«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДҮНИЕНІ ДҮР СІЛКІНДІРГЕН ЖОЙҚЫН БҰЛҚЫНЫС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы республикалар арасынан әміршіл-әкімшіл жүйеге бірінші болып қарсы шыққан қазақ жастарының 1986 жылғы қозғалысы Тәуелсіздігіміздің арайлы таңына ұласты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

Нұржан Қалиасқаров атындағы “Желтоқсан” қорының төрағасы.

БАСЫЛЫМДАР ЖАРЫСА

ЖАЗҒАН ТАҚЫРЫП

Биыл ел Тәуелсіздігінің 22 жылдығы аталып өтіледі. Мемлекеттік мерекелер ішінде ең ұлығы саналатын осы күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап өтті. Біз шын мәнінде бақытты ұрпақпыз. Әлемдік қоғамдастық таныған елде өмір сүріп жатырмыз. Жүрекке жарық сәуле түсіретін, көкейге жылылық себелейтін егемендік, азаттық деген тәтті ұғымдар айтуға оңай болғанымен, оған жету жолдары тар жол, тайғақ кешуге, азапты асуларға, бейнетті белестерге толы екенін тәжірибеден жақсы білеміз. Осындайда қазақ халқының тарихында да, өмірінде де өшпес із, ұмытылмас белгі қалдырған 1986 жылғы желтоқсанның ызғарлы кешінде Мәскеудің бір орталықтан басқарған өктемдігіне бейбіт түрде қарсылық білдіргені үшін қазақтың өрімдей ұл-қыздары түрлі қуғындауға ұшырады. Небәрі 18 минутқа ғана созылған Қазақстан компартиясы орталық комитетінің шешімімен келіспеген ондаған мың студенттер мен жас жұмысшылар бұрынғы Брежнев, қазіргі Желтоқсан алаңына жиналып, ұлттық рухтың биік үлгісін көрсетті. Есімдері посткеңестік дәуірдегі демократиялық қозғалыстың “алғашқы қарлығаштары” ретінде ерекше мақтанышпен аталады. Олардың ашық наразылық білдіруіне бірінші хатшылыққа ешкім білмейтін Колбин деген біреудің халықты қорлайтындай түрде тағайындалуы түрткі болғанымен, оның арғы жағында рухани да, әлеуметтік те, экономикалық та езгіге түскен, қазақ халқын “екінші сортқа” айналдырған империялық, отаршылдық үстемдікпен жүргізілген ұлт саясатына қарсы дүниені дүр сілкіндірген жойқын бұлқыныс, есіктен төрге оза алмай, босағада қалған тіл, діл, ел мүдделері жатқан еді. Еш жазығы жоқ жастардың саяси құқы, ерік-жігері, арман-тілегі аяусыз басып-жаншылды.

Одақтық, республикалық, жергілікті баспасөз құралдары “Правда” мен “Известияға” сілтеме жасап, “араққа, есірткіге уланған, сана-сезімі төмен қазақ жастары” жайлы жарыса жазып жатты. Аталмыш басылымдардың ерекше белсенділік көрсеткен тілшілері Дильдяев, Есілбаев, Патрушевтың “Паутина”, “Цена самолюбования”, “Еще раз о старых связах” секілді мақалаларын аудандық газеттерге дейін көшіріп басты. Облыстық “Ленин туы” газеті “Алматыдан хабар” (20.12.86. №245) секілді жалпылама ақпараттармен шектелсе, “Ленинская знамя” беттерінде жастардың іс-әрекеттерін аяусыз әшкерелейтін пікірлер топтамалары ұйымдастырылды. Сондай жарияланымдардың бірі “КПСС – партия социалистического интернационализма” деп аталады. (14.01.87. №10) Онда есімі облысымызға белгілі тарихшы ағамыз Петропавл пединститутында оқитын студенттер арасында қазақ жастарының көбейіп бара жатқанын қапалана жазды. Фактілерді көпекөрінеу бұрмалап, қара күйені аямай жағуға тырысты.

