«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕЛТОҚСАН ҚҰРБАНЫ ЕСКЕ АЛЫНДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қалалық классикалық гимназиясында жерлесіміз, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбаны Нұржан Қалиасқаровты еске алуға арналған волейболдан дәстүрлі турнир өтті. Осымен 17 рет қолға алынған дода барысында 10 команда үш топқа бөлініп, күш сынасты. 

Спорттық шараның ашылу салтанатында спорт жарысының ұйымдастырушылары – “Желтоқсан ақиқаты” республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі, Желтоқсан оқиғасында зардап шеккен Боташ Қажымов, Н.Қалиасқаров атындағы “Желтоқсан” қорының төрағасы Өмір Есқали, марқұмның туған-туыстары қатысты.

Сайыскерлерге сәттілік тілеп, жеңіс тілеген демеушілер өз сөздерінде үстіміздегі жылы аталмыш турнир облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының күнтізбелік жоспарына алғаш рет енгізіліп, мәртебесі жоғарылай түскендігін атап айтты.

Бәсекелі сайыстың жартылай финалында өз топтарында үздік атанған Петропавл Әскери институты, қалалық классикалық гимназия және Бескөл кентіндегі “Парасат” мектеп-лицейі жүлделі орындарға таласты. Әскерилер “парасаттықтарды” 2:0 есебімен ұтса, гимназиялықтар керісінше ұтылып, жағдай шиеленісе түсті. Жүлдегерді ақтық ойын шешті. Онда “Парасат” мектеп-лицейі гимназиялықтардан 1:2 есебімен жеңіліс тапты.

Сөйтіп, сайыс қорытындысы бойынша қарсыластарынан басым түскен Әскери институт жеңімпаз атанса, қалалық классикалық гимназия мен “Парасат” мектеп-лицейі екінші және үшінші орынға тұрақтады.

Анатолий Зрожевский (“Парасат”), Руслан Оспанов (Әскери институт) және Сәкен Қайырғалиев (гимназия) доданың үздік ойыншылары атанды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегер командаларға ауыспалы кубок, арнайы дипломдар, бағалы сыйлықтар табыс етілді.

(Өз тілшімізден).

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp