Петропавл қалалық Мәдениет үйінде ардагерлердің “Лейся, песня!” тобының 20 жылдығына арналған концерт өтті.
Анна КУЧЕРЕНКО,
зейнеткер.
Мерейтойлық концертте соғыс жылдарындағы патриоттық, лирикалық, халықтық әндермен қатар ауыл өмірін бейнелеп, жүрек қылын шертетін әсем әуендер шырқалды.
Ерлерден құралған хор тобының орындауындағы “Березы” әні тыңдармандардың жүрегіне жетті. Борис Захаровтың орындауында шырқалған:
“Ты же выжил, солдат,
Хоть сто раз умирал!” – деп тебірене салған әні асқан шеберлікпен орындалып, талайдың көзіне жас келтірді.
Нина Брюховецкая мен Геннадий Плотниковтың екі дауыспен шырқаған “Золотое танго” әнін қызу қол шапалақтап шығарып салған көрермен қауым Наталья Ляхова мен Борис Захаровтың орындауындағы “Солнце скрылось за горою” әнін де қошеметпен қарсы алды. Бұл дуэтпен орындалған әнде өзі сүймейтін адамға тұрмысқа кетіп бара жатқан әйелдің зарлы әуені көңілге мұң ұялатып, тыңдармандарын сілтідей тындырды.
Бұдан кейін Наталья Ляхова мен Валентина Емельянованың “Родная сторонканы” шырқаған әсем дауыстары және әйелдердің вокалдық тобының орындауындағы “Реченька” әндері алдыңғы әуеннің құшағында отырған жұртшылықты қайтадан өздеріне баурап әкетті.
Алексей Погребцовтың қалпағына гүл қыстырып алып, екпіндете салған “Ванька” әні, оның ізін ала сахнада шырқалған “И кто его знает”, “Калина красная” және тағы басқа әйгілі әндерден құрап айтқан попурри де тыңдармандарды бір серпілтіп тастады.
“Я – деревня”, “Гармошечка”, тағы басқа да әндер бір сәт әр тыңдарманды қиялға шомдырып, көз алдарына ауылдың тыныс-тіршілігін әкелсе, “Сидят на лавочке деды и бабушки и песни поют” әні бимен көмкерілді. Бұл орындалған ән залдағы көрерменді бейжай қалдырмады, тыңдармандардың ыстық ықыластары олардың шапалақ соғуы мен “Жарайсыңдар!” деген айқайларынан байқалды.
Мерейтойлық концертте “Лейся, песня!” вокалдық тобына қалалық Мәдениет үйінің атынан Құрмет грамотасы берілді. Қалалық Мәдениет бөлімі вокалдық топ мүшелеріне Алғыс хат пен олардың сахналық костюмдеріне 300 000 теңге көлемінде сыйақы табыстады.