Республикалық басылымдардың бірінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы З. Камалединов былай деді: “1986 жылғы декабрь оқиғаларын бүгінгі таңда қайта-қайта талдау барысында мынадай қорытындыға келесің. … адамдардың кейбір бөлігінің санасында теріс ұғым тудырып, социалистік ұлтаралық қатынастардағы интернационализм мұраттары мен қазыналарын аяққа басуға алып барып соқтырды”. Қазақстан компартиясы орталық комитеті жанындағы партия тарихы институтының директоры Б. Төлепбаев одан да асып түсті. “Мұхамеджан Тынышбаев туралы жуырда “Түрксіб” атты толық метражды фильм жасалды. Баспасөз оған мадақтау бағаларын беріп, Тынышбаев бейнесін тұңғыш темір-жолшы қазақ инженері ретінде жарнамалауға асықты.

Ал тарихи шындық мынадай. 1917 жылдың қарашасында клерикал-ұлтшылдық топтардың лидері ретінде Тынышбаев ұлтшыл контрреволюцияның тірегі және басмашы қозғалысының алғашқы саяси базасы Қоқан автономиясы үкіметінің премьері болды. Кейбіреулер, міне, осындай адамды ақтауға тырысып жүр”.

Керісінше, шетелдік басылымдар мен демократиялық күштер әміршіл-әкімшіл режімнің солақай, әпербақан, асыра сілтеу саясатын ашық айыптап, қазақ жастарына араша, сүйеніш, таяныш болуға ұмтылғанын біреу білер, біреу білмес. Ол кездері сырт түгіл ішкі шындыққа қанығу мүмкін еместі. Компартияның ақ дегені – алғыс, қара дегені қарғыс болатын. Алғашқылардың қатарында Венгрия және Польша зиялылары үн қосып, Қайрат Рысқұлбековты өлім жазасына кесуге ашық қарсылық білдірді. КСРО үкіметіне 2 рет ресми мәлімдеме жасады. “18 жастағы балаға (Қ. Рысқұлбековты айтып отыр – Ө.Е.) мұндай жазаның қолданылуы, оны советтік академиялық заң жүйесінің мақұлдауы – біз үшін ақылға сыймайтын іс. Бұл – тым асығыс әрі моральдық азғын үкім болып табылады” делінген мәлімдемеде. Оған Нобель сыйлығының лауреаты Лех Валенса сияқты беделді тұлғалар бастаған 70 адам қол қойған. Мәлімдемені “Польша Пресс Агенттігі” әлемге таратып, барша жұртты құлағдар еткен. Мажарстанда (Венгрия) 41 адам қол қойған мәлімдемеде “кеңес одағы жоғарғы кеңес төрағасы А. Громыкодан орыстар өлім жазасына кескен қазақ түркі жасына кешірім жасау” талап етілген. АҚШ-тың президенті Р. Рейган “Езілуші ұлттар” аптасына байланысты жариялаған мәлімдемеде адам құқықтары және тәуелсіздік үшін күрескен халықтар санатында қазақтарды ерекше атап көрсеткен. Батыс Германиядағы Түркі елі комитеті “Бұл студенттің қылмысы бар болса, ол азаттық пен егемендікке ұмтылыс қана, оның жанкешті әрекетінің сыр-сипаты беймәлім қалған” деген көзқарасын білдірген. КСРО басшылығы дүниежүзілік демократиялық күштермен санасуға мәжбүр болды. Өлім жазасы 20 жыл бас бостандығынан айырумен алмастырылды.

Ж.Молдағалиев, С. Зиманов, С. Шаймерденов, М. Есенәлиев, М. Шаханов, Б. Қойшыбаев, тағы басқа көрнекті ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің жастарға араша түскен ой-толғамдары қоғамдық пікірге қозғау салды.

 

