«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛДАН ТҮСКЕН ҚАРАЖАТ балалар еміне жұмсалмақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Түркістан” ойын-сауық орталығында облыстық әкімдіктің қолдауымен “Улыбка” балалар қайырымдылық қоры ұйымдастырған “Балалық игілігі үшін” қайырым-дылық балы өтті. 

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған балдың мақсаты туабітті созылмалы дертке шалдыққан балалардың еміне қажетті қаржылай көмек көрсету болып табылады. Игі шараға қала тұрғындарынан бөлек, ақ халаттылар, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер, дәстүрлі дін өкілдері қатысты. Жиналғандар дертке шалдыққан жеткіншектерге шетелде ота жасату үшін азды-көпті көмек қолын созды.

6 жасар Кирилл Сухомлинов туабіткен жүрек ақауы дертіне шалдыққан. Оның жүрегіне күрделі ота қажет. Отаны түмендік кардиохирургтер жасауға дайын. Тек қаражаттың жетіспеушілігі қолбайлау болып тұр, дейді Кирилдің анасы Ольга Сухомлинова. Бұл қайырымдылық балдан түскен қаражатқа мұқтаж Кирилл ғана емес. Оның қатарласы Богдан Сапченкоға да күрделі ота қажет. Отаға қажетті қомақты соманы жинауға жас отбасылардың шамасы келмегендіктен, Балалар қайырымдылық қорының көмегіне жүгініп отырғандықтарын тілге тиек етті ата-аналары.

Қайырымдылық балдан барынша қаражат жинауды мақсат тұтқан ұйымдастырушылар келушілер арасында аукцион, ұтыс ойындарын, сурет көрмесі мен түрлі кішігірім сайыстар ұйымдастырды. Көрмеге қойылған қолөнер бұйымдарының барлығы сатылымы шығарылды. Қайырымдылық шараға жергілікті қолөнершілермен қатар, кәсіби суретшілер мен “ЮНЕСКО” клубы көркемөнер лицейінің оқушылары да қатысты. Олар аукционға өздерінің салған картиналарын ұсынған. Түскен қаражат игі шараға жұмсалмақ.

Ауқымды қайырымдылық балын өткізуге көмектескен облыстық әкімдік пен демеушілерге “Улыбка” балалар қайырымдылық қорының президенті Галина Бондаренко алғысын білдірді. Кеш соңы мерекелік концертке ұласты. Онда жергілікті көркемөнерпаздармен қатар, балға арнайы Португалия елінен келген биші Вячеслав Аладинский өнер көрсетті.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp