«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРКЕК КЕЗЕҢДЕРІНЕН (Әңгіме)

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нартай САУДАНБЕКҰЛЫ.

Әне сол… Жұмыстан қайтқан көптеген жүргіншілер арасында аққудай жүзіп барады. Қалған жұрт сол аққудың қасында бәкене көрініп, қақ айырыла, ханшайымға жол берген қара халықтай көрінеді. Әрине, бұл тек Есеттің көзқарасымен, әйтпесе. Оның өзге жұрттан еш айырмасы жоқ, жай ғана күйбең тірлік бітіп, жұмыстан үйіне бет алып бара жатқан қарапайым көп әйел затының бірі ғана. Бірақ Есет үшін бәрі-бәрі басқаша. Ол – ханша, ол – аққу, ол – кербез. Жүрісті қарашы… шіркін, жүзіп барады ғой. Жүзіп барады… Мінеки, минимаркетке кірді де кетті, есікті қалай ашты десеңші, қандай қимыл, қол қозғалысы, есіктің тұтқасын ұстағаны қандай әсем! Қазір үш минуттан соң ол қайта шығады, осы үш-төрт минут Есет үшін – үш ғасыр. Шықты-ау, әйтеуір. Қолындағы целлофан пакетте алған сүті мен наны көрінеді. Бұл әлемдегі ең тәтті нан шығар. Шіркін, жесе ғой соны, сол бикеш өз қолымен үзіп аузына салса ғой, сосын сүт берсе… Аузына бала кездегі аңқасы қаңсып келгенде әжесі берер сүттің дәмі келгендей жұтынып қалды. Жұтынып қалды да, селк ете түсіп, алақтап айналасына қарады. Жоқ, ешкім қарап тұрған жоқ екен: қой, үйге қайтайын. Есет баяу қозғалып, аялдамаға қарай аттанды. Бұрылыстан көрінбей кеткен ару жаққа тағы бір үмітпен көз тастап, салдырлаған сары автобусқа мініп кете барды…

Міне, сегіз күн болды. Күнде кешке осы көрініс. Есет алғаш рет оны көргенде сонау балғын балалық шақтағы махаббаты қайта тірілгендей, тұла бойы дірілдеп, сосын қуаныштан қалшылдағандай күй кешкен еді. Енді, міне, кешкі сағат алты отызда дәл осы арада күтеді де тұрады. Осы уақыт шамасында ол автобустан түседі, бұл болса көшенің бергі бетінде, жоқ арғы бетінде, жоқ бергі бетінде, ей, мейлі, әйтеуір қарама-қарсы бетте қадала қарап тұрғаны. Үшінші күні ғой деймін, әлде екінші күні ме жүгіріп барып:

– Жаным, тоқташы, өмірімді сарп етіп іздегенім өзіңсің ғой, жоғалтқанымды таптым-ау ақыры! – деп, тағы бірдеңелерді айтып, тізерлей отыра қалып, жүрегін ұсынып, қолын сұрамақшы болып еді. Бірақ бұл ойдан тез айныды. Жай айнып қана қоймай, “есектің миын жеген ақымақ”, – деп, өзін жерден алып, жерге салды. Мүмкін оның, оның… Мүмкін оның… Ойласа жүрегі кілкиді. Бірақ өзіңнен қашып қайда барасың, мүмкін оның күйеуі бар шығар?! Қандай сұрқия сөз?! Оның күйеуі… Сондай сүйкімсіз сөз. Иә, оның күйеуі аласа бойлы, иығы еңкіш, жыртық шалбар киген, ұсқынсыз, тісінің саутамтығы жоқ, шашы түскен сары таз біреу. Мейлі сондай-ақ болсын. Ал бұл оның тазының жанында мәстек жанындағы тұлпардай емес пе?! Иә, солай… Солай!

Бүгін Есет жекпе-жекке шығар батырдай, өзін сансыз қайрап, не болса да бір рет тілдеспекші болды. Әгәркім бәрі сәтті, ойдағыдай болып жатса, үйдегі ұрысқақ әйелі… тфу, қайдан ғана еске түсе қалды осы?! Балалары бір емес, екі емес, төртеу. Өзі де қылшылдаған жас емес, қырықтың ар жақ, бер жағы, оның үстіне… Қой, тоқта, қайда лағып барасың? Тұр сөзіңде. Келістік қой. Ал кеттік. Әне түсті ол. Ал, біссмілла, Алла жар бола көр, кеттік. Әлде ұшты, әлде жүгірді ме, әйтеуір, тура бір метр қалғанда жүрісін тежеп, есін жиды. Ал сәт. Енді қазір тоқтады, сосын… жоқ, бұл тоқтатқанша, ол минимаркетке кірді де кетті. Жарайды күтейік, қайта жақсы болды, ол шыға бергенде, ол кіре бермек болып, өтірік соқтығысып қалады. Сосын… Сосын бітті… Есть контакт.

Әне, ол шығып келеді. Есікті ашты, бұл қарсы жүрді. Жоқ, бұл оған ұқсамайды. Бұл ол емес, бірақ киім соныкі. Ол емес?! Жоқ, сол!! Емес?! Тарс соққы.

– Куда прешь, баран? Смотреть надо под ноги, ишак!!!

Төбесінен жай түсті. Мынау оның аузынан шығатын сөз емес! Жоқ! Бұл ол емес! Мүмкін емес! Мынау киімі ұқсас бөтен жан. Есікті жұлқи ашып, есі екеу, түсі төртеу болған Есет “извините” деді де, дүкен ішіне атып кірді. Сатушыдан басқа екі жігіт сыра алып тұр екен. Басқа жан жоқ.

– Кешіріңіз, мына артқы жақта тағы бір есік бар ма? – деді есі шыққан Есет. “Нет, а что?” дегенді естімеді ме, естігісі келмеді ме: “а туда девушка же прошла”, – деді. “Куда? С вами все в порядке?”, деген сатушыны сенімсіз көзбен бір атты да, Есет көшеге атып шықты. Әне кетіп барады. Иә,сол екен!

Сөзі не деген зәрлі еді. Жоқ, сөздің ащылығы емес, Есеттің жүрегін шайлықтырған – сол сөздің айтылуы еді. Шайпаулық, көкбеттік, қырсықтық, дөрекі-ұрысқақтық, ұятсыздық, тіпті, арсыздық аузынан атып шығып, Есетті есеңгіретіп кетіп еді.

Иә,талайымыз есеңгіреп жүрміз ғой…

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp