«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЛАУЛЫ ЖАСТЫК ЖАҢҒЫРЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Нұржан Қалиасқаров оқыған Ақсуат орта мектебінде орнатылатын ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына шақыру алғаннан кейін 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жерлестеріміз жайлы жинақталған мұрағатты тағы бір ақтарып шықтым. Оның сарғая бастаған тігінділерін қарай отырып, жалаулы жастықтың алаулы жаңғырығын сезінгендей күй кештім. Мұндағы тасқа басылған әр есім маған жақсы таныс, ыстық, қымбат. Індетіп іздегенде алғашқы тапқанымыз. Есіл ауданы Ақтас ауылының тумасы Боташ Дайыров болатын. ҚарМУ-дің студенті алматылық замандастарын қолдап, алаңға шыққаны үшін сотталып кете барды. Одан кейін Нүркен Төлеков жайлы деректер қолымызға тиді. Арқалық қаласындағы жастар толқуына қосылып, 3 жылға түрмеге тоғытылды. Жеңіл атлетикадан бірінші разряды бар политехникалық институттың студенті Жанна Досполова артынан қуғын түскенде желдей ескен желаяқтығының арқасында құтылған. Әйтпесе, қазақтың тағы бір қызы керзі етік тепкісінің астына түсер ме еді? Ол да оқудан қуылды. Айымжандық Қайрат Оспановтан көз жазып қалғанымызға біраз болды. Оның еңбек кітапшасында қоғамға жат іс-әрекеттерге қатысып, “совет студентіне лайықсыз қылықтар көрсеткені үшін” институттан, комсомолдан қуылды деген жазулар бар. 18 бен 22 жас аралығындағы өрімтал ұлдар мен қыздарды ата-бабаларымыз өмір бойы армандап өткен азаттықтың ақ таңы тоғыстырған болатын!

Тізімнің ұшар басында Нұржан Қалиасқаров тұр. Ол да оқудан, комсомолдан шығарылған. Келесі жылы қайтадан оқуға түскенімен, құрылыс факультетінің деканы желтоқсаншыны танып қалып, шығарып жіберген. Қайтпас қайсарлығының, мұқалмас жігерінің, оқуға деген ынта-талабының арқасында үшінші рет студент атанады. Осындай батыр оғланға жерлестері ерекше құрмет көрсетіп, төбелеріне көтерді. “Желтоқсан ақиқаты” республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы мен Нұржан Қалиасқаров атындағы “Желтоқсан” қорының мемориалдық тақта орнату жөніндегі ұсынысын аудандық әкімдік бірден қолдады. Алексей Курбанов басқаратын мұғалімдердің салтанатты шараға тыңғылықты әзірленгені бірден байқалды. Мектептің фойесіне Желтоқсан көтірілісі, оған қатысқан солтүстікқазақстандықтар жайлы мол мағлұмат беретін стенд қойылыпты. Суреттер орналастырылып, көптеген деректер келтірілген.

Салтанатты шараны аудан әкімі Еркін Сейілханов ашып, жұртшылықты ел Тәуелсіздігі мерекесімен құттықтап, 9-сынып оқушысы, “Жұлдыз” балалар ұйымының президенті Рустам Сүлеймановқа плазмалы теледидар, 11-сынып оқушысы, волейболдан облыстың 3 дүркін чемпионы, “Жоғары лиганың” қола жүлдегері, спорт шеберлігіне үміткер Валерия Гришановаға және мектеп ұжымына 10 жұп шаңғы сыйлады. Нұржанның туған-туыстары атынан сөз алған ағасы Нұрлан марқұмның ұлы Нұрсұлтанның атынан принтер тарту етті. Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Боташ Қажымовтың сөзі әсерлі шықты. Мемориалдық тақта салтанатты түрде ашылғаннан кейін жиналғандар ғылыми-теориялық конференция мен “дөңгелек үстел” мәжілісіне қатысты. Онда Нұржанның сыныптастары, мұғалімдері мен ауылдастары естелік әңгімелер айтты. Бір топ азаматқа ескерткіш ленталар тапсырылды. Жиында Нұржан жайлы сынып сағаттарын өткізу, естелік кітапша шығару жөніндегі ұсыныстар қолдау тапты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp