Бұрнағы күні аудан әкімдерінің қатысуымен өтетін дәстүрлі брифингте Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Марат Тасмағанбетов аталмыш өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен таныстырды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сөзін аграрлық сектордың жетістігінен бастаған Марат Тасмағанбетов үстіміздегі жылы 610 мың гектар алқаптан 1 миллион тоннадан астам астық жинап, егін өнімділігі 16,5 центнерді құрағандығын ерекше атап өтті. Ауыл шаруашылығы техникасы да жаңартылып, бұл мақсатқа 1286 миллион теңге жұмсалыпты. “Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” жобасы бойынша 2012-2013 жылдар аралығында 5000 бас мал әкелінген. 2 жылдың ішінде асылтұқымды мал өсіретін 4 шаруашылық құрылған. Ал “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 123 миллион теңгенің 19 жобасы қаржыландырылған. Ауданда 71 өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. Өткен 11 айда өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 11 миллиард теңгені құрады. Ет, рапс майын өндіру – 169 пайызға, сары май өндіру 132 пайызға артыпты. Құрылыс саласындағы жетістіктері – 2009-2013 жылдар аралығында мемлекет бюджеті есебінен екі 12 пәтерлік және бір 18 пәтерлік тұрғын үйлер пайдалануға беріліпті. Ал “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша өткен жылдары 40 үй пайдалануға берілсе, “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы бойынша аудан орталығында 50 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталды. Аудан тұрғындарын таза ауызсумен қамту жұмысы баяндалды. Бүгінде аудандағы 66 ауылдың екеуіне су тасымалданса, 29 ауыл құдықты пайдаланады. Ал 35 ауыл орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Ауданда 1587 орта және шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, олардың белсенділігі 18 пайызға артыпты. Индустрияландыру картасы бойынша ауданда 2 жоба жүзеге асырылған. Жалпы үстіміздегі жылдың желтоқсан айына дейін ауданның негізгі капиталына түскен инвестиция көлемі 24 миллиард теңгені құрап отыр.
Жолдың жағдайы да сөз болды. Үстіміздегі жылы облыс әкімі Самат Ескендіровтің қолдауымен аудан аумағынан өтетін облыстық, сондай-ақ аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге 490 миллион теңге қаржы бөлінді. Ауылдарды абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына да тоқталған Марат Тасмағанбетовтың айтуынша, ауданның бюджеті тиімді жұмсалуда. Ал аудан бюджетінің өз кірісі 46 миллион теңгеге артқан. Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту жұмысы да жоспар бойынша жүргізілуде. Оны “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жүзеге асыруда. Ал білім мен денсаулық сақтау салалары бойынша ауданда мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде орын тапшы болса, дәрігер мамандардың қатары жыл сайын толығуда. Мәдениет, спорт салаларында да айтарлықтай жетістіктері бар көрінеді. Әсіресе, спорт саласына кеңірек тоқталған Марат Тасмағанбетов осы күнге дейін аудан аумағында өткізілген спорт жарыстарын жіпке тізгендей бірін қалдырмастан айтып, 2012 жылдың қорытындысы бойынша аудандық Дене шынықтыру және спорт бөлімі еліміздегі ең үздік болып танылғандығын тілге тиек етті. Ал ендігі жылы аудан “Ақ бидай – 2014” облыстық жазғы спартакиаданы өткізу құрметіне ие.
Аудан әкіміне тілшілер қауымы бірқатар сауалдарын жолдады. Оның бірі жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету болса, екіншісі – өрттің салдарынан отағасы көз жұмып, 4 баламен далада қалған Кабдукаев отбасының жағдайы жайлы болды.
Осы орайда Марат Тасмағанбетов ауданда жетім балаларға баспана беру үрдісі қалыптасқанын, үстіміздегі жылы 6 тұлдыр жетімге үй берілгендігін айтты. Ал өрттің салдарынан қайғыға батқан Кабдукаев отбасына қолдау көрсету жұмыстары бірден қолға алыныпты. Бүгінде аталмыш отбасыға жаңа үй беріліп, мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы 4 бала ерекше қамқорлыққа алынған. Бұл отбасының жағдайын үнемі назарда ұстаймыз, деді Марат Тасмағанбетов.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.