Бала – өмірдің жалғасы. Қарапайым ғана тіршілікті нұрландырып, мейірім шуағына бөлейтін сәби – баға жетпес байлық. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда түрлі себептерге байланысты балалы бола алмай жүрген отбасылар аз емес. Бұл мәселенің бір шеті ерлі-зайыптылардың ажырасуына да себеп болып отырғаны баршаға мәлім. Сондықтан да отбасы құндылығын сақтап, елімізде бала туу санын арттыру мақсатында маңызды іс-шаралар жүзеге асуда. Осы орайда 2012 жылы Солтүстік Қазақстанда да экстракорпоралдық ұрықтандыру орталығы ашылды. Білікті мамандардың осы уақыт аралығында қол жеткізген жетістіктері жайында мәлімет алу үшін үшінші қалалық аурухана бас дәрігерінің акушерлік және гинекологиялық қызметі жөніндегі орынбасары Елена Калюжнаямен кездесіп, сұхбат алдық.
– Елена Станиславовна, экстракорпоралдық ұрықтандыру деген не?
– Бұл дегеніміз адам денесінен тыс ұрықтандыру (бұдан былай – ДТҰ). Бедеулікті емдеу тек медициналық көрсеткіштер дұрыс болған жағдайда ғана қолданылады. Негізінде ДТҰ әйелдің жатыр түтікшелері жоқ немесе түтікшелердің өткізгіш қабілеті төмен болған жағдайда қолданылады. ДТҰ әдісі өте күрделі және бірнеше сатылы процесс болып табылады. Аталмыш бағдарлама өткізілетін цикл ішінде әйел жағдайын бірнеше рет бақылау мен әртүрлі дәрі-дәрмектерді тағайындау кажет болады. Атап өту керек, мұндай тәсіл ерлі-зайыптылардың қалауы бойынша екеуі толық медициналық тексеруден өткеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Мұндай тәсіл әлем бойынша жақсы дамып келеді. Игі бастама бүгінде Қазақстанда да өз жалғасын табуда. Қазірдің өзінде біздің елімізде 14 орталық бар. Бұл тізімге біздің орталық та қосылады.
– Осы салада қанша маман жұмыс істейді? Орталық медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген бе?
– Медициналық арнайы білімі бар білікті он маман жұмысқа жұмылдырылған. Заман талабына сай болу үшін әріптестерім репродуктивтік медицинаға байланысты Израильдегі медициналық орталықтың базасында және осы бағытта жұмыс істейтін Алматы қаласындағы институтта білімдерін жетілдіріп келді. Орталықта жұмысқа қажетті барлық жағдай толығымен жасалған. Медициналық жабдықтар әлемдік стандарттарға сай. Жұмыс істеуге арнайы лицензиямыз бар.
– Осы аралықта қанша сәби дүниеге келді?
– Алты отбасыда тоғыз бала туды. Оның ішінде үш егіз бар. Ең бірінші болып өмірге егіздер келді. Олардың бірі – ұл, екіншісі – қыз. Сәбилер салмағы үш килодан асады, айы, күні жетіп туды. Мұндай жақсы нәтиже жұмысымыздың сапасын көрсетіп тұр. Ата-анасын, олармен бірге бізді де қуантып, бірден қос бақытқа бөлеген балалар қазір алты айлық. Барлығының денсаулықтары жақсы. Біз олармен қарым-қатынасты үзбейміз. Әлі де балалар бес-алтыға келгенше оларды жан-жақты байқап, ата-аналарымен байланысып тұрамыз.
– Бүгінгі таңда бала сүйгісі келетін қанша отбасы орталықта тіркеуде тұр?
– Қазір орталықта 255 ерлі-зайыпты тіркеуде тұрса, тоғыз әйелдің аяғы ауыр. Айта кету керек, олардың ішінде Астана, Мәскеу, Көкшетау, Омбы сияқты қалалардан келіп, тиісті ем-дом алып жүргендер де бар. Жалпы мамандар кеңесін алып, алдын ала дайындықтан өту үшін жұмыстан сұранып, ауруханаға жатып, емделудің қажеті жоқ. Тек мамандардың айтқанын бұлжытпай орындап, уақытымен орталыққа келіп отырса болғаны. Барлығы екі апта ішінде амбулаториялық түрде жүргізіледі. Жұмыс істейтін ерлі-зайыптылар үшін бұл өте ыңғайлы деп ойлаймын.
