«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тұзақ (Әңгіме)

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Боташ ҚАЖЫМОВ.

Міне, соққы тағы да қайталанды. Әбден үрейлері ұшқан борсықтың кішкентай балалары осынау жат дыбысты естіген сайын қалш-қалш етеді. Енді қайтсін, бұрын-соңды мұндай қорқынышты жағдайға тап болып па олар? Олар түгіл жанындағы өз шешелері де сыртқа шығуға дәті бармай, інінің түбіне тығыла түседі.

Ақыры жоғарыдан естілген қатты дыбыс саябырлап, шөптің сусылдағаны шалынды құлаққа. Бірақ кәрі борсық інінен шығуға әлі де батылы бармай, сырттан естілген дыбыстың тегін емес екендігін жүрегі сезгендей.

Уақыт өте берді, борсықтың кішкентай балалары енді бір сәт тықырши бастады, манағыдай емес қорқыныштары сәл басылған сияқты. Кәрі борсық баяу жылжып іннің аузына қарай жақындады. Сөйтіп, тың тыңдады, құлағына бөгде дыбыс естіле қоймады. Оның үстіне балалары да қыңсылауды күшейтті, тегі қарындары ашқан болу керек. Ақыры борсық сыртқа шығуға бекінді. Мұрнын шүйіріп, ілгері қарай қадам басқаны сол еді, әлдене мойнына орала кеткендей болды. Онсыз да ілгері басуға дәті шыдамай, ін аузына әрең келген борсық жан дәрменмен алға қарай бар екпінмен ұмтыла беріп, шалқасынан түсті. Сол-ақ екен, тынысы тарылып, жүрегі аузына тығылды. Ышқына ыршып, тағы екі-үш қайтара ұмтылды алға. Мойнындағы тұзақ болар емес, әбден тұншықтырып, қылғындырып барады. Жалма-жан қанжардай өткір тісін тұзаққа салды, бірақ болат темірден жасалған жіңішке сым оңайлықпен көнсін бе, үзілмеді.

Енді бірер уақытта кәрі борсық қыл мойынға оралған сым тұзақтан құтылуға әрекеттенбеді де. Оның бар ойлағаны ін түбінде қыңсылап қалған қызылшақа балалары еді…

Күн көкжиекке еңкейе бергенде манағы тұзақ құрған жан да бері беттеді. Оның осылай қарай келе жатқанын көрген борсық аласұрып, тағы бір-екі рет ыршып түскенімен, темір тұзақ қылғындырып-ақ жіберді. Бұдан ештеңе шықпайтынын сезген ол енді алдыңғы екі аяғымен тырмалап, жеті қат жердің астына кіріп кетуге оқталған еді: мейлі, әйтеуір, өзін осынша күйге түсірген тірі мақұлықтың жүзін көрмесе болды…

… Борсыққа қарай атылған алғашқы кесек мұның дәл жанына дүңк ете түсіп, домалап кетті. Борсық жан дәрменмен секіріп, қара жерге қағылған қаданы шыр айнала жүгірді. Сол-ақ екен, үлкен-үлкен тастар бұған қарай қарша борады. Біреуі бүйіріне қатты тиіп, қан қақсатты. Енді біреуі артқы аяғына тиді. Үш аяқтап қаданы айнала жүгіріп жүр.

Мұнда келген тірі мақұлық өзінің терісіне қызыққанын, сол үшін мұның шыбын жанын құрбан етіп, балаларын зар еңіретіп жетім еткелі тұрғанын бұл қайдан білсін?

Үлкендеу бір тас мұны анадай жерге допша домалатып, белдеме тұсы қиралаң етті. Белін басуға жарамай қалды. Енді бұл тірі өлекседей бөксе жағын сүйретіп, алдыңғы екі аяғымен тырбануға ғана шамасы келді.

Кәрі борсықтың көз алдына ақтық рет елестегенін түбінде толассыз қыңсылаған аш күшіктері. Сол сәтте етік киген лапардай аяқ мұның басын бытыр-бытыр жаншып, қос жанарын мәңгі жапты…

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp