Самат ЕСКЕНДІРОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.
Тәуелсіздігіміздің тағы бір жылы аяқталар тұста Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мерекесі тарихи таңдау күні, барлық қазақстандықтардың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төңірегіне топтасу күні ретінде ерекше белсенділікпен, саяси зор өрлеумен атап өтілді. Биылғы жылды солтүстікқазақстандықтар жасампаз еңбекке, қажыр-қайратқа толы биік асулармен, жарқын белестермен аяқтағалы отыр. Бұл орайда, “Қазақстан – 2050” Стратегиясында қойылған талаптар мемлекеттік басқару үдерісіне тың серпін беріп, өзекті мәселелерді нақты шешуге үлкен мүмкіндіктер тудырғанын айта кеткен жөн. Экономиканың тұрақтылығына, тұрғындардың әлеуметтік жайлылығына баса назар аударылып, Елбасы тапсырмалары мен өңірлік бағдарламалардың ойдағыдай орындалуы қатаң бақылауға алынды. Нәтижесінде облыста әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша барлық міндеттемелер табысты орындалды.
Соңғы үш жыл бойы облыстың экономикасы тұрақты өсіп, 111 пайызды құрап отыр. Жан басына шаққанда 1,2 миллион теңгенің тауарлары шығарылып, қызметтері көрсетілді. 2012 жылмен салыстырғанда, өнім 1,5 есе артық өндірілді.
Өңір өмірінде агроөнеркәсіптік кешен басты сала болып табылады. Оның серпінді дамуының барлық мүмкіндіктері қарастырылып, әртараптандыру жұмыстары кеңінен жүргізілді. Облыс тұрғындарының 58,2 пайызы ауылдық елді мекендерде тұратынын ескерсек, бұл саланың әлеуетін одан әрі көтере түсудің маңызы зор екені даусыз. Мемлекет басшысының аграрлық кешенді жан-жақты қолдау саясаты өз жемісін беріп келе жатқанына мысалдар көп. Бүгінде қызылжарлық диқандар астық дақылдарын алыс-жақын елдерге экспорттаушылардың қатарына еніп, экологиялық таза өнім өндіруге және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып келеді. Ірі инвестициялық жобаларды іске асыру арқасында, өңірлік өнім өндірудегі ауыл шаруашылығының үлесі 24 пайызға жетті. Субсидиялану көлемі артып, өсімдік және мал шаруашылықтарына 9,8 миллиард теңге бөлінді. Инвестиция тарту мөлшері де айтарлықтай ұлғайып, 30 миллиард теңгеден асып түсті. Сөйтіп 193,4 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, алдыңғы жылға қарағанда өсім 11 пайызға артық болды. Егіншілікті әртараптандыру, бәсекеге қабілетті дақылдар өсіру нығайтылды. Соңғы екі жылда ауыспалы егіс жүйесі көлемі – 1,3, майлы дақылдар – 1,5 есеге, көкөніс 6,2 пайызға молайды. Аграрлық тауар өндірушілер биыл да Отанды мол астықпен қуантты. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан гектар берекелігі 14,7 центнерден айналып, 5,1 миллион тонна ел ризығы қамбаларға құйылды. Елбасының ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмасы шеңберінде шаруашылықтар ірі қара малын сатып әкелді. 21 асылтұқымды репродуктор, 5 мал семірту алаңы құрылды. Бағдарлама әлеуетін ет өндірудің – 1,8, сүттің 4,3 пайызға молаюынан аңғаруға болады.
Еліміздің 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 30 жобаны іске қосып, 2 мың адамды тұрақты жұмыспен қамту міндеті тұр. Қазір 25,8 миллиард теңгенің 26 жобасының іске қосылуына қарап, міндеттеме орындалады деп батыл айтуға болады.
Машина жасау кәсіпорындары, мұнай-газ, темір жол, энергетика кешендері үлкен әлеуетке ие. Бұл саладағы өнім өндіру көлемі 125,9 миллиард теңгені құрап, импорттық үдеріс артты. Өңдеу өнеркәсібі жанданып, жыл басынан 5,5 пайызға өсті.
Құрылыс саласында тұрғын үй құрылысы мәселелерін кешенді шешуде, тұрғындардың барлық санаты үшін баспана сұранысына жағдай жасауда “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы маңызды рөл атқаратыны айтпаса да түсінікті. Біз 2020 жылға таман 1,34 миллион шаршы метр тұрғын үй алаңын пайдалануға беруді ойластырудамыз. Бұл – қиял емес, орындалатын уәде. Биыл 113,2 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосуға мүмкіндігіміз де, қабілетіміз де толық жетеді. Олардың ішінде әлеуметтік аз қамтылған жандарға, жас отбасыларға жалға берілетін үйлер көптеп тұрғызылатын болады. Қазір облыс орталығынан шеткері аумақта жаңа “Береке” шағын ауданы бой көтеріп келеді. Онда салынып жатқан Назарбаев Зияткерлік мектебі, көпқабатты үйлер кешені, әлеуметтік ғимараттар аумақ сәніне айналары сөзсіз. Алдағы міндет – құрылыс қарқынын төмендетпеу, тұрғын үй құрылысының көлемін жоспарланған межеге жеткізу, бөлінген бюджет қаражатын толық игеру. Тұрғындарды, әсіресе, ауылдықтарды тіршілік нәрімен қамту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл орайда, “Ақ бұлақ” бағдарламасы аясында 335 елді мекенге сапалы ауызсу жеткізу секілді ауқымды шаралар атқарылады. Бұрынғы жылдарға қарағанда, бұл салаға республикалық, жергілікті қазынадан мол қаржы қарастырылған.
