Солтүстікқазақстандық “Фирма Леонтьев” ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Сергей Леонтьевтің есімі қызылжарлықтарға кеңінен танымал. Оны жұрт ісі өрге басқан кәсіпкер ретінде бағалайды. Ол – қоғамдық жұмысқа да белсене араласатын жан. Сондықтан серіктестіктің ісімен таныспақ болып, Сергей Геннадьевичке жолыққан едік.
– Сергей Геннадьевич, Сіз бизнестің тізгінін ұстағалы да жиырма жылға жақындапты. Жалпы бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікке жол ашылуын қалай бағалайсыз?
– Әлбетте, бүгінде іскерлік жасаймын деген адамға жан-жақты қолдау бар. Осыдан 15 жыл бұрын заңды түрде өз кәсіпкерлігімді қолға алған кезде көп ауыртпалық пен қиындықты бастан өткерген едім. Шыдадық. Күрестік. Енді бүгін аз да болса, өзіміздің жеткен жетістігіміз бар. Мен Елбасымыздың көрегендік саясатына разымын. Ол жүзден аса ұлттар мен ұлыстарды елімізді бейбітшілік пен достықтың бесігінде тербетіп, жер-жаһанға Қазақстан деген мемлекеттің тұғыры биік екендігін мойындатып отыр. Мемлекетіміздің ұстанып отырған саясаты дұрыс. Шағын және орта кәсіпкерлікті ел экономикасының бастауы деп бағалап, оның басықасында жүрген кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетудің өзі ел ұстанымының тағы бір оң әрекетін білдіреді. Кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы бағдарламалар жүзеге асып, іскерлікті әр тарапта дамытудың жетістіктері де көріне бастады. Бүгінде кәсіпкерлікті мемлекеттік органдардың тексеруіне шек қойылды. Енді олар тек прокуратураның рұқсатымен ғана кәсіпкердің есігін аша алады. Бұл – үлкен алға жылжушылық. Мемлекет және оны басқарып отырған Президентіміз елдегі ауызбірлікті сақтап, халықтың жақсы тұрмыс-тіршілігі үшін орасан зор жағдай жасап отыр. Ал мен бизнестің жолына түскен жылдары кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге мемлекеттің мүмкіндігі болмағанды. Біз ол кезде өз күшімізге, өз шыдамдылығымызға сеніп, тек алға ұмтылдық.
– Сіздің кәсіпкерлігіңіз қалай басталды? Онда қолыңызда не бар еді?
– Сенбессіз, бірақ сол кезде қалтамда соқыр тиын да болған жоқ. Мен зауыттан кеткен соң келісімшарт бойынша “ПМК-3”-те еңбек еттім. Бірінші қолға алған тапсырысым Петропавл қаласындағы ескі мешіттің шатырын жабу болды. Конституция көшесінің бойындағы дәріхана ғимаратының шатыры өрттен кейін жарамай қалған еді, екінші рет соны жөндемек болдым. Бұл жылдар жұртта қолма-қол төлейтін ақшаның жоқ кезі болатын. Сондықтан еңбекақы орнына олар маған жақында жол апатынан кейін жарамсыз болып қалған қызмет көлігін берді. Бұл жылдар менің отбасым үшін де оңай болған жоқ. Жол-жөнекей бөтелке көрсем, жинап әкеліп, әйелім оны қабылдау қосынына өткізіп, нәрестемізге сүт алатынбыз. Барлығына шыдадық. Мен сол қыс әлгі көліктің әр бөлшегін жөндеп, кейін оны 2500 АҚШ долларына сатып жібердім. Қарыздарымнан құтылып, қалған 1500 долларға Польшаға барып, арзан көлік айдап әкеліп, сату кәсібін қолға алдым. Бір жылдай осы кәсіппен айналысып, еңсемді көтерген едім. Үлкен бизнестің жолына түсу үшін не көрмедік?! Ұсақ-түйек тауарлар да саттық. Сондағы саудадан ерекше есімде қалған тауар – джинсы. Олардың қандай ауыр екенін білесіз бе? Мен сонда көрші елден төрт бума тауар сатып әкелемін, әрқайсысы – 50 килограмнан. Барлығы 200 килограмм тауардың бірін арқалап, екіншісін сүйреп жеткіземін. Әйелім де 50 килограмдық сөмкені таңертең – базарға, кешке үйге тасиды. Ал нақ кәсіпкерліктің бірінші баспалдағы деп жиһаз жасауды қолға алған күннен есептеймін. 1998 жыл еді. Польшадан жиһаз тасып жүрген кезде олардың бұл кәсіпті қалай жүргізетінін көріп, оның өз қолымыздан да келетінін ұқтым. Сондықтан өзімнің алғашқы ұстаздарым деп поляктарды санасам, артықтық етпес деп ойлаймын. Бүгінде барлық өндіріс саласындағы құрал-жабдықтар шетелдік техникалар мен технологияларға негізделген. Шұжық цехында – неміс аппараттары, жиһаз – итальяндық үлгіде, ал “Аквапарк” спорттық-сауықтыру кешенінің құрал-жабдықтары 13 елден алдырылған. Бүгінде мемлекет тарапынан жасалған жақсы қолдаудың бірі мынадай: кәсіпорын шетелдерден инновациялық жаңа құрал-жабдықтар жеткізсе, оған салық төлемейді. Бұл – үлкен көмек. Мен шетелдіктермен бизнестің алғашқы кезеңінен бастап тығыз жұмыс істегендіктен де бүгінде тасы өрге домалаған кәсіпкер болдым деп ойлаймын. Олардың технологиясы сол жылдардың өзінде озық болатын. Ісіңді қолға алған кезде ең бастысы өзіңнің ұстанатын бағытыңды, бизнесіңді қандай дәрежеде көре алатыныңды жоспарлай білу керек. Бүгінде қай бағытта болсын құрал-жабдықтарымыз заманауи, әлемдік стандарттарға сай. Сондықтан тауарымыз да сапалы, оның өтімділігі де жоғары.