ЕГЕМЕНДІ ЕЛ БОЛАМ

ДЕП ШАРҚ ҰРҒАН

Алматыдағы наразылық толқулары еліміздің басқа өңірлерін де қамтып, үлкенді-кішілі 14 қалада түрлі шерулер ұйымдастырылды. Дені күшпен, қорқытып-үркітумен таратылды. Негізгі ошағы Алматы болды. Ол заңды да. Жоғары оқу орындарының да, қазақ жастарының да, зиялы қауымның да дені осында шоғырланғандықтан, өз елінде, өз жерінде тұрса да, тілімізден, ұлттық құндылықтарымыздан айрылып, өгейліктің күнін кешу алдымен олардың арқасына аяздай бататын. Олардың Қазақстанның саяси-әлеуметтік жағдайына әбден қанық білімді, озық ойлы азаматтығына ешкім шәк келтірмейтін. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары ауыл шаруаларының кеңес өкіметіне қарсы 400-ге жақын толқулар болып, 80 мыңдай адамды қамтыған. Қолдан жасалған аштықтан, індетті аурулардан 2 миллионнан астам қазақ қырылған. 1,5 миллиондайы шетел ауып кеткен. Сталиндік репрессия кезінде 25 мың адам атылған, 120 мыңдайы итжеккенге айдалған. Тың игеру жылдары ата-бабаның тарихи қонысында 26 пайыздай ғана қалған. 16 желтоқсан күнгі Пленум көп жылдар бойы іште жасырынып келген бітеу жараның аузын ашып, отқа май құйғандай әсер етті. Бейбіт сипаттағы жиын неге қантөгіске жалғасып, көтеріліске айналып кетті деген сауал маған жиі қойылатындықтан, осы төңіректе ой қозғап көрейін. Өйткені, мектептердегі кездесулерден бір байқағаным, оқушылардың кей бөлігі жастардың алаңға шығуын Колбинді тақтан тайдыру, болмаса Қонаевты қорғау мақсат-мүддесімен байланыстырып, саяси мәніне терең бойлай бермейді.

17 желтоқсанның қас қарайған шағында алаңда тұрған жастарға алдымен қару кезенген әскер мен милиция болды. Жарлық Мәскеуден келді. Ондағылардың бойын қазақ “қойдан да жуас, момын, көнбіс, не айтсақ та, тыңдайды, орындайды, мыңқ етпейді” деген империялық астамшылық әбден дендеген еді. Ол кездері, шынын айтсақ, компартияның шешіміне қарсы шығу аждаһаның аузына түскенмен бірдей еді. Оқиғаның дәл бұлайша өрістеуін ешкім күтпеген. Горбачев, Соломенцев сияқты ұрдажық, ожар басшылар шовинистік мінездеріне басып, “нашақорлар мен маскүнемдерді” қуып-таратуға әмір етті. Сол-ақ екен, шаш ал десе, бас алатын жергілікті жандайшаптар “бассыздықты” жойып, қоғамдық тәртіпті “қалпына келтіру” мақсатымен жазалау шараларын қолданды. Милиция, Ішкі әскер жауынгерлері, “алдыңғы қатарлы” жұмысшы жасақтары сапер күректерімен, темір белдіктермен қаруландырылды. Қабаған иттерді қосып берді. Өрт сөндіретін машиналар жұмылдырылып, суық сумен атқылады. Жастар күш алып бара жатқаннан кейін Қырғызстаннан, Ресейдің 8 қаласынан арнайы әскери құрамалар жеткізілді. Алдын ала ойластырылған “Құйын” операциясы қанды қасапты бастап жіберді. Әрлі-берлі сеңдей соғылысқан жалаңаш қол мұздай қаруланған әскерге екі күн бойы қайрат көрсетіп бақты. Олардың шынайы елдік, ұлттық республика, дербес мемлекет болуға әрекеттенген үміт-армандары айуандықпен жанышталды. Толық емес мәліметтерге қарағанда, 20 мыңдай адам ұсталып, қамалған. 10 мыңға жуық адам түрлі дене жарақатын алған. 120 адам негізсіз сотталған. Рухы мықты жас ұрпақ шыбын жанын шүберекке түйіп, ашық айқасқа шықты. “Өзекті жанға – бір өлім” деп өзара серттесті, анттасты. Ақ қар қызыл қанға боялды. Лениндік ұлт саясатын қолдаған ұрандар мен плакаттар аяққа тапталды. Түрмелердегі ұрып-соғу, азаптау, оқудан, комсомолдан шығару науқандары талай жазықсыз жандарды торғайша шырылдатты.

