Жаңа отау құрған соң жастар өздерінше өмір сүре бастайды. Өз кезегінде үйдің жұмысы мен кейбір міндеттерін де бөліп алады. Өкінішке қарай, осы кезде таразы басы тең түспейді. Әрине, әйелдің міндеті көбірек болады.
Бір қарағанда мән бергісіз болғанымен, уақыт өте келе бұл үлкен мәселеге айналатын “титтей” дүние жайында оқырмандар не ойлайды екен:
Сұлу Айбергенова, 23 жаста:
– Тұрмыс құрғаныма үш жыл болды. Қазір үй жұмысына байланысты мәселенің барлығын жұбайым екеуміз бірлесіп шешеміз. Бұл – біздің ортақ үйіміз, сондықтан да менікі, сенікі деп бөле-жара қарауға болмайтын сияқты. Баланы да балабақшадан кезекпен әкелеміз.
Дана Қойшыбаева, 42 жаста:
– Қазір әйел үйдікі емес, түздікі болып кеткен сияқты. Үйдің жұмысы өз алдына біздің мойнымызда. Одан қалды, басқа да тіршілік түйткілдері бар емес пе? Өз басым тұрмысқа шыққалы жиырма жылдан асты, содан бері бәрін өзім істеп келемін. Бала тәрбиесі, үйдің тірлігі, ақша табу дегеннің барлығы өз мойнымда. Күйеуімнің тұрақты жұмысы жоқ, табатын ақшасы аз, сондықтан да оған сеніп отыра алмаймын.
Индира Ескенова, 32 жаста:
– Отбасы құрғаныма бес жыл болды. Басында еш нәрсені бөлмей, қолымыз тигенше үйдің жұмысын бірге істеп жүретінбіз. Кейін бәрі өзгеріп кетті. Қазір қарап отырсам, күйеуім жұмысқа барып келгеннен басқа еш нәрсе істемейді. Ал қалған дүниенің барлығы менің мойнымда.
Индира құрбымыз айтып отырған “басқа дүние” деген сөздің тамырын басып көрейік. Сонымен қарапайым әйелдің бір күнін алайық.
Олар, әрине, таңғы сағат жетіден тұрады. Асүйдің бірқатар жұмыстарын жайғастырып, таңғы асты да дайындап үлгереді. Содан соң баланы оятып, киіндіріп, тамақтандырып, балабақшаға апарады. Өзі де осы аралықта жұмысқа даярланып, әп-әдемі болып, уақытында жұмыс орнынан табылады. Кешкі алтыда жұмыстан шығып, балабақшаға соғып, баланы алады. Жолда дүкенге соғып нан, шайын алуды да ұмытпайды. Үйге келе сала асүйдің ханшайымына айналып кетеді. Бірер сағат ішінде үй де таза, кешкі ас та дайын бола қалады. Кешке бірер сағат балаға көңіл бөліп, ұйқыға дайындайды. Сөйтіп, түнгі он шамасында асүйді тағы жинап, ертеңгі түскі тамақты пісіріп, бәрін рет-ретімен дайындап қояды. Міне, бұл – бір күн емес, сан жылдар бойы әйел адамның істеп жүрген шаруасы. Оның арасында айтылмай қалғаны әлі қанша, бірақ ол істелмегені деп айтылған сөз емес.
Ал енді қарапайым ер адамның бір күніне көз салып көрейік.
Әрине, олардың да күнделікті күндері сағат жетіден басталады. Ұйқыдан тұрып, дайын шайды ішіп, жұмысқа кетеді. Кешкісін үйге келіп, отбасысымен бірге тамақтанып, кейін теледидар көруге жайғасады. Біреулер ертеңгі жұмысқа дайындалса, екінші біреулері футбол көргенді жақсы көреді. Міне, осымен күн ұясына батады.
Бұл жерде біз қарапайым ер мен әйел адамның бір күнін сипаттап бердік. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Үйдің жұмысын әйелге бергісіз істеп, балашағасына да тиісті көңіл бөлетін ерлеріміз аз емес. Бірақ қазіргі заманда ерлерден гөрі әйелдер көбірек ерлік танытып жүрген сияқты. Қараңызшы, бала жетектеген де, ала сөмке арқалаған да – әйелдер. Қылдай белдері қайысып, ерлерге бергісіз еңбек етіп жүрген нәзік жандарды көргенде таңғаласың. “Қайдан келген күш-жігер?”, деп ойлайсың. Әрине, әйел адам өз жұмысын әрқашан абыроймен атқарады. Үйде де, жұмыста да. Иә, жұмыстың орны бөлек. Бірақ, үй жұмысының өзі бір әйел түгіл, қырық қызға бөлгенде де көп болатынын кейбір ерлер жағы түсіне бермейді. Сондықтан да оған көз жұма қарайды. Ал шын мәнінде үйде сенікі, менікі деп бөлетін еш нәрсе жоқ. Барлығы ортақ. Ерлі-зайыпты болған соң жұптары жарасып, әр жұмысты жұмыла істеулері керек сияқты. Мұндай ауызбіршілік басқаларға үлгі, бала-шағаға өнеге болары хақ. Ендеше жұптың жарасымдығын тәрбиенің бір түрі десе болмай ма?
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан ”.