– Бірнеше бағытта жұмыс істеудің артықшылығы мен қиындықтары қатар жүретін болар?
– Кез келген кәсіп, біріншіден, қажеттіліктен, екіншіден, адам өзін іскерлікте сынап көруге деген құлшыныстан туады деп білемін. Жиһаз жасайтын цехымыз болғандықтан, басқа ғимараттарымызға қажетті жиһаздарды өзіміз жасап аламыз. Нарықтағы сұраныс пластиктен жасалған терезелер болып, қолға алған кезде ол компаниямыздың жұмысына тиімді болды. Ал “Аквапарк” спорттық-сауықтыру кешені – жаңа іскерлік жоба. Әр бизнестің арасында байланыс пен бір-бірін толықтыру бар. Сондықтан қаржы жағынан болсын, қажеттілік жағынан болсын олар компанияның ортақ кәсіпкерлігі болып табылады.
– Кез келген бастама бірінші жылдан-ақ табысты болмасы анық. Ал Сіздің “Аквапарк” спорттық-сауықтыру кешеніңізден пайда көрер күн әлі алыс сияқты. Сіздің есебіңіз қалай?
– Дұрыс айтасыз. Бұл әзірге шығынды бизнес. Бұл – бизнес түрі жаһандық дағдарыс басталған кезде ойға келіп, қолға алынған іс. Менің құрылыс компаниямның еңбеккерлері жұмыссыз қалды. Терезе, жиһаз жасаудан да табыс төмендеп кетті. Ондағы еңбек етіп жүргендердің жұмыссыз қалуы мені қатты қобалжытты. Сондықтан жаңа бір жобаны қолға алатын уақыттың пісіп-жетілгенін сездім. Аквапарк туралы бұрыннан ойым болатын. Мен оны шетелдерден көріп, қызыққан едім. Балаларға үлкен қуаныш сыйлайтын күнді армандайтынмын. Сондықтан бұл ойлаған ісімді жүзеге асыру және еңбеккерлер қатарын сақтап қалу осы бизнесті тудырды. Мұны менің жеке өзімнің “Жол картам” деп білемін. Қол астымда істеп жатқан адамдардың жұмыссыздықтан тарап кетпеуі үшін жасалған бизнесім болашақта нәтиже бермеуі де мүмкін емес.
– Сонда Сіз үшін адамдар басты құндылық қой?
– Әрине, менің қарамағымда тұрақты жұмыс істеп, компанияның өркендеуіне үлестерін қосып келе жатқан еңбеккерлерге табыс көзін тауып беру – менің міндетім. Жұмыс жоқта кетіп қалса, ертеңгі күні олардың қайтып оралуы екіталай. Оның үстіне мендегі адамдардың басым бөлігі кәсіпкерлігімнің алғашқы күндерінен бастап еңбек етеді. Сондықтан бір жағынан қол астымдағыларды жұмыссыз қалдырмау ойда жүрсе, екіншіден, оларға деген құрмет қашанда жоғары болу керек. Мен адамды жұмыстан шығаруға ешқашан асықпаймын. Еңбеккерге деген құрмет пен сенім болса, онда сенің де жұмысың сапалы да уақтылы орындалады. Бүгінде заманауи құрал-жабдықтар қолжетімді, ал онымен жұмыс істейтіндер – еңбеккерлер. Адамға еңбек етуге жағдай жасасаң, еңбегіне қарай тиісті жалақы төлесең, одан екі жақ та ұтады. Жақсы еңбеккерлерімді шетелдерге саяхатқа жіберіп алуды да ұмытпаймын. Менімен бірге 10 жылдан артық жұмыс істеп келе жатқандар құрылыс саласында көп, олар жұмысшылардың 90 пайызын құрайды. Ал жаңа бастамамыздың шығынды болып тұрғаны – үлкен несиеге алынып, іске қосылғандығынан. Сондықтан кредитті бір жағына ыңғайлап алған соң маған тағы бір келіңіз. Көресіз, қалай көтерілгенімізді. Жалпы осындай санаттағы спорттық-сауықтыру кешені Қазақстанда жоқ. Тіпті, жақын маңдағы шетелдерде де жоқ. Екатеринбургте бар, бірақ оның өзі біздікімен салыстырғанда орта жолда қалады. Бұл – инновациялық жоба. Жазғы каникулда басқа қалалардан балалар келеді. Сондай-ақ біз әр кезде ізденісте жүреміз. Былтыр аквапарк ашсақ, биыл онда жаттығу залы мен бассейнді іске қостық. Нәтижесінде келушілер саны көбейіп, көңіліміз орныға бастады. Енді тағы бір-екі зал жетпей тұрған сыңайлы. Келер жылы бокс залы мен солярий ашпақпыз. Осылайша кешенді түрде қызмет көрсетсек, одан нәтиже шығары сөзсіз. Мұндағы қызмет көрсету талаптарының барлығы әлемдік стандарттарға сай .
– Компанияның өндіретін тауарлары шетел нарығына да шығарылатын болар?
– Бұл үлкен мәселе болып тұр. Шетелдерге қазақстандық өнімдерді шығару ісін Елбасының өзі назарға алып отыр. Кеден одағын құрған кезде ресейліктер өздеріне тиімді жақтарды көп қарастырып алыпты. Мәселен, біз олардың нарығына жиһазымызды шығарып көрейік десек, ресейліктер бәсекелестіктің алдын алу амалдарын ойластырып, бізге тауарларыңыздың 75 пайызы отандық шикізаттардан жасалмаған, ендеше бұл олардың талаптарына сай емес деп мін тағады. Сол сияқты Ресейдің шұжығы біздің нарықты жаулап алған, ал біздің өнімдерді олардың аумағында сатуға тағы рұқсат жоқ. Неге дейсіз бе? Біз оларға тауарымызды өткізу үшін ветеринарлық актіні көрсетуіміз керек екен. Ал біздің тәртіп бойынша мал дәрігері тауардың шикізатына, яғни етінің сапасы мен тазалығына кепілдік береді. Шұжық күйіндегі тауардың оған қатысы жоқ. Осындай түсініксіз жайттың салдарынан өнімдерімізді ресейліктер қабылдамай отыр. Олардың заңнамаларына сүйенсек, ресейліктердің біздің нарыққа шығуына жол ашық та, ал біздің жолымызда түрлі бөгеттер бар.
– Сізге бизнесті кеңейту деген ой қайдан келеді?
– Мен басқа өңірлерге, шетелдерге жиі сапарлаймын. Сондай кезде өзіме бір нәрсе ұнаса, соған қызығушылық танытып, ол ойымды жан-жақты сараптап, тиімді болса, жүзеге асыруға кірісемін. Сосын жаңа кәсіпкерлік ашуда менің өзіндік тәсілім бар. Барлық бағыттар “Леонтьев” атымен байланысты, барлығы менің жекеменшігім болып табылады. Бірақ еңбекті ұйымдастыруда “50 де 50” деген ұстанымым бар. Мәселен, терезе жасауды қолға алғысы келген танысымның өтінішін тыңдап, тиімді болған соң қаржыландырып, жобаны онымен бірге басынан аяғына дейін жоспарлап, істі де бірге бастадық. Әрі қарай кәсіпті оның өзі басқарады. Мен инвестор болғаныммен, одан түскен барлық табыс тең бөлінеді. Осылайша ол өзін жартылай қожайын ретінде сезініп, жұмысты сапалы да жауапкершілікпен, ешқандай көзбояушылықсыз атқаруға тырысады, жұмыстың барлығына өзі жауап береді. Тек табысты есептейтін бухгалтерия ортақ. Сондықтан маған әртүрлі бағытта алаңсыз еңбек етуге мүмкіндік зор. Бүгіннің өзінде Александр Гусаков, Сергей Куприянов сияқты сенімді адамдарым бар.
– Жақын арадағы жоспарыңыз қандай?
– Алдағы жылы құрылыс бағытында жаңа нысандарды қолға алмақпыз. Көктемде “Береке” шағын-ауданында монша, супермаркет, қызмет көрсету орталығын салуды жоспарлап отырмыз. Ал биыл басталған “Тайга” сауда орталығын кеңейту жұмыстары келер жылы аяқталады. Төлейтін несие қарызымыз болғандықтан, бұл құрылыс әзірше тоқтап қалды. Қалғанын тағы көре жатармыз.
– Қолыңыз босай қалса, немен айналысқанды жақсы көресіз?
– Мен үшін отбасым – бірінші орында. Балаларымды ерекше жақсы көремін. Әсіресе, 12 жасар кіші ұлыма көп уақыт бөлуге тырысамын. Жұмыс күндері оның жүзін көрмейтін кездер жиі болады. Сенбі-жексенбі екеуміз үшін – ерекше күн. Балам бұл күнді асыға тосады. Сондықтан шамам келгенше бос уақытымды отбасыма арнауға тырысамын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.