Мемлекеттік тілді оқыту жүйесінде мультимедиалық кабинет ашқандардың бірі – есілдіктер. Аудан орталығындағы Мәдениет үйінде орналасқан қазақ тілі кабинеті биыл аудан бюджетінен бөлінген 2 миллион 291 мың теңгеге жабдықталыпты. Шағын кабинет ішіндегі сужаңа 17 компьютер, интерактивті тақта және басқа да көрнекі құрал-жабдықтар көз қызықтырады. Оқытушылардың әдістемелік құралдары, оқулықтар мен сызбалар да жеткілікті.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Биылғы оқу жылы қазанның бірінен басталып, тіл үйрету курстарының деңгейіне қарай топтар құрылып, тіл үйрену шарасының басталып кеткеніне де екі ай өтті. Биыл мұндағы үш топта 60 мемлекеттік қызметші тіл үйренуде. Жалпы бір жылда бұл жерден 240 адам қазақ тілін меңгеруге баулынады. Ондағы оқыту бағдарламасы “Қазтест” жүйесі бойынша жүргізіледі. Осынша адамды оқыту үшін 16 маман тартылған. Ал ауылдық округтерде 65 топ құрылып, аудан бойынша жылына 1200-ге жуық адам оқытылады.
Қазақ тілін насихаттау, тіл байлығын дәріптеу, ортаны көркем де шешен сөйлеуге баулу, қазақтың ұлы тұлғаларының шығармаларын қадірлеу мақсаттарында ұйымдастырылатын сайыстарда есілдіктер өз жетістіктерін көрсетіп жүр. Биыл ерлі-зайыпты Қазымовтар “Отбасы – алтын діңгек” байқауындағы 1- орынмен қанжығаларын майлап қайтса, өткен жылдары Жұмабек Рақымов “Мағжан оқулары” байқауында, Юрий Зуев “Абай оқулары” сайысында, Дана Шарапиденова “Тіл шебері” өнер сайысында, Ғабидолла Тұрдымұрат Оралхан Бөкейдің көркемсөз өнерінде, Жұлдызгүл Қамкен мен Гүлден Ешімбаева “Шырайлы аты елімнің – қасиетінде жерімнің” байқауында өздерінің біліктілігі мен білімділіктерін көрсетіп, жүлделі орындарды иеленді. Бұл аудан тұрғындары бағындарған белестердің бір бөлігі ғана.
СУРЕТТЕ: тіл мамандары кезекті сабақ жоспарын талқылау үстінде.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.