«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІМНІҢ АТТЫ АРАЙЛЫ, БАҚЫТ ТАҢЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі.

Түсіме бір мұң кірді, ой, апырмай,
Жанды жеп, көзімді кеп оятындай…
Көзімді бекер ғана ілген екем,
Ұйқыны осы түнгі қоя тұрмай!

Сыр ма еді бойымда бұл жасырулы,
Аптығып, жаным неге асығулы?
Көргенім әлгі түсті анық па өзі,
Тұрғызбас алшысынан асығымды…


… Желтоқсан… Қыр бораны ұлып жатыр,
Аш бөрі қыр астында бұғып жатыр.
Жанына ешбір пенде жоламайды –
Баяғы көш бастаған, бұрын батыр.

Ұлиды әлгі аш бөрі Айға қарап,
Ақ боран сол көкжалды аймаламақ.
Барады көшін тартып, бөріге еріп,
Қорқаулар, шибөрілер сай жағалап.

Өсіпті гүл орнына көп тікенек,
Бұлт басып жарық Айды кетті кенет.
Аш бөрі адам болып шыға келді,
Бейнебір кеудесімен көк тіремек.

Беймәлім, ұшып келген қай өңірден,
Өзі екен қанды көздің, саябыр кем.
Алдында момын халық тұру керек,
Бас иіп, дастарқанын жая білген.

Басынып, бет қаратпай, үйге кірер
Әдетпен өскен екен үйреніп ол.
Қасында ұбақ-шұбақ жендеттер жүр,
Айналды жендеттерге шибөрілер.

Жендеттер ұшып келген аннан-мұннан,
Олардың пендесі жоқ сау қалдырған.
Күрекше қолдарында жалаңдайды,
Ұрғанын тек мәйітке айналдырған.

Арнайы өлтіруге үйретілген,
Ысылған, шімірікпей күйретумен.
Қолдағы күрекше де кәнігі екен –
Бас жарған, көз шығарған, шүйде тілген.

Аш бөрі жұртқа қарап алаңдағы,
Айтар сөз, жылы тілек таба алмады.

Қорғауға ұлт рухын жастар келген…
Тек ізгі ниетпенен алаң бәрі.

Қарай ма мұндай ойға жендет деген,
Ұратын күрекшемен, келдекпенен.
Бұйрықтың құлы емес пе қанды қолдар,
Жандарын ізгі ниет тербетпеген.

Шыдамай кетті жастар зобалаңға…
Бейбақ бас иықтардан домалауда.
Жендеттер тепкіледі, соққылады,
Тау болған өлік қалды сол алаңда…

Аш бөрі тұншыққандай жан қанына,
Жетпеді жұрт билемек арманына.
Қорқытып ел басқарып болмайды екен,
Жиса да шибөріні жан-жағына.

Айналмай сүт бетінде қаймағына,
Беймәлім, кетті әлемнің қай маңына?
Жоғалды сол бөріге жөн сілтеген
Арлан да қан жұқтырған маңдайына!

Кетті арлан басар жолын аңдамастан,
Қоймайды бейкүнә жұрт қарғамастан.
Анығы, арлан емес, шибөрі екен,
Маңдайға Тәңір өзі таңба басқан.

Маңдайға Тәңір біліп, таңба басқан,
Жаратпас Алла адамды таңдамастан!
Сейіліп түнгі кезең өте берді,
Әдемі, көктем болып таңға ұласқан.

Сол түсім бүгініме кеп тірелді,
Керемет асқақ болып кеттім енді.
Әлемнің асқарынан орын алған
Ардақтау асыл парыз тек бұл елді.

Асырып мәртебесін уақыт-тағы,
Елімнің атты арайлы, бақыт таңы.
Құрдасы сол қырғынның отау құрып,
Өсірген ұл-қызы – елдің жақұттары!

Көрдік қой аш бөрінің талағанын,
Сүйекке сызат салып, жаралауын.
Кешегі боздақтардың орнын басқан
Өсірген, әлпештеген балаларын
Айналып кетейінші, Аналарым!

Түсім ғой, неге сонша елеңдедім!
Белесін, ғасырлардың белеңдерін
Алатын бағындырып ақылымен
Жасасын Елбасымыз – кемеңгерім!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp