар арқылы жастар отандық және шетелдік классиктердің, қазіргі заманның жазушылары мен ақындардың әдеби мұрасымен және қоғамдық, мемлекеттік қайраткерлердің еңбектерімен таныса алады.
Облысымыздың мұражайлары туралы да айта кету керек. Әр мұражай – Петропавл қаласындағы Абылайдың ақ үйі де, Мағжан Жұмабаев ауданының Сарытомар ауылындағы Мағжан Жұмабаевтың мұражайы да жас ұрпаққа патриоттық тәрбие береді. Мұражайларда Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облысының бай тарихы мен мәдениеті туралы ұзақ әңгімелей алатын нағыз ынтагерлер қызмет етеді.
Соңғы уақытта облысымызда филармония қызметі қарқынды және табысты дамып келеді. Облыстық филармонияның барлық ұжымдары жоғары кәсіби деңгейін көрсететін және академиялық, халық және эстрадалық жанрларда үйлесімді дамып келе жатқанын мақтан тұтамын.
Мені, композитор ретінде, облыстық филармонияның қазақ ұлттық аспаптары оркестріне ұлы сазгер, ақын Сегіз серінің есімі берілгені туралы жаңалық қатты тебірентті.
Филармонияның әртістері менің “Қызқарағай”, “Есіл бойы – Қызылжар”, “Айналайын, Қызылжар”, “Атабейне” және басқа шығармаларымды орындайтыны мен үшін үлкен абырой. Қазіргі кезде мен басқа істерімді кейінге қалдырып, облыстық филармонияның оркестрі үшін “Ердің ері – Сегіз сері” күйдастанын жазып жатырмын. Бұл шығарма ұжымның визит карточкасы болатындай бар күшімді салудамын.