СЫЗЫ ҚАЛДЫ СОЛ

КЕЗДЕГІ САЛҚЫННЫҢ

Желтоқсан ызғары Қызылжар өңірін де шарпыды. Солтүстікқазақстандық жерлестеріміз ел Тәуелсіздігі жолындағы жанқиярлық күресте толқулардың алғы шебінен көріне білді. Олардың дені Алматы, Қарағанды секілді іргелі қалаларда оқып жүріп, сын сағаттарда сыр бермеді. Солардың бірі – Алматы сәулет және құрылыс институтының бірінші курс студенті Нұржан Қалиасқаров оқу орны басшыларының қысымына қарамастан, жастарға қосылып, екі күн бойы алаңнан табылған. Жаппай жазалау кезінде ұсталып, ауыр соққы алған. Алматыдағы қоғамға қарсы бейберекет іс-әрекетке қатысқаны үшін “кеңестік студентке лайықсыз” деп танылып, оқудан, комсомолдан шығарылған. Кейін алған жарақаты асқынып, 1994 жылы небәрі 28 жасында қайтыс болған. Қазір ол жөнінде облыс жұртшылығы біршама құлағдар. 1996 жылдан бері оның атында қор құрылып, волейболдан еске алу турнирі өткізіліп келеді. Биыл облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының күнтізбелік іс-шаралар тізбесіне енгізіліп, 17-ші рет ұйымдастырылды. Мектептерде, кітапханаларда, колледждерде қоғамдық-саяси, тақырыптық кештер, “дөңгелек үстелдер” ұйымдастыру дәстүрі қалыптасқан. “Желтоқсан ақиқаты” республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалымен (төрағасы – Боташ Қажымов) бірлесе отырып, Желтоқсан оқиғасының тарихи, саяси мән-маңызын түсіндіруде шаралар жүйелі өткізіледі. Солардың біріне Нұржан бауырымыз оқыған Тимирязев ауданы Ақсуат мектебінде мемориалдық тақтаның орнатылуын атауға болады. Жуырда аталмыш қоғамдық ұйымдардың атынан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының жас ұрпақ бойына қазақстандық патриотизм идеясын насихаттау жоспары облыстық әкімдікке ұсынылып, қолдау тапты. Онда Петропавл көшелерінің біріне Нұржанның есімін беру, желтоқсаншылар жайлы кітап шығару, оларға арнап ескерткіш белгі қою, әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасау секілді шаралар бар. Ал Астана қаласының әкімдігі Тәуелсіздік күніне орай жергілікті қазына есебінен саяси қуғын-сүргін құрбандарына 20 мың теңге мөлшерінде бірреттік ақшалай төлем түрінде көмек көрсетуді белгілеген. Бұл мәселе бізде де қозғалып, қолдау табар деген үміттеміз.

Біз Желтоқсан оқиғасына қатысты деректер іздестіру барысында Петропавлдағы еңбекпен түзету мекемесіне 4 желтоқсаншының этаппен әкелінгенін анықтадық. Олар – атыраулық Алик Мұзафаров, жамбылдық Бақтыбек Иманғожаев, алматылық Ержан Мәлібеков және көкшетаулық Қайыргелді Күзембаев. Әрқайсысы 3,5 жылдан 14 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылып, жазаның 8 айын осында өтеген. Мекеме бастығының орынбасары Еркебұлан Бектұров дәрігерлердің қарсылығына қарамастан, олардың тұрақты ем-дом алуларына көмектескен. Бүгінде 30-ға жуық солтүстікқазақстандық желтоқсаншылар жайлы мәліметтер жинақталып қалды. Әскери қызметкер Боташ Қажымов 7 жыл бойы теперіш көрген. Әлі күнге дейін отбасысымен бір бөлмелі ескі үйде тұрып жатқан жайы бар. Оқудан шеттетілген Жамбыл ауданы Айымжан ауылының тумасы Қайрат Оспанов – қанды қырғын куәгерлерінің бірі. Боташ Дайыров, Нүркен Төлеков сотталса, Дүйсенбай Құрмашев КОКП қатарынан шығарылған. Желтоқсаншылар қатарында Дулат Ғабдуллиннің, Кәрібай Құсайыновтың, Еділ Қожабековтың, Ләззат Сапарованың, Бағдат Мұқанованың, Жанна Досполованың, тағы басқаларының есімдері құрметпен аталады.

Мұның өзі әлі толық тізім емес. Мәселен, желтоқсаншылардың бірі Ғ. Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Шұқыркөл орта мектебінде ұстаздық қызмет жасайтынын сырттай естиміз. Сондықтан газет оқырмандарынан мына телефондар арқылы хабарласып, өздері білетін желтоқсаншы жерлестеріміз жөнінде толық мағлұмат берулерін сұраймыз: 8-777-197-14-06, 50-72-50, Өмір Есқалиға.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 17 желтоқсан Демократиялық жаңару күні ретінде белгіленген. Демек, қос мереке де қазақ үшін киелі де қасиетті саналары анық.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp