Жоламан ШАХАНОВ.
БАЖАЛАР ҚАЛЖЫҢЫ
Әйтен Тасбаев пен Мәжікен Ғаббасов – бажалар. “Малда – бота тату. Адамда – бажа тату” дегендей, екеуі жиынтойда, мерекелі күндерде бір-біріне қонаққа барып, жиі араласып жүреді екен. Бір қызығы, жастары егде тартып қалса да, екеуі бір-бірін есімдерін атамай, “бажаласып” отыратын көрінеді.
Бірде Мәжікен отбасымен Жаңажолға – Әйтен бажасының үйіне қонаққа бара қалады. Әйтен де бажасын көптен көрмегендей-ақ қуана қарсы алып, қойын сойып, қонақ қылады. Маңайындағы ағайын-туыстарының үлкендерін қалдырмай шақырады. Ас үстінде біраз қалжың айтылып, біраз әңгіменің тиегі ағытылады. Сөз арасында Мәжікен бажасына аңдаусыз Әйтеке деп қалады. Әлгі сөз құлағына оғаштау естілді ме, Әйтен аяқастынан өкпелі ашуға басып:
– “Әйің” не, “текең” не? “Әй” деп қаратып алып, “теке” деп мазақ қылғаның ба? – дейді. Сонда сөзден тосылмайтын Мәжікен: – Жастайыңнан мал баққан өзің жақсы білесің, қай өрісте болмасын бір үйір қойды серке болған ақ теке басқарып жүреді емес пе?! Сол сияқты маңайыңдағы ағайындарға өзің бас болып жүрсің. Сенің айтқаныңнан біреуі де ауытқымайды. Ендеше “Әйтеке” дегенімнің несі мін, – депті сөздің артын қалжыңға айналдырып.
– Е, ондай оймен айтсаң, жөн екен, – деп Әйтен бажасы сабасына түсіпті.
ҚАЗАҚҚА ТӘН ЕКІ АУРУ
Қазір не көп – емші көп. Кеудесіне қасық жапсырған да емші. Үшкіріп су берген де емші. Тамырыңды басып, жұлыныңды жұлқылаған да емші. Шыбын жаның үшін не істемейсің?! Ауруханаға барып, кезекте сарылғанда қымбат дәрі алып, қалтаң қағылғанда кейде осы емшілерге де барғанды жөн көреміз.
Мұнда да ауруханадағы сияқты иірілген жіптей үйірілген кезек. Тәуіптен тәуір болып кетердей емшінің есігіне телміре қарап, ұзақ отырғаның. Кезегің жетіп, ішке кірсең, емші де дәрігердей қай жерің ауырадыға басып, сауалын саумалай жөнеледі. Нағыз емші болса ауырған жеріңді дөп басып, өзі айтып бермей ме?! Жоқ, сылап-сипай бастағанда буының балбырап, бар ауруыңды қалай айтып қойғаныңды өзің де байқамай қаласың. Емшіге де керегі осы болар.
Сол емшілерің бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай:
– Ауруың асқынып кетіпті, арасын суытпай он рет келсең, құлан-таза сауығып кетесің, – деседі. Шыбын жан үшін не істемейсің? Жылы сөзбен жетектеген соң барасың. Бір барғанда қол ақысына екі жүз теңгені беруге ұятсынып, бес жүз теңгелікті қыстырып кетесің. Сөйтіп, он барғаның – бес мың теңге. Ал есік алдында өзің сықылды кезек күткен он шақты адамды көрсең, емшіге кіретін кірісті есептемей-ақ ішің сезеді.
Жә, шыбын жаның үшін бергенің садақа ғой. Бірақ сол емшілердің айтатын ауруы, қоятын диагнозы екі-ақ түрлі. “Көздігіпсің” не “тіл тиіпті” деседі. Осы орайда бір досымның айтқаны есіме түсіп тұрғаны:
– Бетім бұжыр, бойым мықыр. Асып-тасыған байлығым жоқ. Ұлан-асыр айлығым жоқ. Жетер-жетпес күн көріп жүрген пендемін. Маған қайтып тіл, көз тиеді, – деп еді ол. Сол досымның таңданғанында мән бар сияқты.