– Сіздердің көмектеріңізге жүгінетін әйел адамдардың жасы қаншада болғаны дұрыс?
– Бүгінгі таңда орталыққа келетіндер – жалпы алғанда 20-32 жас аралығындағылар. Бірақ 40-45 жастағы әйелдерге де қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз. Бұл жерде ең маңыздысы медициналық көрсеткіш болып табылады. Егер әйел адамның бала көтеруге денсаулығы жарап тұрса, неге оған мүмкіндік бермеске?! Бір бала сүюге зарығып жүрген отбасыларға медициналық жағынан тиісті көмегіміз тиіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Баға жағына тоқталып өтсеңіз? Жалпы бұл тәсілдің тегін түрі қандай жағдайда жасалады?
– Бүгінгі таңда көпшілік арасында осыған байланысты түсінбеушілік туындап отыр. Сондықтан да бұл сұрақтың аражігін ашып жауап берейін. Бұл тәсіл тегін, яғни республикалық квота арқылы екі жағдайда ғана жасалады. Бірінші – әйел адамның жатыр түтігі бекітіліп қалғанда немесе жоқ болғанда , екіншісі – ер адам белсіздігінің ауыр түрі. Мұндай маңызды іс-шаралардың барлығы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №627 бұйрығы бойынша жүзеге асады. Квота әркімнің қалауы бойынша беріле бермейді. Бұл бағытта облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жанынан арнайы құрылған комиссия жұмыс істейді. Медициналық көрсеткіштеріне қарай іріктеуден өткен үміткерге ғана тегін тәсіл түрі қолданылады. Комиссиядан өткендерді Алматы, Астана, Тараз қалаларына жібереміз. Сол жердегі орталықтарда оларға квота арқылы көмек көрсетіледі. Квота біздің орталыққа осы жұмыс істеу аралығында әлі бөлінген жоқ. Себебі, біздің орталықтың жүйеге енгізілгеніне бір жылдай ғана уақыт болды. Бірінші кезекте біз өз жұмысымыздың нәтижесін көрсетіп алуымыз керек. Бірақ алдағы уақытта квота бөлінеді деп күтілуде. Ал қалған жағдайда барлығы ақылы түрде жүзеге асады. ДТҰ-ның орташа бағасына келер болсақ, ол 280 мың теңгені құрайды.
– Барлығы сәтті өткен кезде қанша уақыт ішінде бойға бала біткенін білуге болады?
– 5-6 апта өткен соң нәтижесіне көз жеткізуге болады. Сөйтіп, ата-ананы құттықтап, болашақ ананы әйелдер консультациясына жібереміз. Олармен алдын ала хабарласып, мән-жайды түсіндіріп қоямыз. Одан кейінгі процестің барлығы кәдімгі табиғи жүктілік кезіндегідей кезең-кезеңімен өтеді. Атап айтарлықтай ешбір айырмашылығы жоқ.
– ДТҰ оң нәтиже берген жағдайда үшем, төртем тууы мүмкін бе?
– Мүмкін де шығар, бірақ бізде әзірге ондай болған емес. Әйел адамға бір бала көтерудің өзі оңай емес қой. Сондықтан әзірге осы мәселені толықтай шешумен айналысып жатырмыз. Бірақ егіздер де бар, ол жайында жоғарыда атап өткен болатынмын.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Біздің орталық жұмысын бастағанына көп болған жоқ. Бірақ сонда да бүгінгі қол жеткізген көрсеткіштеріміз көңілден шығарлықтай. Ең бастысы, анаға – бала, отбасына қуаныш сыйлауға мүмкіндік алып отырмыз. Болашаққа жоспарымыз мол. Ендігі кезекте суррогат ананың қатысуымен жүзеге асатын және донорлық тәсілдерді пайдалана отыра, ДТҰ-ның жаңа жолдарын енгізуді қарастырып отырмыз. Қазірдің өзінде осындай жол арқылы да бала сүйгісі келетіндер саны аз емес екендігіне көзіміз жетіп отыр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.