Жұмыссыз адамдарды жұмысқа орналастыру шаралары “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы арқылы жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаны қаржылық қолдау үшін 4 миллиард теңге қарастырылған. Мемлекеттік органдардың жәрдемдесуімен 877 адам әлеуметтік жұмыстарға, 936 адам жастар тәжірибесіне жіберілді. 300 адам кәсіптік қайта даярлықтан өтті. Өз ісін ұйымдастыру мақсатымен 600 адам шағын несиелер алды. Жыл аяғына дейін 11 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылады. Соңғы үш жылда 92 мың адамның жұмысқа орналастырылғанын, жұмыссыздар саны 3,7 мың адамға кемігенін, халықтың табысы 1,3 есеге көбейгенін айтсақ та жеткілікті.
Елбасы өз Жолдауында әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттарын ұсынып, оның ішінде білім мен кәсіби машық жайына ерекше көңіл бөлгені белгілі. Облыстан бөлінетін қаражаттың 60 пайыздан астамы әлеуметтік салаларды дамытуға бағытталған. Ол түсінікті. Білім беру саласына соңғы үш жылда 35,5 миллиард теңге жұмсалды. Бұл бюджет қаражатының үштен бір бөлігін құрайды. “Балапан” бағдарламасы шеңберінде мектепке дейінгі балалар мекемесі 1,6 есеге ұлғайып, 8,7 мың жаңа орын пайда болды. Нәтижесінде бүлдіршіндерді балабақшамен қамтуды 52,1 пайыздан 77 пайызға дейін ұлғайта алдық. Қазір бұл көрсеткіш 89 пайызға көтерілді. Жыл аяғына дейін 594 жаңа орын ашып, қамту көрсеткішін 91 пайызға жеткізетін боламыз. Келесі жылы 120 балаға лайықталған 720 орынды химия-биология бейініндегі Назарбаев Зияткерлік мектебі салтанатты түрде өз есігін айқара ашатын болады. Жаңа буын ақпараттық-білім беру жүйесінде заманауи технологияларды кеңінен пайдаланады.
Денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақмерзімді жаңғырту аясында бірталай істер тындырылды. Соңғы жылдары бұл салаға жергілікті бюджет қаржысының 47 пайызы бағытталып, емдеу орындарының материалдық-техникалық базасы, осызаманғы медициналық қондырғылармен жабдықталуы әлдеқайда жақсарды. Бала туу көрсеткіші 0,8 пайызға өсті. Керісінше, жалпы өлім-жітім – 5,4, сәбилердің шетінеуі – 20,5, туберкулез дертіне шалдыққандар 18,4 пайызға азайды. Биыл ана өлімі тіркелген жоқ.
Ауылдық жерлердегі медициналық қызметтердің сапасына көп сын айтылатыны жасырын емес. Оның бір себебі, материалдық базаның әлсіздігі мен білікті кадрлардың тапшылығында жатыр. Елбасы осы олқылықтарды түзету талабын қойды. Бүгінде әрқайсысы күніне 250 науқасты қабылдай алатын 4 аудандық емхананың құрылысы қарқынды жүргізіліп, келесі жылы пайдалануға берілетін болады. Биыл дәрігерлермен қамту 2,4 пайызға көбейді. Десек те, атқарылған жұмыстарға қарамастан бұл мәселе өткір күйінде тұр. Әлі де 200-ге жуық жоғары білімді маман жетіспейді. Келем деушілерді қуана қарсы аламыз. Барлық әлеуметтік жағдайлар жасалатынына кепілдік береміз.
Биыл солтүстікқазақстандықтар кеңінен тойлаған атаулы мерекелер, айтуы оқиғалар мәдени өмірімізді, рухымызды байытып, жас ұрпақты жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудің, құндылықтарымызды қадірлеп-қастерлеудің тамаша мектебіне айналды. Н.Назарбаев “Абылай аңсаған азаттық” мақаласында өз дәуірінің асқан қолбасшысы, дипломаты деп баға берген көрнекті тұлғаның 300 жылдығы оның ізі талай қалған Қызылжар өңірінде де түрлі шараларға ұласты. Қызылжар топырағы тарихи, мәдени ескерткіштерге бай. Солардың бірегейіне ел ішінде “Абылайдың ақ үйі” аталып кеткен, бірде әскери лазаретке, бірде қоймаға айналдырылып, бүгінгі күнге төрт қабырғасы ғана жеткен аса қымбат жәдігерді жатқызуға болады.
Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі, бас сардар, қоғам қайраткері Қожаберген жыраудың 350 жылдығы, түркі әдебиетінің мақтанышы, Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығы секілді мерейтойлар олардың мұраларын кеңінен насихаттауымен ерекшеленді. Батыр Баян, Тоқсан би, Сегіз Сері, Шоқан Уәлиханов, Шал ақын, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов, Сафуан Шаймерденов, Ебіней Букетов, Кәкімбек Салықов, тағы басқа еліне елеулі, халқына қалаулы бола білген жерлестерін солтүстікқазақстандықтар әр кез мақтан тұтады.
Солтүстікқазақстандықтар да өзара достық, түсіністік ауанында топтаса отырып мерекелі жылды берекелі жылға айналдыра білді.
(“Егемен Қазақстан” газеті,
2013 жылғы 7 желтоқсан).