ТҮКЕҢНІҢ МҰҢЫ
Осыдан он шақты жыл бұрын бірге қызмет істеген Түкеңді көшеде кездестірдім. Бұрынғыдай жылтыраған өң, тік тұлға жоқ. Жүдеу жүзі, беттегі айқыш-ұйқыш әжім, иілген бел, имиген иек кәріліктің белгісін айқын аңғартып-ақ тұр.
– Әу, Түке, мынау түрің не, ауырып жүргеннен саумысың? – деймін.
– Е, Жүке, жүйке жұқарып, көңіл мұқалып, қуат кеткесін, кәрілік жеткесін, халдің несін сұрайсың? Оның үстіне әлгі үйдегі… – деді де, ар жағында жалғасып келе жатқан сөзін көмейіне кептеп тастады. Әңгіменің аңысын іштей сезе қойдым да:
– Үйдегі жеңгейдің халі қалай? – дедім.
– Қалай болушы еді, сол баяғы өзің көрген қалпы. “Ауру қалса да, әдет қалмайды” деген рас-ау. Баладай бая-шаялығы былай тұрсын, ырду-дырдуын, бақырып-шақыруын әлі қойған жоқ. Бір сәтке кіріп шыққан келін баланы қуырдақтай қуырып, өзіммен қырық пышақ болып қырқысып жатқаны. Бұрын анда-санда қарсыласып қалатын қауқарым бар еді, қазір ығына жүндей жығылып жүре берем.
– Ой, Түке, кезінде жігіттің төресі едіңіз…
– Айтпа деймін, жас кезімде қара басып үйленіп қалдым. “Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады” деуші еді бұрынғылар. Мен де қыз кезінде қылығын байқамаппын. Кезінде сол жеңгеңді тастай салуға коммунистік партиядан қорықтым. Өзің білесің, ол кезде әйелін тастағанды партиядан шығарып, қызметтен қуып, қым-қуыт тәлкекке салатын еді ғой. Енді ондай ой болса да, көңілге құрсау салған кәрілік мынау, амал жоқ, көнеміз де.
Ағынан ақтарылған Түкең бір кезде сағатына қарады да:
– Ой, Жүке, жеңгең айтқан уақыт бітті, үйге қайтайын, – деді. Бір кездескенде жақсы көретін інісіндей ішкі сырын жайып салған Түкеңнің артынан ұзақ қарап тұрып қалыппын.
“КЕРОСИН ҚАТҚАНДА ӘПЕРЕМ”
Шора деген құдам үйленген жылы бірер ай өтпей жатып балдызы қонаққа келсе керек. Жақсы көретін балдызын Шора да есі шығып қарсы алады. Үйіне қайтарда сол балдызы:
– Жезде, апам екеулеріңіздің орталарыңызда талай хат тасыдым ғой. Сол еңбегіме ескерткіш болсын, жақсы қол сағат әпер, – депті.
Шораның сөзге шешендігі былай тұрсын, аяқастынан тауып кететін қулығы да барды. Сол әдетіне басып:
– Е, балдызжан, сенен нені аяймын. Керосин қатқан кезде алтын сағат әперемін, – депті еркелеген балдызына. Жас балдызы сол кезде сөздің нарқына түсіне қоймаса да, жездесінің уәдесіне қуанып, үйіне қайтса керек.
Арада елу жыл өткен соң апа-жездесінің алтын тойына келген сол балдызы:
– Жезде, баяғыдағы алтын сағат әперемін деген уәдеңіз қайда? – депті. Сонда жездесі:
– Е, балдызжан, уәде орнында тұр ғой. Тек керосиннің қатпай қойғанын қарашы, – десе керек.