Жыл басынан бері облысымызда 652 өрт шығып, 309 млн. теңгенің шығынын келтірді. Өрттің салдарынан 46 адам қаза тапса, оның 10-ы – бала. Сонымен қатар 52 адам түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған.
Қызылжар ауданындағы Архангелка ауылында тұрғын үйден шыққан өрт 52 жастағы ер адам мен әйелдің өмірін қиған. Өрт мас күйінде төсекте жатып, шылым шеккеннен шыққан.
Тура осындай жағдайды Петропавл қаласындағы Киров тұйық көшесіндегі жеке үйдің қожайындары да қайталаған. Мұнда 2 ағаш кереует жанып кеткен.
Мамлют ауданының Калугино ауылынан бір жарым километр жердегі балықшылар вагоны өртке оранған. Өртенген жерде күйген адамның сүйектері табылған. Оның кім екендігін анықтау мүмкін болмаған.
Өткен аптада орын алған 5 өрт оқиғасы электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болған. Қызылжар ауданындағы Березовка, Аққайың ауданының Қиялы, Тимирязев ауданындағы Сулы стансасында орын алған тілсіз жау оқиғасында жекеменшік иелігіндегі қора-қопсы мен малдары жанып кеткен.
Пеш орнату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін дұрыс сақтамау салдарынан Петропавлдағы Позолотин көшесіндегі 4 пәтерлі тұрғын үйден шыққан өрт шатырды зақымдаған. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.
Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласында да орын алған өрт оқиғасы пештен шыққан. Онда да пешті орналастыру және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамаудың соңы тілсіз жауға ерік берген.
Пештен шығатын өрт – солтүстік өңірде ең көп тараған төтенше жағдай. Сондықтан облыс жұртшылығы өздерінің пештеріне мұқият болып, оның қабырғасының жарылған жерлерін жамап, ағартып, жалын жүретін жолдарды ыстан тазартып отырғандары ләзім.
СҚО Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі.