“Қазіргі білім беру саласында оқытудың озық технологияларын меңгермейінше, сауатты әрі жан-жақты маман болу мүмкін емес…” деп Елбасы Н.Ә. Назарбаев айтқандай, қазіргі таңда дәстүрлі сабақтар арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мүмкін еместігі белгілі. Сондықтан озық технологияларды сабақтарда пайдалану – мұғалімнің шеберлігі ғана емес, заман талабы.
Гүлзат ӘЛЖАНОВА,
облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының деңгейлік бағдарламалар орталығының жаттықтырушысы.
Педагогикалық шеберлік орталығы мен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бірлескен әрекеті арқасында мұғалімдердің тәжірибесін жаңарту бағытында қазақстандық ұстаздар үшін Кембридж университетінің білім факультетінің профессорлары ұсынған бағдарлама бойынша білім берудің үш айлық курстары арқылы облыс мұғалімдері өз білімдерін жетілдіру үстінде. Бағдарламада қарастырылған модульдер:
– оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер;
– сыни тұрғыдан ойлауға үйрету;
– оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау;
– оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану;
– талантты және дарынды балаларды оқыту;
– оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу;
– оқытуды басқару және көшбасшылық.
Осы біліктілікті арттыру бағдарламасының негізгі мазмұны жеке жеті модуль түрінде берілген, олар оқыту барысында аралас түрде ұсынылады. Бағдарламаның негізгі міндеті – қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибелерін жетілдіру мен бағалауға көмектесу. Осы бағдарламаның алғашқы кезеңінде мұғалімдер оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерімен танысып, тәжірибелік жұмыстар жасау барысында өз білімдерін толықтырды.
Бағдарламаның екінші “Бетпе-бет” кезеңінде мұғалімдер бірінші кезеңде алған теориялық білімдерін “Мектептегі тәжірибе” кезеңінде өз мектептерінде тәжірибелеріне енгізіп, оқушыларға қадағалау, бақылау жүргізеді. Осы мектептегі тәжірибе кезінде өз сабақтарын дәстүрлі сабақтан өзгеше тәртіпте өткізе отырып, сабақтарына талдау жасайды және тәжірибесінде “Сабақты қалайша қызықты өткізуге болады?” деп өзіне сұрақ қоя отырып, сабақ жоспарын жаңаша тұрғыда құрудан бастайды. Әрине, ол үшін бірінші кезекте мектеп әкімшілігінің қолдауын ерекше қажет етеді. Бір ай тәжірибе барысында оқушыны мүлдем өзгерту мүмкін емес, сондықтан мұғалім өзіне жүктелген сыныппен жұмыс істей отырып, жалпы, барлық сыныпты қамту бағытында түрлі әдіс-тәсілдерді қолданудың тиімді жақтарын қарастырады. Тәжірибе барысында өзінің көшбасшылығын көрсете отырып, оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеріп, тапсырмаларды түрлендірудің, сыныпта ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру жолдарын, оқушының өзін-өзі реттей отырып, өз жұмысына баға беруін, сабақта сұрақ-жауап әдістерін қолдануды, оқушылардың түсіну дәрежесін тиімді бағалау, сабақ барысында оқушылардың сыни ойлауын дамыту мақсатында өзінің кәсіби шеберлігін шыңдай отырып, тәжірибесіне енгізеді.
Жұмыстарды жүргізу барысында, әрине, барлығы да нәтижелі шығады деп айтуға ерте. Мұғалімдердің пікірінше, оқушылар осындай әдістер арқылы өткізілетін сабақтарға әлі де болса төселе қоймаған. Топтық жұмыс барысында оқушыларға еркіндік берудің өзі олар үшін таңғаларлық жағдай болып отырған. Мұғалімдеріміз өз тәжірибелерін осы сыныптарда жүргізе отырып, өздері үшін түйгені: оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтарының артқандығы, сабақтың барысында оқушылардың өздерін еркін ұстауы, тіпті, ақпаратты іздеуде ұялы телефонды қолдануға рұқсат берілгендігі, өзара әрекеттесе отырып белсенді жұмыс істеуі, әр жұмысқа деген құлшыныстары, бағалаудың түрлі әдістерін қолдану кезіндегі таңғалыстарын жеткізіп отыруы. Тәжірибе кезінде әрбір оқушының жүрегіне жол табу, әр оқушыға көңіл бөлу, әр оқушыға тапсырманы түрлендіріп берудің жолдарын іздестіру біздің мұғалімдеріміздің жаңалыққа бет бұрғандығының айғағы деп айтуға тұрарлық.