Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалық етуімен “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Үйлестіру кеңесіне аталмыш бағдарламаның “Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау” бағыты бойынша он кәсіпкер өтінім білдіріпті. Кеңес мүшелері бірауыздан мақұлдаған өтініштердің екеуі – полиграфиялық және баспа қызметтерін ұйымдастырушылардан, үшеуі – жолаушылар және жүк тасымалдайтындардан, екеуі – дәнді дақылдарды қабылдау, кептіру және тасымалдаумен айналысатындардан, енді біреуі жанар-жағармай сатуды табыс етіп отырған кәсіпкерден түскен.
Осы жолы назарға ерекше іліккен екі кәсіпорын болды. Олардың біріншісі – “СеверМонтажАвтоматика” ЖШС. Бұл кәсіпорын өндірісті кеңейту үшін “Дельта банк” АҚ-ның өңірлік филиалынан жылдық сыйақы мөлшерлемесі 14 пайызбен 21,5 миллион теңге несие алған. 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан серіктестік электромонтаж құрал-жабдықтарын өндірумен және энергия тарату саласы құрылысын жүргізумен айналысады. Аталмыш серіктестіктің кәсіпкерлігі қолдауға тұрарлық екендігін, тек жұмысы әртүрлі бағытта ұйымдастырылатын компанияның демеу-қаржыны нақты жұмсау бағыттары заңды болуы қажеттігін айтқан кеңес төрағасы бұл өтінішті тағы бір пысықтап, жақын арада өтетін кезекті кеңес отырысында қайта қарауды ұсынды.
Екінші өтінімді Қызылжар ауданында 2010 жылдан бері жұмыс істейтін “Загот Интер” ЖШС-і берген. Оның кәсібі – ауыл шаруашылығы өнімдерін, дәлірек айтсақ, мал мен құстың бөлшектенбеген тұтас еттерін сатып алып, бөлшектеп, сақтап, нарыққа шығару. Ол осыған дейін “Ресей жинақ банкі” АҚ-ы арқылы несие құжаттап, ол қаржыға қатты қатыратын тоңазытқыш сатып алған. Енді ісі өрге басқан кәсіпкер қызметін одан әрі кеңейту мақсатында тағы бір цех ашпақ. Жаңа нысан мал сою, бөлшектеу және қабылдау жұмыстарына қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жарақтанбақ. Кәсіпкер бұл жоспарын жүзеге асыру үшін тағы сол банкпен несие құжаттап, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алатын жермен келісім жүргізе бастаған. Серіктестік өзіндегі агроөнеркәсіп өнімінің 60 пайызын экспорттайды. Бүгіннің өзінде ол Ресей және Беларусь елдерімен қарым-қатынас орнатқан. Мемлекет “Загот Интер” ЖШС-іне үш жыл ішінде 24 миллион теңге демеуқаржы беретін болады.
Бағдарламаның экспортқа бағдарланған өндірісті қолдау бағыты бойынша кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдігін төмендету шеңберінде “DEZ” ЖШС-і де қолдау тапты. Ұн үгумен айналысатын бұл кәсіпорын өнімдерін ұдайы шетел нарығына шығарады.
Сондай-ақ “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының тәртібі бойынша осыған дейін мемлекеттің демеуқаржысына қол жеткізген кәсіпкер банк алдындағы міндеттерін дұрыс орындамай, жауапсыздық танытса, яғни банктегі негізгі қарызының төлемін 90 күннен артық мерзімге кешіктерген жағдайда демеуқаржы беру шарасы тоқтатылады. Бұл жолы “Золотые поля” мен “Zherdan” ЖШС-лері қолдау көрмейтін болды.