Заманауи талаптарға сай жаңашыл ұстаз үнемі ізденіс пен зерттеу үстінде, жаңалыққа құмар, шығармашыл тұлға болуы қажет. Адам ғұмыр бойы білімін көтеріп отыруға тиіс. Мен де осы мақсатпен оқытудағы Кембридж тәсілінің негіздерін меңгеру үшін педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру курсына келіп, өзіме керекті мол ақпарат алдым.
Әсем АТЫҒАЕВА,
Рудный орта мектебінің
қазақ тілі пәнінің мұғалімі.
Бұл бағдарламаның негізгі міндеті – қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибелерін жетілдіру мен бағалауға көмектесу. Бірінші бетпе-бет кезеңінде оқытудың Кембридж тәсілі жөнінде курстағы жаттықтырушымыз Балғаным Дүйсенқызынан егжей-тегжейлі мәліметтер алдық. Аудандардан келген ұстаздар топпен жұмыс істеуге, ынтымақтастыққа үйрендік. Мектепке келген кезеңде курстан алған әдіс-тәсілдерімді бірден тәжірибеме енгіздім. Сабақтарды жеті модуль бағдарламасын енгізіп дайындадым. Соның нәтижесінде мектептегі тәжірибе кезінде оқушыларды қалай оқу керектігіне үйретуге, сыни тұрғыдан ойлауға, өз ойларын еркін жеткізе білуге баулыдым.
Білім беру үрдісінде сабақтың басталу кезеңі өте маңызды. Мұғалім сабаққа келгенде көңіл күйі көтеріңкі, күннің көзіндей сәуле шашып тұруы керек. Сабақтағы жағымды атмосфера оқушы мен мұғалімнің сапалы жұмыс жасауына көп септігін тигізеді деп ойлаймын. Сондықтан да сабақтарымды психологиялық жағымды ахуал құрудан бастадым.
Сабақтарымда “Оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану” модулін қолдандым. Қазіргі таңда ақпараттық технологиясыз оқушыларды сабаққа қызықтыру, тарту өте қиын. Заман ағымынан, ақпараттар легінен қалыс қалмау қажет деп ойлаймын.
Мектептегі тәжірибе кезеңінде диалогтік оқыту арқылы балалардың сыни тұрғыдан ойлауды дамыту саласындағы өзгерістерді байқадым. Бұрын сұрақтарыма дұрыс жауап бере алмаса, мен “жауабыңыз дұрыс емес” деп тура айтатынмын. Педагогикалық шеберлік арттыру курсынан өткеннен кейін, мен олай кесіп тастаудан бас тарттым. Өйткені, бала жауабының дұрыс емес екенін өзі түсінуі керек. Мұғалім “жауабың теріс” деген жағдайда, бала бір түрлі ыңғайсыз жағдайда қалады. Келесіде ол жауап беруге ұмтылмайды. Себебі, оның бойын “дұрыс жауап бере алмаймын” деген үрей жайлайды. Ал мұндай жағдай баланың дамуын тежейді. Жауабын дұрыс бермесе де, баланы жауап бергені үшін ғана мақтап, мадақтау қажет. Сонда баланың ынтасы артады, белсенділігі дамиды.
Педагогикалық қызметімде теориялық білімді тәжірибемен байланыстыра отырып, жан-жақты мүмкіндіктерімді ашуға Кембридж тәсілінің теориялық негіздерін енгізген “Үшінші деңгейлі даярлау жөніндегі біліктілікті арттыру курстарының” маңызы зор. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уарт “Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады” деген екен. Болашақта мен оқушылардың дамуына ықпал ететін факторларды ескере отырып, барлық шәкірттерімнің оқуда табысты болуына қол жеткізу үшін сабақтарымда Кембридж тәсілін зерделеп, жетістікке жетуді өзіме мақсат етіп қойдым. Бағдарламаның барлық жеті модулін ықпалдастыра отырып, өскелең ұрпаққа сапалы білім беріп, кәсіби шеберлігімді шыңдаймын. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тиімді пайдалана отырып, оқушыларды ізденімпаздыққа, зерттеу жұмыстарына баулығым, оларды жетістіктер мен толағай табыстарға жеткізгім келеді. Шәкірт жүрегіне жол таба білген ұстаз ғана өз ісінің нағыз шебері деп ойлаймын.
Айыртау ауданы.