«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНАЛАР ЖАЛҒЫЗ ҚАЛМАСЫН!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әйел үшін балалы болу – бір арман. Енді осы арман-ға қол жеткізген соң сол бір бақытты күн де туады әйтеуір. Яғни, тоғыз ай күткен сәбиіңді аман-есен қолыңа алып, құшағыңа қысасың. 

Осымен бақытты күндер ұйқысыз түндермен үйлесіп өтіп жатады. Көзді ашып жұмғанша бала бір жасқа да толып қалады. Міне, осы жерден бастап мәселенің бір шеті жылтиып көріне бастайды. Бала күтіміне төленетін Үкіметтің аз-мұз тиін-тебені он екі ай өткен соң бітеді. Яғни, енді бала күтіміне Үкіметтен қаржы бөлінбейді. Енді баланың қажет дүниесін ата-ананың өзі ғана ойлап, іске асыруы керек. Бұған да құп делік. Ал енді жалғыз басты ана не істемек? Бала бірден асса да, әлі оң-солын танып білмеген ақуыз балапан сияқты. Аяғын апыл-тапыл басып жүрген сәбиге, әрине, ең бірінші ана қамқорлығы қажет. Бірақ мұның барлығы әзірге сөз жүзінде ғана ғой. Шындығында да, ой мен іс түйіспей тұр. Яғни, бала күтіміне төленетін қаражат тыйылған соң ана амалсыз баласын тастап, жұмысқа шығуға мәжбүр болады. Неге дейсіз бе? Себебі айдан анық: баланы асырауға, киім-кешегін кигізуге ақша керек. Міне, дәл осы кезде ана мен баланың арасы ажырап, ортасында орны толмас күйініш пайда болатын сияқты. Өзіңіз көз алдыңызға мынадай көріністі елестетіп көріңізші.

… Таңғы сағат сегіз, тәтті ұйқыда жатқан сәби. Оның ұйқысын күзетіп, бала бағушы әйел отыр. Ал анасы болса жұмысқа жиналса да, баласын бөтен адамға тастап кетуге қимай, қайта-қайта баласын иіскелей береді. Кеткісі келмейді, бірақ амал жоқ. Ал кетіп қалса, сәбиі оянған кезде қасында болып, құшағына басып, жыласа, әлдиімен уатқысы келеді. Киіндіріп, бірге ойнаса, арманы болмас еді. Бірақ, мұның барлығы ананың тілегі ғана. Осы кезден бастап бала басқа адамның қарауында, қамқорында болады. Ал ана болса еңбек етіп, үйге қаражат әкелумен әлек. Уақыт өтеді, бала өседі. Үш жасқа толғанда баланы балабақшаға орналастыру мәселесі туындайды. Бұл жерде біреулердің асығы алшысынан түсіп, көп күттірмей орын кезегі келіп қалса, ал енді басқалары балабақшаға баланы апаруды орындалмас арман сияқты көреді. Шындығы да солай. Себебі, мемлекеттік балабақшалар саны аз, жекеменшіктегілердің бағасы қалта көтерерлік емес. Мәселен, жалғызбасты ана айына 60 мың теңге жалақы алатын болса, жекеменшік балабақшаның құны 20-30 мың теңгеге дейін шарықтап тұр. Жарты жалақыны бөліп-жарып, баланы балабақшаға апару жалғыз басты түгілі, толық отбасының да екінің бірі көне бермейтін жайт екені сіз бен бізге белгілі. Бірақ қоғам қиындығымен жалғыз күресіп үйренген аналар үшін бұл да кедергі емес. Олар көп ретте туған-туыстарын немесе аздау ақша алатын бала бағушыны тауып алуға тырысады. Ал мұндай жағдайы жоқтар баланы ауылға апасы мен атасының тәрбиесіне береді. Бала еш алаңсыз сонда өседі, ал анасы қолы босай қалса, демалыс күндерінде барып, баласын бір иіскеп, мауқын басып келеді. Жылдар бойы жалғасып келе жатқан қимастық сезім ананы да, баланы да жүдетіп, жүрекке ұмытылмас бір сызат болып түсетін сияқты. Олай етпесе, амал жоқ. Бала бес-алтыға келген кезде анасы оны қайтадан қалаға әкеліп, мектепке орналастырады. Әйтеуір, қандай қиындық болса да, ана баласын тастамайды. Ержеткізіп, өз қолы өз аузына жеткенше шама-шарқынша қамқорлық көрсетеді.  

Мұның несі жаңалық деп ойларсыз оқып отырып, иә, бұл жаһаннамнан сүйінші сұрайтын жайт емес. Мұндай жағдай кез келген жалғызбасты анаға таныс. Сондықтан да мән бермейміз, көрсек те көрмегендей жүре береміз. Ал шындығына келер болсақ, мынадай заманда баланы жалғыз тәрбиелеу, өсіру, қоғамға қосу үлкен батырлықты, қажырлықты қажет етеді. Жалғызбасты деген сөз естісек, әркімде әртүрлі ой туындайды. Бірақ кім не ойласа да, олардың бүгінгі таңда істеп отырғаны – айтуға тұрарлық нәрсе. Иә, тағдыр солай болды. Біреулері масыл жұбайынан ажырасып тынса, екінші біреулері ұрыс-жан-жалға шыдай алмай, үйден кетіп қалғандар, тағы біреулері жасынан жесір қалып, балашағасын өзі көтеруге бел буса, кейбіреулері алданып, сан соғып қалғандар. Міне, олардың саны да, себебі де әртүрлі. Бірақ олардың барлығы – ең бастысы ана екендерін ұмытпаған асыл жандар. Сондықтан да жалғызбасты аналарға қоғам болып көмектесу керек. Олар да қоғамға пайда әкелер ұл-қыз тәрбиелеп отырған нәзік жандар. Қазір қаншама әкесымақтар отбасын, бала-шағасын тастап, алимент төлеуден жалтарып жүр. Олардың осындай жауапсыз істерінің қасында бір өзі баласын өсіремін деп шырылдап жүрген әйелдердің, шындығында да, қырық жаны бар ма деп ойлап қаласың. Иә, мұның барлығы айтуға оңай. Ал, шындығында, бұл біздің қасымызда болып жатқан күнделікті өмірдің титтей бір бөлігі ғана.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp