«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛДАН ТАЙЫП, ЖАЗАҒА КЕСІЛГЕН қыз-келіншектерге түзелу үшін барлық жағдай жасалған

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2011 жылы Солтүстік Қазақстан облысында әйелдер колониясы ашылды. Нәзік жандарға арналған түрме сан жағынан алғанда Қазақстан бойынша алтыншы. Бұдан басқа да осы тектес түрмелер Алматы, Қарағанды, Шымкент, Атырау, Өскемен қалаларында бар. Әйелдерге қолайлы болу мақсатында қайта жөндеуден өткізіліп, ашылған аталмыш ғимаратта бұған дейін жасы кәмелетке толмаған ұлдар жазасын өтеген. Бірақ белгілі себептерге байланысты олар оңтүстіктегі колонияларға ауыстырылған болатын. Тізім санын тағы біреуге көбейтіп, жаңа түрменің ашылуына қарағанда, балалардан да нәзік жандардың заңды белден басып, түрлі дәрежеде қылмыс жасаулары көбейіп бара жатқандығын көруге болады. Бірі – абайсызда, екіншісі – мәжбүрліктен, енді біреуі білместіктен қылмыс жасап, қымбат уақыттарын темір тордың арғы жағында өткізіп жатқан қыз-келіншектердің өмірінің тамырын басып көру мақсатында колония бастығы, әділет полковнигі Бибігүл Мансұровамен сұхбаттасқан болатынбыз. Бүгін оқырман назарына осы сұхбатты ұсынып отырмыз.

– Бибігүл Ғабдоллақызы, бүгінгі таңда аталмыш мекемеде отырған сотталғандардың саны қанша және олардың жас ерекшелігі қандай? Осы жайында айтып өтсеңіз?

– Қазір әйелдер колониясында 260 адам өз жазасын өтеп отыр. Олардың ең жасы он сегізде болса, алпысты алқымдап, жетпісті артқа тастағандары да бар. Жазасын өтеушілердің дені біздің облыстан, сондай-ақ Астанадан, Ақмола, Қостанай облыстарынан ауыстырылғандар да аз емес.

– Сотталғандардың ішінде, әрине, жасаған қылмыс түрлері әртүрлі, бірақ солардың арасында көп кездесетіні қандай?

– Бостандықтан уақытша болса да қол үзіп, қанаттары қайрылған қыз-келіншектердің жасаған қылмыстары әртүрлі. Біреулері есірткі сатумен айналысқаны үшін отырса, екіншілері – алаяқтық үшін, ал тағы біреулері жеңіл жолды таңдап, ұрлықты кәсіп қылғандар. Осылай тізбектеп айта берсек, тізім жалғаса береді. Бірақ қылмыстың көбі бірлесе арақ ішу салдарынан жасалады. Көбінесе азаматтық некеде тұрған ерлі-зайыптылардың арасында түрлі себептерге байланысты отбасында жанжал туындап, ақыры өкінішпен аяқталып жатқан оқиғалар аз емес. Нәтижесін, міне, өздеріңіз көріп отырсыздар. Өзіңіз білесіз, әйел адамдар көбіне асүйде жүреді, тамақ дайындайды, міне, ұрыс-керіс арасында қолдарына суық қару, яғни пышақ алуларының бірден-бір себебі де осында екені де кейін құзырлы орындардың тексеруі арқылы дәлелденіп жатады. Қылмысқа баруларының себеп-салдары әртүрлі, бірақ қалай болғанда да заң барлығына бірдей екенін ұмытпау керек.

– Кісі өліміне себепші болғандар саны пайызбен алғанда қанша?

– Қырық пайыз. Олардың арасында да түрлі жағдайлар кездеседі. Мәселен, он тоғыз жастағы жап-жас келіншек отыр. Өзі біздің облыстың тұрғыны екен. Ол аяғы ауыр болып қалып, мәселені өзінше шешпекші болған. Қаладағы көпқабатты үйлердің бірінен пәтер жалдап тұрған. Уақыты келгенде сол жерде баласын туып, оны тұншықтырып өлтірген. Сөйтіп, өмір есігін ашпай жатып, өз анасының қолымен өлім құшағына табыс етілген сәбиінің денесін алдын ала дайындап қойған сөмкеге салып, далаға алып шығып, қылмысын жасырмақшы болған. Бірақ оның арам ойы жүзеге аспады. Ақыры жас босанған келіншек ұсталып, заң бойынша он жылға бас бостандығынан айрылды. Ол қыздың анасы бар екен. Біз оны іздестіру жұмыстарын жүргізгенде тауып алдық. Әзірге қызы анасымен кездесуден бас тартып отыр. Ол өзі істеген қылмысын мойындады, бірақ тым кеш. Жалпы әрбір сотталушы колонияға әкелінген сәттен бастап тікелей біздің назарымызда болады. Мекемеге келгенде сотталған әйелдер 15 күн ішінде карантин бөлімінде отырады. Сотталғандар мекемедегі ішкі тәртіппен, ұстау жағдайымен, өз құқықтары және міндеттерімен таныстырылады. Жоспар бойынша әр бөлімнің қызметкерлері өз қызметтеріне байланысты сұрақтарды қамтып, түсіндіру әңгімелерін жүргізіп, қандай сұрақтар болмасын жауап беріп, заңды түрде шешуді қамтамасыз етеді. Сотталушылардың барлығы қыз-келіншектер болғандықтан, жұмыс үлкен шыдамдылықты, біліктілікті, табандылықты талап етеді. Темір тордың арғы жағында отырғандардың қоғамға толыққанды адам болып оралуы үшін мекемеде дұрыс тәрбие беріліп, психологиялық көмек уақытында және орынды көрсетіледі. Біздің көздеген мақсатымыз да осы. Яғни, жаман жолға түсіп, қылмысқа барғандардың енді қайтып ондай іспен айналыспауына барынша ықпал ету. Өмірді басқа қырынан көрсетіп, еңбекке баулу, оқыту нәтижесінде қоғамға пайда тигізер азамат етіп тәрбиелеу.

– Оқыту, еңбекке баулу деп айтып өттіңіз, осы мақсатта мекемеде қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?

– Мекемеде тәрбие бағытында көптеген іс-шаралар жүргізіледі. Елу адамды қамтитын кәсіптік колледж бар. Онда жиырма бес адам тігінші, қалған жартысы сылақшы мамандықтары бойынша тиісті білім алады. Ертеңгі күні бостандыққа шыққан кезде алған білімдері бір пайдасын тигізер деген үміттеміз, әрине. Бұл сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз етудің бір бағыты болып табылады. Бұдан басқа да жоспарлы іс-шаралар жүйелі түрде орындалуда. Жыл мезгілдеріне қарай “Алтын күз”, “Жаңа жыл”, “Ең әдемі ару” және тағы да басқа кештер ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Ондай байқауларда сотталғандар өз өнерлерін ортаға салады. Өз қолдарымен жаңа, сәнді киім үлгілерін жасайды, өлеңді мәнерлеп оқып, би билеуден де құралақан емес екендерін көрсетуге тырысып бағады. Мұның барлығы тәрбие жолы деп ойлаймын.

– Мекемеде медициналық қызмет көрсету қандай деңгейде?

– Бүгінгі таңда мекеме медициналық құрал-жабдықтармен толығымен қамтамасыз етілген. “Саламатты Қазақстан” бағдарламасы аясында жаңа рентген аппараты, гинекология кабинетіне қажет дүниелер толықтай алынды. Жаңа “Жедел жәрдем” көлігі бар. Мұның барлығы сотталғандарға дер кезінде көмек көрсетуге өте қолайлы. Бізде отырған барлық қыз-келіншектер қаладағы үшінші емханаға тіркелген. Сондықтан қажет болса сол жердегі мамандардың көмегіне жүгінуге болады. Сондай-ақ облыстық онкологиялық ауруханамен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Өзіңіз білесіз, қазір әйелдер арасында жатыр, емшек безінің қатерлі ісігі кең етек алуда, оның алдын алу үшін, я болмаса ауырғандарды емдету мақсатында дәрігерге талон алып, өзіміз ауырған адамды апарып, тексеруден өткізіп тұрамыз. Қажет бола қалған кезде ауруханаға жатқызып, емдетеміз. Айта кету керек, ауруханада сотталғандарды жатқызып емдейтін арнайы палаталар бар, сол жерде олар тиісті емдом алады. Бұл, әрине, ауру асқынып кеткен кезде қолданылатын шара. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін біз барлығын арнайы медициналық тексеруден өткізіп аламыз. Мұндай іс-шара, біріншіден, сотталғандардың өздері үшін өте пайдалы деп ойлаймын. Себебі, тексеру кезінде аурудың жаңа пайда болғаны анықталса, кейін оны емдеу жолы да қиынға соқпайды. Сөйтіп олар тез арада жазылып кету мүмкіндігіне ие болады. Ал біздің көздегеніміз – әрбір әйел адамның денсаулығы мықты болуын қадағалау. Себебі, олар ертеңгі күні қоғамға қайта оралады, тұрмысқа шығып, бала тәрбиелейді. Сондықтан да дендерінің саулығына дұрыс қарауларын да жіті қадағалаймыз.

– Мекемедегі оқу жайында не айтасыз?

– Колонияда әрбір күн белгіленген тәртіпке сай өткізіледі. Еңбекпен қатар оқу жағы да толық қарастырылған. Әрбір сотталған таңдауына қарай шет тілін үйренуге құқылы. Мекемеде сырттай білім алатын кешкі мектеп бар. Онда 30 жасқа келгенше орта білім алмаған сотталғандармен 10 мұғалім жұмыс істейді. Бүгінгі таңда оқушылар саны – 36. Сондай-ақ кітапхана да жұмыс істейді, бос уақыт болғанда сол жерге барып, оқуға рұқсат етілген журналдар мен кітаптарды оқиды. Жалпы оқу, еңбек арқылы жазасын өтеушілерді мәдениетті болуға, дұрыс сөйлеуге, жүріп-тұруға үйретеміз. Мұның бәрі, бір қарағанда, ұсақ-түйек сияқты болып та көрінер, бірақ осының өзі әрбір адам баласына өте қажет. Тәрбиенің басы да осындай нәрселерден басталады емес пе?! Себебі, олар бұл жерде айлап емес, жылдап отырады. Ал осы аралықта қоғамда түрлі өзгерістер болып жатады. Әйел адам үшін оның барлығы қажет. Сондықтан да бостандыққа шыққан кезде өздерін уақыт ағымынан қалып қойғандай сезінбес үшін осы мекеме ішінде барлығын қамту үшін жоспарланған жұмыс жүргізіледі. Темір тордың арғы жағында отыр демесеңіз, олардың барлығы да нәзік жандар ғой. Қандай әйел әдемілікті ұнатпайды дейсіз?! Таза, жинақы жүрген өздеріне де, сырттан келген адамдарға да жақсы ғой. Ал өз басым ондай алға басушылықты қолдаймын. Себебі, бұл да тәрбиенің бір түрі деп ойлаймын.

– Сотталғандар отбасыларымен кездесіп тұра ма?

– Иә, олардың көбінің отбасысы, балашағасы бар. Тіпті, екі, үш баласы бар аналар да аз емес. Олар отбасысымен қысқа, ұзақмерзімді кездесулерде және “Ашық есік күндері”, Наурыз, Отбасы күні сияқты атаулы мерекелерде де жүздесуге мүмкіндік алады. Мұндай іс-шараның барлығы бекітілген жоспарға сәйкес уақытымен жүргізіліп тұрады. Әрине, оларды әйел, ана ретінде түсінуге болады. Бостандықта қалған балаларын сағынып, әр кездесуді асыға тосады ғой. Бірақ тәртіпке бағына білу керек. Олар – бостандықта жүріп істеген қылмыстары үшін жазаларын өтеп жүргендер. Мұны естен шығаруға болмайды. Темір тордың арғы жағында өткізген әрбір күн олар үшін сабақ болады деп ойлаймыз. Және қоғамға қайта оралғанда өмірге деген көзқарастары өзгеше болар деп үміттенеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp